Руханият • 06 Желтоқсан, 2025

Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығы халықаралық деңгейде насихатталып жатыр

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауда жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығы халықаралық деңгейде насихатталып жатыр

Осы бағытта Түркияның астанасы Анкарада алғаш рет қазақ жазушысының философиялық прозасын түрік оқырмандарына жаңа қырынан танытатын «Әбіш Кекілбаевтың хикаяттар әлемі» атты ғылыми-танымдық еңбек баспадан шықты. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры Әділет Қабылов айтты.

Спикердің айтуынша, кітап авторлары - түркиялық және қазақстандық профессорлар Орхан Сөйлемез, Әділет Қабылов және зерттеуші Сефа Башимоғлу.

– Анкарадағы Spica Works баспасынан шыққан бұл еңбек Әбіш әлемінің көркемдік, этикалық және метафизикалық тереңдігін түрік әдебиеттану дәстүрімен сабақтастыра отырып талдаған алғашқы еңбектердің бірі саналады. Ә.Кекілбайұлының шығармашылық мұрасы түркі тілдес рухани кеңістікте де жаңаша ғылыми пайыммен бағалана бастады, – деді Әділет Қабылов.

Брифинг барысында университет профессоры Нағбду Қамарова «Әбіштану» оқу құралының мазмұнына тоқталды.

– Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық жобасы аясында биыл Yessenov университетінің профессор-оқытушылары Әділет Қабылов, Нағбду Қамарова және Бақтыбай Жайлаудың авторлығымен «Әбіштану» оқу құралы жарық көрді. Ол еңбегіміз қазірдің өзінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Филология» мамандықтарына оқытылып келеді. Оқу құралы Әбіш Кекілбайұлының поэзия, проза, драматургия, публицистика және аударма салаларындағы шығармашылығын жүйелі түрде талдап, қаламгер мұрасының идеялық-көркемдік және әдеби-теориялық мәнін ашып көрсетеді, – деді Нағбду Қамарова.

Назарбаев университетінің оқытушысы Мұстафа Шоқайдың айтуынша, биыл көлемді ұжымдық ғылыми еңбек «Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» атты монография жазылып, баспадан шықты.

– Бұл монография - Ә.Кекілбайұлы шығармашылығын ұлттық сана мен рухани жаңғыру идеялары тұрғысынан жаңа ғылыми деңгейде пайымдап, қаламгер мұрасының көркемдік-философиялық жүйесін кешенді түрде талдаған тұңғыш академиялық зерттеу. Монографияның авторлары - профессорлар Әділет Қабылов, Нағбду Қамарова, Орхан Сөйлемез және PhD доктор Мұстафа Шоқай. Кешенді еңбек студенттер мен магистранттарға ғана емес, кең ауқымды оқырман қауымға арналған. Аталған еңбек Анкарадағы Spica Works баспасынан шықты, – деді Мұстафа Шоқай.

Маңғыстау облысы