Қоғам • Кеше

«Қазпоштада» жазылушы күні өтті

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақпарат ағынының қарқынды жылдамдығына қарамастан, баспасөздің мән-маңызы жоғалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», деп шегелеп берген болатын. Осыған орай Астана қаласындағы «Қазпошта» филиалында 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жазылу науқанының басталуына байланысты «Жазылушы күні» атты іс-шара ұйымдастырылды. Жиын республикалық және өңірлік басылым өкілдерінің, жазылушылардың, пошта қызметкерлері мен елорда тұрғындарының басын біріктірді.

«Қазпоштада» жазылушы күні өтті

Фото: Игорь Бургандинов

«Қазпоштаның» басқарушы директоры Дәулет Бекманов іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, пошта қызметінің жаңа бастамалары туралы сөз сөйледі.

«Отыз жылдан астам уақыт ішінде бір миллиардтан астам газет-журнал жеткізіп, оқырмандарымыздың ақпараттық-танымдық қажеттілігін өтеуге қызмет етіп келеміз. Біздің пошташылар жыл сайын мыңдаған шақырым жол жүріп, жазылушыларға басылымдарды жеткізеді. Ал сұрыптаушылардың қолынан күн сайын ондаған мың газет-журнал өтеді. Қазір біз ел азаматтарына қолайлы болуы үшін «Қазпоштаның» жазылу және жеткізу қызметін барынша цифрландыруға күш салып жатырмыз», деді пошта директоры.

газет

Осы мәселе төңірегінде толығырақ білу үшін  «Қазпошта» компаниясының мерзімді баспасөзді басқару департаментінің директоры Ботакөз Абықанованы сөзге тарттық. Оның айтуынша, Kazpost қосымшасын қолданып, мерзімді басылымдарға жазылатын оқырмандар көбейіп келеді.

«Kazpost қосымшасы арқылы жазылу – барынша ыңғайлы және жылдам. Енді азаматтарымыз басылымға бір ғана минутта жазыла алады. Бұл өзгеріс жазылушылардың уақытын үнемдейді әрі қызмет көрсету сапасын арттырады. Сонымен қатар,  біз газет-журналдарға да жүктерге мөрленетін штрих код енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл штрих код газеттің қай нүктеде келе жатқанын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Яғни жазылушы тапсырыс берген газет-журналдың қай нүктеге тоқтағанын анық біліп отырады. Бұл ашықтық пошта қызметін барынша айқын әрі сенімді етеді. Сонымен қатар, бұл жаңа жүйе пошта қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырып, қызмет көрсету үдерісін оңтайландырады», деді Б. Абықанова.

Сөзінен аңғарғанымыздай қазір «Қазпошта» оқырмандармен байланысын арттыруға барын салып жатыр. Соған орай осы-күні газет-журналға жазылған алғашқы он оқырманға арнаулы сыйлықтар табыс етілді. Жұлдызы жанған сондай оқырмандардың бірі – Мейірбек Мейрамбеков. Өзі жас жігіт. «Литер» газетінің тұрақты оқырманы екен. Әдетте газет-журнал оқырмандары қартайып бара жатыр деген сөзді жиі естиіміз. Ал бұл кейіпкеріміз баспасөзбен бала кезінен дос.

«Бұл әдетті менің анам қалыптастырды. Ол кісі «Айгөлек», «Балдырған», «Ақ желкен» сынды журналдарды үнемі алдырып отырды. Сол себепті күнделікті өмірде сараптан өткен, жан-жақтан тексерілген ақпараттарды оқуға дағдыландым», дейді ол.

Сонымен қатар біз одан басылымға жазылу үдерісінің жеңілдегені қаншалықты байқалатынын сұрап көрдік.

«Газет-журналға жазылудың қарқынды түрде цифрланып келе жатқаны анық аңғарылады. «Қазпошта» бұл тұста жақсы креативті бастамалар жасауға талпынып жатыр. Алайда бұл жобалардың өткенінен көпшілік қауым хабарсыз болып қалады. Менің өзім бұл іс-шараның өтетінін журналист таныстарым арқылы естіп білдім. Сол себепті «Қазпошта» бүгінгідей игілікті жобаларын халық көп  жүретін жерлерде насихаттап, газет-журнал оқуды ашық-жарқын жарнамаласа екен деген тілегіміз бар», деп ұсынысын білдірді М. Мейрамбаев.

газет

Жиын соңында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасарлары Виктор Пряников пен Қамбар Ахмет, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы бастаған басылым басшылары биылғы жылы үлкен еңбек сіңіріп «Үздік пошташы», «Үздік оператор» және «Үздік сұрыптаушы» номинациясына ие болған қызметкерлерге құттықтау грамоталарын табыстады.