Үкімет • Кеше

Басты міндет – сапалы қызмет

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. Сондай-ақ құрылыс саласын цифрландыру мен қала құрылысы кадастры мәселесі талқыланды.

Басты міндет – сапалы қызмет

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысы

2023 жылдан бастап Прези­дент тапсырмасына орай «Ауыл­дық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Бірінші кезекте – ауылдық елді мекендер­де меди­циналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарының жаңадан 655 нысанның салынуын қамтамасыз ету. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бүгінде 467 нысанның құрылысы толық аяқталды.

«Осылай 80 мыңнан астам азамат қосымша медициналық көмекке қол жеткізді. Бұл шара ауыл тұрғындарына қосымша 456 күндізгі стационар төсектік орнын орналастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 174 медицина қызметкері дайындалып, елді мекендерде қызмет көрсетуге жіберілді», деді министр.

Оның сөзіне зер салсақ, барлық 655 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде, шамамен 1 млн-ға жуық ауыл тұрғыны қолжетімді меди­циналық-санитарлық алғашқы көмекпен қамтылады. 

«Ұлттық жобаның келесі міндеті – ауыл тұрғындарына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету. Бұл міндетті жүзеге асыру мақсатында құрамында жоғары технологиялық медициналық қондырғымен жабдық­талған мамандандырылған бөлімшесі бар заманауи 32 көпбейінді орта­лық аудандық аурухана­ның ашылуы көзделіп отыр. Осы міндетті іске асыру бары­сында 6 көпбейінді орта­лық аудандық аурухана­ның (Түркістан – 3, ШҚО – 1, СҚО – 1, Қарағанды – 1) құрылыс жұ­мысы аяқталды. Нәтижесінде, инсульт орталықтары, хирургия, травматология мен перзент­хана бөлімшелері іске қосылды», деді сала басшысы.

Бұл ретте барлық көпбейін­ді орта­лық аудандық аурухана­ларға арнайы маманданды­рыл­ған медициналық техникалар жеткізілді. «Алтын уақыт» қағидасы бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында барлық көпбейін­ді орталық аудандық ауруханалар жоғары технологиялық медициналық техникамен (КТ, МРТ, ангиографтар) қамтама­сыз етіледі. Осы жылдың соңына дейін тағы 12 көпбейінді орталық аудандық аурухананы пайдалануға беру жоспарланыпты. Оған 98 медицина қызметкерін даярлап жіберу көзделген.

Үкімет басшысы аталған жоба ауылдық жердегі медициналық көмекті қолжетімді етуде бір­қатар кешенді проблеманы шешуге ықпал ететінін айтты. Яғни әрбір азамат өзінің тұр­ғы­лықты жерінде шұғыл көмекке қол жеткізе алады. Әрі заманауи құрал-жабдық есебінен медициналық қызметтің сапасы жақсарады.

«Үкімет тарапынан алғаш­қы медици­налық-санитарлық көмек объекті­лерін салуға рес­публикалық бюджеттен шамамен 120 млрд теңге, ал аудандық ауруханаларды қайта жаңғырту­ға 31 млрд теңгеден астам қара­жат бөлінді. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша заң­сыз иемденілген активтерді қай­тару есебінен толықтырылып жат­қан Арнаулы мемлекеттік қор­дың қаражаты да ұлттық жобаны іске асыруға ажыратылды», деді О.Бектенов.

Премьер-министрдің айтуын­ша, 145 алғашқы көмек нысаны мен 13 ауданаралық аурухана құрылысына 31 млрд теңгеден астам қаражат салынды. Бүгінде бес өңірде, яғни Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облысында тиісті нысандар құрылысы толығымен аяқталды. Қалған өңірлерде белгілі бір тәуекелдер бар.

«Мемлекет басшысы Үкімет­тің кеңейтілген отырысын­да құрылыс қарқынын арттыру, әсіресе жобалық құжатта­маны дайындау рәсімі мен меди­ци­налық құралдармен жабдықтау мәселесін жеделдету қажет екенін айтты. Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облысында құрылыс қарқыны тым баяу. Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу мен Шығыс Қазақстан об­лысында осы күнге де­йін 6 ны­санға жобалық құжат­тама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысында 8 жобаға мемлекеттік сараптама дайын емес», деді Премьер-министр.

Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау мен құрылыс жұмысына бақылаудың кемшін болуы Ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Нысанды уақтылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек екенін ескерткен Үкімет басшысы нақты тапсырмалар берді.

 

Құрылыс саласын цифрландыру ісі

Бүгінде құрылыс саласында бірың­ғай цифрлық экожүйені құру үшін ауқым­ды трансформациялау ісі жүзеге асырылып жатыр. Ол жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі  құрылыс объектісінің барлық өмірлік циклін қамтиды. Құрылыс нысанының өмірлік циклінің әрбір кезеңі негізгі бизнес-үдерістерді жоспарлау (АИС ГГК), жобалау мен сараптама (E-PSD), сондай-ақ құрылыс (eQyrylys) ақпараттық жүйесіне интеграциялау есебінен автоматтандырылады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жасанды интел­лектіні пайдалана отырып, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жос­парлау жобасын іске асырудан кейінгі бақылау технология­сын қанатқақты жоба ретінде  жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни елді мекендердің аумағын қарау кезінде компьютердің мүмкін­дігін қолдану шарасы көзделген.

Премьер-министр құры­лыс секторы – Қазақстан эко­но­мика­сындағы жетекші салалардың бірі екенін еске салды. Сөйтіп, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша құрылыс жұмысының көлемі 1 трлн теңгеден асып түскеніне тоқталды.

«Бұл өткен жылдың сәй­кес ке­­зеңі­мен салыстырғанда 17%-ға жо­ғары. 3,7 млн шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­ді. Былтырғы көрсеткіштен 7,5%-ға артық. Еліміздің көп өңірінде құрылыс жұмысының қарқыны арта түскені бай­қалады. Бұдан саланың орнықты дамуын көруге болады», деді Үкімет басшысы.

Жалпы, құрылыс секторы елдің инф­рақұрылымдық негізін қалыптастырады. Көп жұмыс орнын құрып, бизнестің дамуына және азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, осы салада цифрлық шешімдерді енгізу құрылыс жобаларын іске асыру мерзімін едәуір қысқартуға, шығындарды айтарлықтай азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша кемітуге мүмкіндік береді.

«Объектілерді үш өлшемді модельдеу, цифрлық қала құрылысы кадастрлары, жобаны келісудің электрондық платформасы сияқты технология мен картография жүйелерін интеграциялау құрылыс саласында қалыпты нормаға айналып келеді. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын, «eQurylys» порталы мен Ақпараттық моделдер банкін енгізе отырып, біз қағаз жүзіндегі құжат айналымынан түпкілікті цифрлық үдеріске көшіреміз», деді Үкімет басшысы.

Бүгінде инженерлік инфра­құры­лымның 90%-дан астамы цифрландырылды. Рұқсат құжатын беру мен жобаны келісу­ге мемлекеттік қызметті авто­маттандыру іске қосылды. «eGov» порталы арқылы қол жеткізуге болатын үлестік құрылыстың бірыңғай тізілімі құрылды. Енді осы жылдың соңына дейін Бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Ол құрылыс сала­сының қолданыстағы барлық порталдарын бірыңғай платформада интеграциялайды.