
Сурет: «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз қызметі
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы былтыр 8 сәуірде басталды. Содан беріде өңірлерде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды акциялар дәстүрлі түрде өтіп келеді. Түрлі іс-шаралардың барысында тұрғындар 1,8 млн гектар аумақты күл-қоқыстан тазартты, 1,6 миллионға жуық тал-дарақ отырғызды. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері қалпына келтірілді. Өзен-көлдердің, басқа да су арналарының 5,8 млн шаршы метрден астам аумағы қоқыстан тазартылды. Экологиялық акциядан құр қалмай, өз ауласын тазалауға шыққан тұрғындар бүгінге дейін шамамен 1,1 млн тонна қоқыс шығарған.
Күн райы жылынғалы бері еліміздің бас қаласында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қыза түскен. Елордалықтар жыл соңына дейін миллионға жуық тал-дарақ, көшет отырғызуды жоспарлап отыр. Өткен аптада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Оған 100 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері, спортшылар, мәдениет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары қатысты. Сенбілік барысында 12 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 16 мың шаршы метрден астам аумақ абаттандырылды. Экоакция барысында 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл 100-ден астам ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.
Жыл басынан бері қаладағы Ақбұлақ өзенінің жағалауы, Р.Қошқарбаев даңғылы мен С.Нұрмағанбетов көшелерінің қиылысы, Ж.Омаров көшесі, Абай даңғылы, Ш.Уәлиханов көшесі, Кирпичный тұрғын алабы, сондай-ақ Керей, Жәнібек хандар, Ұлы дала көшелерінің бойы, Бейбітшілік, Күмісбеков, Серкебаев көшелерінің бойы, Жағалау саябағының аумағы тазаланған. «Жастар» саябағында, Ботаникалық бақта, Көктал саябағында, Абай алаңында, басқа да қоғамдық орындарда көптеп көшет отырғызылған.
Өткен сенбіде экологиялық акцияға қаланың барлық алты ауданы жұмылды. Абаттандыру жұмыстарынан Байқоңыр ауданының тұрғындары да қарап қалмады. Олар қала орталығындағы Тәшенов көшесінің бойына, Есіл өзенінің жағалауына 500 түп ағаш отырғызды.
«Бүгін біз абаттандыруға шыққан аумақты қаланың қақ ортасы деп айтсақ болды. Себебі мұнда Есіл өзенінің жағалауы бар. Сол сияқты Ақбұлақ өзені ағып жатыр. Өзен жағасы саламатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындарының жиі қатынайтын аумағы. Кеш ауа жастар көп келеді. Осыны ескере келе, біз 500 түп ағаш отырғызуды ұйғардық. Олардың арасында қылқан жапырақты ағаштардан шырша, қарағай, қайың әкелдік. 100 түп алма, алмұрт ағаштары бар. Жалпы, ауданымызда ағаш отырғызу жұмысын мамырдың бірінші онкүндігіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», дейді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.
Экологиялық акция аясында қала тұрғындары, еңбек ұжымдары өз аулаларын ғана емес, қаладағы арықтарды, көшелерді, тротуарларды, қоғамдық орындарды да тазалуға кіріскен. Көшет отырғызу, оны күтіп ұстау жөніндегі маусымдық агротехникалық жұмыстар қауырт жүріп жатыр. Сауда алаңдары тазарып, рұқсат етілмеген үйінділер шығарылған. Мердігер ұйымдар шағын сәулет нысандарын, ескерткіштер мен сәулет нысандарын, қоқыс орындары мен контейнерлерді жуып, қалпына келтірген. Бұл Астана қаласында іске асып жатқан қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана. Тазалыққа, қоршаған ортаны, табиғатты аялауға шақыратын экологиялық акцияға еліміздің өзге де өңірлері белсенді қатысты.