
Бұл әңгімені айтып берген адам – Әбдірахман Құрманғалиев Ғалидың жездесі екен. – Кеңес үкіметі орнап жатқан 1920 жылдап еді, дейді Ғ.Дүйсеков. – Қысқа мерзімді мұғалімдер даярлайтын курста оқу үшін Өскеменге келіп, жездем үйіне түстім. Тұрмысы жұпыны екен. Десе де ол кісі ғылым-білімнен хабары бар, әрі құсбегі, мерген, дойбышы, тоғызқұмалақшы, домбырашы жан еді. Менің таңқалғаным үйінде қолжазба күйінде сақталған Абайдың қарасөздері бар екен. Оны маған көрсетіп, кейбір тұстарын сүйсіне оқып берді...
Қысқасы, Ғали Дүйсеков қазақта Абай деген дана адам бар екенін осылай біліпті. Содан бір күні жездесі: «Мен саған Абайдың бір данышпандығын айттып берсем қалай», дейді. «Айтыңыз!». – Көзіне түскен аңды құтқармайтын қыран бүркітім болды, деп әңгімесін бастайды Әбекең. Жарықтық қиядан ілген түлкіні көтеріп барып, жазыққа басады екен. Үйренгені сондай аңның терісін жыртып бүлдірмейді. Аса ақылды.
Осы бүркіттің даңқы Абайға жетеді. Өйткені, құс иесінің ауылы Жарма өңірі Абай елінен алыс емес. Әкесі айтыпты: «Абай ел ардағы бер бүркітіңді». Бірақ Әбдірахман құсын қимайды. Қайтпек керек?!
Ертеңінде Абай сәлемінен хабардар ауыл ақсақалдары бүркітшінің үйіне жиналады. Төрде қариялар, босаға жақта жастар. Оң жақта тұғырда Абай сұратқан бүркіт... Әредікте қымыз ішіп отырған Қаумен қария бүркітке қарап:
– Әбдірахман қарағым, әлгі түлкіні аспанға алып ұшып жүретін, атақты тастүлек қыраның осы ма?
– Иә, ақсақал, осы.
Осы кезде әңгімеге әкесі араласып «Абай сұратқан бүркіт осы. Қалап келген екі қонақ біздің үйде жатыр. Мына балам құсын қимайды, бірақ Абай ә деп сұратқан соң, бермеске бола ма?», дейді.
Сол кезде бүркіт тұғырынан секіріп жерге түсіп, аяқ жақта отырған жігіттің алдына барды. Жігіт арқасынан сипайды, екінші кісінің алдына барды, ол да сипайды. Сол ретпен жағалай отырған адамдардың алдынан өтіп арқасынан бір-бір сипатып, амандасқан тәрізді ең соңында иесінің тізесіне келіп қонады.
– Мен болсам құсымды сылап-сипап едім, еркелеген тәрізді басын қойныма тығып, наз көрсеткендей болды, депті құсбегі. Бұны көрген үй ішіндегі адамдар аң-таң. Төрде отырған Дүрмек қажы:
– Әй, Құрманғалы-ай! Осы сияқты қолға түспес асылды да қиып, біреудің сәлемдемесіне бердірмексің бе, кейде асылдың түсіне қарамайтыныңыз да бар-ау!, депті.
Қажының мына сөзінен кейін ақылды қыран құсын сұратқан адамға бермеймін деп шешкен Әбдірахман Абайдың қонақтарына «қозғалмай жата беріңдер», дейді де өзі қасына екі жолдасын ертіп, бүркіт көп ұстайтын қарағай ішіндегі Өтеміс еліне тартады. Мақсаты Абайға татитын құс алып келу.
Содан бір ай шабылып екі сұңқар, 10 бүркіт әкеледі. Бірін ұстап алады, бірін сатып алады дегендей... Қонақтарды 10 бүркітті бірақ беріп аттандырады. «Абай аға осыған разы болсын». Қонақтар кеткен соң әкесі келеді: «Балам бүркітіңді бермей алып қалдың ба?». «Иә әке, оның орына 10 бүркіт бердім». Сонда әкесі:
– Әй, балам, «Құс аяған көкке қарайды, ат аяған жерге қарайды», демеді ме аталарың. Сенің бүркітің құстың асылы болса, Абай адамның асылы емес пе? Асылдан асылды несін аядың? деп басын шайқап, үйге кіріп кетіпті.
Қысқасы Абай 10 бүркітке разы болмапты. Онымен қоймай Абай менің бүркітімді көрмей-ақ «Шіркін-ай желді күні басқан түлкісін аспанға алып ұшатын құсын бермегені-ай», депті.
«Расында солай еді. Бүркітім дәл желді күні түлкі көтеріп ұшатын, оны үйде отырып Абай қалай білген. Данышпандық емес пе», деп әңгімесін аяқтапты Әбдірахман құсбегі.