
Фотолар: Т.Таныбаев.
Форумға Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Вьетнам, Куба, Моңғолия, Сербия, Словакия және басқа да елдердің Парламент делегациялары қатысты.
Қорытынды сессия Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қатысуымен өтті.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат шежіресіндегі ең қайғылы оқиғаның бірі ретінде көпұлтты Қазақстанның ортақ тарихының бір бөлігі болып қалғанын атап өтті.
– Біз осынау қасиетті жерде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл Жеңіс – дүниежүзілік маңызы зор тарихи оқиға. Соғысты, қаһармандарды, олардың ерлігін мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды» деген сөзіне назар аударғым келеді, – деді Мәжіліс спикері.
Ол сондай-ақ аталған мерейтойға орай Қазақстан бойынша екі мыңға жуық еске алу, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және басқа да іс-шаралар өткізілетінін айтты. Астанадағы әскери шеру ең ауқымды оқиға болмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде бес жүзден астам көшеге соғысқа қатысқан жергілікті қаһармандардың есімі беріледі.
Ерлан Қошанов соғыс жылдарында Қазақстанда барлық майданда шайқасқан ондаған әскери бөлім құрылғанын айтты. Жалпы майданға Қазақстаннан 1,7 миллионнан астам адам аттанды. Бұл сол кездегі республика халқының төрттен бір бөлігі болатын. Олардың жартысынан астамы ұрыс алаңынан оралмады, 500-і Кеңес Одағының Батыры атағын алды, 100-ден астамы Даңқ орденінің толық кавалері болды. Ал төртеуі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Мәжіліс спикері Сталинград майданында – Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ірі әрі қантөгісті ұрыстардың бірінде үш жүз мыңнан астам Қазақстаннан аттанған жауынгер ерлікпен шайқасқанын еске салды. Солардың төртеуі – Нұркен Әбдіров, Қарсыбай Сыпатаев, Тимофей Позолотин, Ғаяз Рамаев Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған.
Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Мамаев қорғанындағы еске алу іс-шараларына қатысты. Мұнда депутаттар Сталинград қорғанысы кезінде ерлікпен шайқасқан Қазақстан жауынгерлеріне арналған ескерткішке және 1942 жылы желтоқсанда 23 жасында шайқаста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры әскери ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.
«Сталинград шайқасы» музей-панорамасын аралау кезінде Ерлан Қошанов Мәжіліс атынан музейге Нұркен Әбдіровтің туған жері Қарағандыда орнатылған ескерткішінің шағын көшірмесін сыйға тартты.
Сондай-ақ Қазақстан депутаттары форумның панельдік сессияларына және Батырлар аллеясындағы Мәңгілік алау жағу рәсіміне қатысты.