
Қаламгер кешегі классик жазушылардың көзін көрді. Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларымен қатар қызмет атқара жүріп, біріне сырлас дос, біріне жанашыр бауыр, енді біріне ізетті іні бола білді. «Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ахтанов сынды қайталанбас тұлғалардың қамқорлығын көрдік. Әсіресе Сырбай Мәуленовтің баласындай болдым десем, артық емес. Ол кісі маған тарту еткен кітабына «Жанымдай көретін бауырым, балама балайтын інім Серікбайға!» деп қолтаңба қалдырыпты. Сырағаңның мінезі өте қызық болатын. Адам баласын ренжітпейтін, көпке қамқор еді. Бірде Сырағаң кетіп бара жатса, артынан Бауыржан Момышұлы «Медведь, погоди!» деп айқай салыпты. Бұған қайран қалған Сырағаң: «Бауке, менің руымның аю екенін қайдан білесіз?» деп сұрайды. Сөйтсе, батыр: «Әй, сенің руыңды қайдан білем, майданда орманды жерлерде көп соғыстым, аюды көп көрдім, сенің жүрісің солардан аумайтын болған соң айтам да», деген екен. Ол кісілердің бір-біріне деген әзіл-қалжыңдары да жарасымды болатын. Әрине, Алматы – ыстық. Кешегі күндердің, қаламгер достардың, аяулы ағалардың ыстық бейнесі сағынтады. Сол қашанда жүрегіңді тебірентеді», дейді ақын.
Серікбай Оспанұлы Қостанайға 90-жылдардың соңына таман қоныс аударды. Ақынды Темірхан Үндемесов, Орал Таңжарықов, Ыбыраш Естаев сынды жомарт жүрек достары қуана қарсы алып, қаланың қақ ортасынан пәтер алып береді. Қаламгер Қостанайға келгелі де біраз шаруа атқарды. Кешегі өмірден өтіп кеткен Тобыл-Торғай өңірінің тұлғалары туралы көп дүние жазды. Ширек ғасырдан астам ғұмырын ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнады. Ыбырай жөнінде 150-ден аса мақаласы, он шақты кітабы жарық көрді.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мұрасы мен ұстаздық қызметі туралы бұрын да аз жазылған жоқ. Алайда олардың көбі партиялық саясаттың қасаң қалыбына түсіп, қатаң сүзгісінен өткен зерттеулер еді. Серікбай аға ғалым ретінде ыбырайтанудың көлеңкеде жатқан, бұрын көп айтыла қоймаған мәселелеріне терең барып, тыңнан түрен салды.
«Менің ыбырайтану жөніндегі еңбектерімнің 70 пайызы – бұрын еш жерде жарық көрмеген, еш жерде айтылмаған дүниелер. Ыбырай аз жазылған жоқ, бірақ көп зерттелмеген екен. Ыбырайдың Ыбырай болып қалыптасуына бірден-бір ықпал еткен адам – Балғожа би. Кезінде Балғожа туралы да сыңаржақ пікірлер көп айтылды. Ал шындығында, Құнанбай, Балғожа, Шыңғыс секілді тарихи тұлғалардың өзі – бір-бір мектеп. Балғожаның кейін табылған Ыбырайға жазған тағы бір хаты бар. Сол ақыл өлеңінде «Сен нашарларға қамқор бол, мұсылманшылықтың тұтқасынан айырылма, қай кезде де елдің сөзін сөйле, халықтың жағында бол», дейді.
«Алматыда ҚазМУ-да біраз жыл жұмыс істедім. Бір күні газетке қарап отырсам, Серікбай Оспанұлы «Елге қайтпай болмас деп, Жатам бір-ақ уыс боп. Алматыда достар көп, Туған жерде туыс көп», деп өлең жазыпты. Бәріміз туған жерді сағынамыз ғой, сондай сәттерде бәріміз бір-ақ уыс болып жатамыз. Туған жерге келген соң, Серікбай ағамыз іргелі ғылыми ізденіске бет бұрды. Ыбырайдың айналасын, діни көзқарасын зерттеді. Мысалы, «Сөнбес шырақ» атты еңбегінде ұлы ағартушының шыққан тегінен, ата-бабасынан, бала кезінен бастап бәрін зерттеген. Жаңа дүниелер көп. Бұл кітап ғылыми ортада жоғары бағаланды», дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, ұстаз Тілеген Ахметов.
Ақынның өнерпаздық тұлғасын толықтыра түсетін өзге қырларын көп жұрт біле бермейді. Серікбай аға – әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі ағаштан түйін түйген ұста, сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы сыршыл ақынды кейбір аузы дуалы ағалары «Торғайдың тоғыз серісі» деп атап кеткен. Белгілі жазушы-сатирик Ғұмар Ахметчин ағамыздың осылай аталатын өлеңі де бар.
Ақын тұрмысқа қажетті көп дүниені қолдан қашап, өзі жасап алады. Мысалы, үйіндегі ою-өрнегі келіскен есік, ілулі домбыра, астау, орындық, үстел тәрізді толып жатқан тұрмыстық заттардың бәрі – ақынның өз қолынан шыққан дүниелер.
«Ата-бабаларым шебер кісілер екен. Әкем, әкемнің әкесі, ол кісінің әкелері – ағашқа ұста болған. Бәрі киіз жасаған. Мұны әкем айтып отыратын. Әкем марқұм керемет шебер болды. Ауылдағы мектептің есік-көсігін, партасын жасап беретін. Қолым қалт еткенде мен де ағаш жонып, ұсталық етуді жақсы көремін. Содан кәдімгідей демалып, сергіп, тынығып қаламын. Домбыра, бесік, үлкен кісілер таянатын таяқ жасаймын», дейді ақын.
Серікбай Оспанұлының сазгерлік өнері бар екенін көп адам біле қоймайды. Ақынның өз жанынан шығарған 36 әні бар. Көпшілік көңілінен шыққан «Тобыл ағады», «Туған жердің самалы-ай», «Шилі», «Қоңыр гүл», «Дүлдүл дүние-ай» әндері бүгінде Қостанай, Торғай арасындағы жиын-тойларда жиі айтылып жүр.
Автордың «Ақындар әлемі» атты кітабы қаламгер бойында кездесетін сирек қасиеттер мен жалпы ақындық әлемнің тылсымына жетелейтін қызықты мағлұматқа толы. Қазақ қаламгерлері арасындағы бауырмалдық, достық турасында тартымды ой қозғап, өшпес естелік қалдырған.
«Қасым мен Сырбайдың достығы қандай ғажап! Мысалы, Сырбай ұлына Қасымның есімін, қызына Қасымның жары Сақыпжамалдың атын қойған. Міне, достықты қадірлеу, досты құрметтеу дегеннің үлгісі осы. Бұл кітабымда өзім көрген-білген осындай дүниелер көп», дейді Серікбай аға.
Ақын жайшылықта ақкөңіл, сырт көзге жұмсақ көрінгенімен, жазу үстеліне отырғанда, бап таңдағыш, кірпияз болып кетеді. Қаламды да таңдап, талғап ұстайды.
«Сырағаңа жәрдемдесіп тұратынмын. Дайын қолжазбаларын оқимын. Кейде таудай болып үйіліп қалады. Соларды іріктеп беретінмін. Сондайда Сырағаң маған қалам сыйлай беретін. «Құдай-ау, арзан дүниелер ғой, мұны маған несіне бере береді» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол кісі ырым етіп, кілең өзі жазып жүрген қаламын береді екен. Бүгінге дейін сол Сырбай берген қаламмен жазсам, өлеңдерім жақсы шығатындай болып тұрады. Сырбай жазған қаламдарды әлі күнге дейін сақтап жүрмін», дейді ақын.
1974 жылы композитор Алтынбек Қоразбаевтың әніне жазылған «Сағындым Алматымды» әні бүгінде әлемнің әр түкпірінде жүрген қаяулы қандастарымыздың атамекенге деген сағыныш шөлін басатын аяулы әнге айналды. Әннің жазылу тарихы талай айтылып жүр.
«Алтынбек Қоразбаев Жамбылда бір ансамбль құрып, Алматыға «Алтыбақан» деген хабарға келіпті. Ол жерде сол өзі жаңа шығарған «Сағындым Алматымды» әні айтылуы керек екен. Тақырыбы қойылған, бірақ сөзі көңілінен шықпай жүр екен. Содан Қазақ радиосында қызмет ететін композитор Әнуар Бекжановқа хабарласып, әнге сөз жазып беретін ақын бар ма деп сұрайды. Әнуар мені жақсы біледі, радиода бірге қызмет істейміз, бірден маған қолқа салды. Мен осы өлеңді жазып бердім», дейді Серікбай аға.
Қаламгердің «Ақындар әлемі» жинағында Абдолла, Нұртуған, Нұржан, Мағжан, Файзолла сынды қазақ ақындарының көріпкелдік, әулиелік қасиеттері баян етіледі. Мұндай ішкі түйсік, ақындық интуиция Серікбай шығармашылығына да тән. Алматы – ақынның қызық-қуанышқа толы жастық шағының, ақ қардай алғаусыз көңілі мен кіршіксіз мөп-мөлдір болмысына куә болған шаһар. Осы бір аяулы қала ғұмырының қарттық кезеңінде салқар сағынышқа айналатынын ақын сонау 29 жасында-ақ жүрегімен сезіп, жырымен кестелеп кеткен тәрізді.
Қостанай облысы