Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Теория мен тәжірибе тоғысы

100 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еңбек нарығындағы ахуалды статистикаға, зерт­­­теулерге қарап болжағанмен, дәлме-дәл есе­бін шы­ғару қиын. Жұмысшы мамандығын игер­ген жастардың бір бөлігі екі қолға бір күрек тап­пай сенделіп жүрсе, жұмыс беру­шілер маман тапшы деп дабыл қағудан жа­лық­­пайды. Бір қарағанда, қалыптасқан жағ­­дай­дың қай­шы тұстары көп. Екінші жа­ғынан, мәселе оқыған маманның емес, шын білікті маманның тап­шылығына тіреліп тұр­ғанын аңғару қиын емес.

Теория мен тәжірибе тоғысы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елдегі кәсіптік-техникалық колледж­дер мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сұранысқа ие мамандықтарды тегін оқы­тады. Мемлекет ұсынып отыр­ған мүм­кіндікті пайдаланып, білім алған жастар бәсекеге қабілетті болып, еңбек нары­ғында өз орнын табуға тиіс. Сол тұрғы­да кәсіптік-техникалық білім беретін ұйым­дар теориялық дәрістерден бөлек, өндіріс­тік тәжірибеге көп көңіл бөледі. Кәсіпорындармен бірлесіп, өңірдің өндіріс­тік әлеуетіне қарай, сұранысқа сай маман даярлауға бағыт ұстауға тырысады.

Астана қалалық кәсіптік-техникалық колледжіне арнайы барғанымызда алдымен жас шеберлерді шыңдайтын тәжірибе сабақтарының барысын бақылауға ден қойдық. Бізді қарсы алған колледждің өндірістік оқыту шебері Олжас Оспанов студенттердің тек бір ауысымда оқитынын айтты. Түстен кейінгі уақытта білім алушылар өндірістік базадағы техникаларды, машина бөлшектерін шашып-жинап, мамандыққа машықтанады екен. Бірден сол тәжірибе сабақтары өтетін орталыққа беттедік.

п

Колледж техникалық бағытта жұмыс­шы мамандарды даярлауға басымдық береді. Оның ішінде ақпараттық жүйе­­лер технигі, электр жабдықтары, дәнекер­леу ісі, тігін өндірісі мен киімдерді үлгілеу, ғимараттар,  құрылыстарды салу мен пайдалану сынды сұранысқа ие мамандықтар бар. Жеңіл көліктермен қатар, құрылысқа қажетті көліктерді жөндеп, қызмет көрсететін бір емес, төрт түрлі біліктілік алуға болады. Әр мамандықтың тәжірибе өтетін кабинеттері арнайы бейімделіп жасақталған. Мысалы, техник-механиктер сабақ өтетін бірінші кабинетте ауыр көлік пен жеңіл автокөліктің кабиналары орналасқан. Студенттер сыртта көлік жүргізбес бұрын осы кабинада жаттығады. Теорияда жиған білімін бірден тәжірибеде байқап көреді. Көлік жөндеуге қатысты маман­дықтарда оқитын студенттер түгел­дей көлік басқаруды қатар меңгереді.

Екінші есікке беттегенімізде фронтальды тиегіш көлігі бірден көзге түсті. Бұл көлік түрі қар күреуге, жүк тасуға, ауыл шаруашылығындағы көптеген жұмысқа таптырмайды. Осы маңда түрлі тиегіш техникалардың қозғалтқыштары тізілген. Көліктің барлық дерлік бөлшегінің макеті бар. Кең шеберхана ішіндегі техникаларға көз сүзіп өткен соң, студенттерге жол құрылыс машиналары бойынша өндірістік тәжірибеден сабақ беретін өндірістік оқыту шебері Әлімхан Хафизұлымен кездесіп, аз-кем пікірлестік.

р

– Шеберханаға автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану мамандығында оқитын жол-құрылыс машиналарының машинисі, техник-механик біліктілігін алатын мамандықтың студенттері келеді. Студенттер оқу жылы­ның соңына дейін теориялық біліммен шектелсе, жыл соңындағы бір айлық тәжірибеде әлгі дәрістерде оқығанын еске түсіре қоюы екіталай. Сондықтан қазір фронтальды тиегішті оқытып жатып, бірден техниканың өзін көрсетіп, бөлшектерімен таныстырамыз. Көліктің қозғалтқыштарын, шлангтарын, гидравликалық жүйесін, бәрі-бәрін қолмен ұстап көреді. Кейбір бөлшектерін ауыстырады. Осылайша, студент тиегіш көліктің, бульдозердің, экскаватор, автогрейдер, кран сынды машинаның 18 түрін біліп шығады. Себебі жол құрылысына қажетті 18 түрлі көлік әртүрлі қызмет атқарғанымен қозғалтқыштары, гидро жүйесі, трансмиссиясы бірдей. Еңбек нарығында осы көліктерді пайдалана алатын мамандарға сұраныс қашанда жоғары. Оқуын аяқтап, қазір тәп-тәуір жалақыға жұмыс істеп жүрген түлектеріміз көп. Мысалы, тиегіш көлік басқаратын Ерназ Талғатұлы деген баламыз жуырда 1,5 млн жалақыға жұмысқа орналасты. Талаптанған балалар колледжден кейін жұмыссыз қалмайды, – дейді ол.

Колледждегі барлық дерлік мамандық­та студенттер дуалды оқытудың игілігін көреді. Мұндай мүмкіндік тек жол құры­лыс машиналарында оқитын жастарға ғана жасалмапты. Себебі тиегіш техниканы тізгіндеу жеңіл емес. Тіпті мекемелер өнді­рістік тәжірибеге барған жастардың өзіне құны қымбат техниканы басқартуға жүрексінеді.

о

– Келер оқу жылында дуалды оқытуды осы мамандыққа енгізуге тырысамыз. Әзірге өзіміздің техникалар да салаға білікті маман даярлауға жарап тұр. Қазір колледжде фронтальды тиегіштен бөлек, экскаватор, бульдозер сынды 3 техника бар. Фронтальды тиегішті 2019 жылы сатып алдық. Осы тиегіш көліктердің генератор мен стартерін диагностикадан өткізетін стендіміз де бар. Балалардың өздері күнделікті техниканың бабын кел­тіреді. Таңертең суы, майынан бастап тү­гел тексерген соң, далаға шығып жұмыс істей­ді, – деген Ә.Хафизұлы оқуда теориямен қатар тәжірибеге басымдық беретінін айтты.

Құрылысқа, ауыл шаруашылығына, жол жөндеуге, қала тазалағанға таптырмайтын көліктерді басқарып, қызмет көрсетуге үйрететін мамандықпен танысқан соң, есігі айқара ашық тұрған кабинетке бас сұқтық. Мұнда автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығында автокөлік электр жабдықтарын жөндеуші электрик, техник-механик бағытын игеретін студенттер тәжірибе сабақтарын өтеді. Колледждің техникалық жабдықтарын таныстырып жүрген өндірістік оқыту шебері Олжас Оспанов осы пәндерден сабақ береді. Мұнда жеңіл көліктің барлық бөлшегі бар. «Volkswagen Passat B6» моделінің толық электрикасы жасалған. Оның қа­сын­да инжекторлы қозғалтқыш жүйесі, одан басқа да небір ұсақ-түйек тұр. Оқу орнының өндірістік сабаққа таптырмайтын техникалық жабдықтары осы кабинетпен шектелсе керек деп топшылап тұр едік, Олжас тағы бір кең шеберханаға бастады.

ж

Нысанның ішкі көрінісі көлікті техникалық байқау орталықтарынан (СТО) аумайды. Небір түрлі көліктің қоз­ғалт­­қыштары, автомат қораптар, меха­никалық қораптар, стартерлердің санынан жаңыласың. Мұнда студенттер автомобиль бөлшектерін толығымен шашып, қайта жинап шығуды үйренеді. Әріректе, колледж­ден тіке сыртқа шығатын биік дарбазаға жақын гибрид және қозғалтқышпен жұмыс істейтін «Toyota Prius» көлігі тұр. Сол маңнан көліктің дөңгелегін алмастыруға арналған орынды байқадық. Студенттер кейде басшылықтың рұқсатымен ғана осында көліктердің дөңгелегін ақыға ауыстырып беретін көрінеді. Кей-кейде көліктерге компью­терлік диагностика жасайды. Түс­кен қаражатты колледждің керек-жара­ғына жұмсайды. Қысқасы, әу баста шеберхананы техникалық байқау орталығына ұқсатқанымыз тегін емес екен. «Келешекте көлік көтеретін құрылғылар алсақ, көліктің моторын да ақылы жөндеуге мүмкіндік бар», дейді О.Оспанов.

Шеберханаға кірген бойда қаптаған техни­калардың арасында, өзімен-өзі көліктің бөлшегін жинап жатқан азаматты көргенбіз. Жақынырақ барып сұрастырсақ, колледждің бірінші курсында техник-механик бағытында білім алатын Әлиасқар Мұхамбетжан есімді студент екен. Жасы 16-да, «Kia Optima» көлігінің 2,4 қозғалтқышты 4 цилиндрлі, 16 клапанды үлгісін бөлшек­теп, қайта жинап жатқанын айтты. Кәсіптік-техникалық мамандықтардың студенттері бақ сынайтын  «Worldskills» байқауына қатысып қана қоймай, топ жарғысы келеді. Бізді қызықтырғаны, студенттің жарысқа біреудің нұсқауымен емес, өзімен-өзі дайындалғаны.

п

– «Worldskills» байқауы кәсіптік-техни­калық бағытта білім алатын талай жастың мамандыққа қызығушылығын оятты. Бай­қаудың қалалық, республикалық кезеңінен өткендер шетелге шығуға мүм­кіндік алды. Мысалы, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша жарысқа қатысатын техник-механиктер көліктің моторын уақытқа шашып, қайта жинайды. Осыған қоса көліктің қорабын жинап, диагностика жасайды. Стендте көліктің ақауын табу керек деген тағы бір тапсырма болады. Байқаудың талабы жоғары. Шарттары «мен» деген шеберлердің өзіне қиын. Жарыстарға үздіктердің үздігі қатысса, басқа студенттер осында тәжірибе жинап, болашағын таңдаған мамандығымен байланыстыруға тырысады. Мысалы, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пай­далану мамандығында оқитын студенттердің ішінде дуалды оқытудың мүмкіндігін пайдаланып жүргендер аз емес. Олар оқу жоспарына сай 40% теория оқыса, 60% тәжірибе арқылы шыңдалады. Санжар Халел деген шәкіртіміз техник-механик бағытында оқиды. Дуалды оқытудың мүмкіндігін пайдалып жүрген 2-курс сту­ден­тінің көлік электрикасын жөндейтін өз шеберханасы бар, – деп сөзін жалғаған Ол­жас, жас та болса, сабақ­тан тыс уақытта ең­бек­теніп жүрген студентпен таныстырды.

– Оқуға түскен жылы қаладағы техни­калық байқау орталықтарының біріне бас сұғып, мамандықты меңгергім келетінін, тегін жұмыс істеуге дайын екенімді айттым. Түске дейін колледжге, түстен кейін жұмысқа асығатынмын. Әлі де солай. Айына бірер мәрте қомақты ақшасы бар тапсырыс түссе, жол-пұлға болар-болмас ақша алатынмын. Қазір көлік жөндейтін орталықтың бірінен өзіме орын сайлап, сол жерде жұмыс істеп жүрмін. Қатарлас студенттер елдегі ірі көлік компанияларында өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейін сонда жұмысқа қалып жатқандар бар. Бірақ маған әзірге ірі компанияға жұмысшы болып жалданып барғаннан өз алдыма жұмыс істегенім тиімді секілді. Басқасын оқу бітірген соң көре жатармыз, – дейді Санжар Халел.

д

Болашақты озық технологияларсыз елес­тету мүмкін емес. Он жылдың көлемінде электрлі көліктер көбейсе, оларды жөндеуге сапалы маман қажет. Оған дейін кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер де электрлі көлік мамандарын даярлауға ден қойып қалар. Біз барған колледждегі мұғалімдер қай салада сұраныс болса, соған бейімдеп маман даярлауға дайын екенін айтты. Оның ішінде жоғарыда айтқандай, электрлі көлікті жөндейтін мамандар да бар.