Табиғат • Бүгін, 09:26

Қазақстанға амур жолбарыстары әкелінетін болды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары шеңберінде Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу және бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына екі елдің экология және табиғи ресурстар министрлері - Ерлан Нысанбаев пен Александр Козлов қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанға амур жолбарыстары әкелінетін болды

Фото: Ашық дереккөз

Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын (екі аталық және екі аналық) өтеусіз береді. Жануарлар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жеткізіледі.

Айта кетелік, 2018 жылы құрылған «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында Қазақстанға алғаш Нидерландыдан әкелінген амур жолбарыстары мекендейді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жолбарысты Қазақстанға қайта енгізу идеясының ғылыми және тарихи негізі бар. 2009 жылы халықаралық биологтар тобы (Driscoll және басқалар, 2009) жүргізген генетикалық зерттеулер нәтижесінде жойылып кеткен тұран жолбарысы мен қазіргі амур жолбарысының ДНҚ ұқсастығы дәлелденді. Бұл жаңалық жоғалған популяцияны қалпына келтіру жұмыстарына бастау болуға мүмкіндік берді.

Ресей тарапы ветеринариялық дайындық пен тасымалдауды қамтамасыз етсе, Қазақстан тарапы қарсы алу, орналастыру және мониторинг жүргізу жұмыстарын атқарады. Жоба WWF және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылады.

Бағдарламаның табысты іске асырылуы Қазақстанды жолбарыс жойылып кеткен өңірге оны қайта енгізе алған алғашқы елдердің біріне айналдырады.