
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 622 теңгеге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы сомасы 95 963, базалық зейнетақы 47 659 теңгеге жетті. Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес, биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға артық ұлғайтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бері, бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғарғы – 120%-ға дейін ұлғайту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін артып, 32 360 теңге болса, ең жоғары мөлшері төмен күнкөріс деңгейінен, яғни 105%-дан 110%-ға дейін көбейіп, 50 851 теңгеге жетті.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әрбір алушыға жеке тағайындалады. 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрақты жұмыс істеген уақыты сондай-ақ міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) төленген кезеңі еңбек өтіліне қосылады.
Бейнеттің зейнеті қалай есептелетіні көпшілікті қызықтыратыны анық. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі яғни ай сайынғы салымы тұрақты болып, үзіліссіз 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жиналмаса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына есептеледі. Одан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Егер өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғары, яғни 110% көлемінде белгіленеді.
Бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай болып есептеледі. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты әрі толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым артады. Азаматтардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай), сондай-ақ зейнет жасына жеткенге дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына қарай есептеледі.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) енгізілді. Жұмыс ұсынушы қызметкерлерінің зейнетақы жарнасын өз қаражаты есебінен төлейді. Былтыр ЖМЗЖ мөлшерлемесі 1,5% болса, биыл 2,5%-ға артты. 2028 жылға дейін 5%-ға жеткізу көзделген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс берушілер 4,9 млн жұмыскердің пайдасына 329,1 млрд теңге көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын аударған. Жұмыс берушілердің ЖМЗЖ аударуы жұмыскерлерді зейнетке шыққаннан өмір бойы қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етеді. ЖМЗЖ-ны жұмыс берушілер 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған азаматтарға ғана аударады.