
Алқалы жиынды «Азиялық Жүрек пен Ми Қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы мен Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Неврологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және оңалту мәселелерін пәнаралық тұрғыдан талқылауды мақсат тұтқан форумға Қазақстан, Ресей, Украина мен АҚШ елдерінен келген 300-ге жуық маман – неврологтар, кардиологтар, психиатрлар, терапевтер мен оңалтушы дәрігерлер қатысты.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алмаз Джувашев конференцияны ашып, неврология саласында мультидисциплинарлық көзқарастың маңыздылығына тоқтала отырып: Медицина дамып, жаңа диагностикалық және емдеу әдістері енгізілгеніне қарамастан, аталған аурулардың белең алып келе жатқаны байқалады. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын 42 мыңнан астам жаңа инсульт жағдайы тіркеледі. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш тек өсіп қана қоймай, оның үстіне ауру «жасарып» барады. Бұрын инсульт жасы келген адамдардың ғана дерті саналып келсе, бүгінде ол 40 жасқа дейінгі азаматтар арасында да кездесіп отыр.
Біздің клиника ұжымының үйлесімді жұмысының, жаңа емдеу тәсілдері мен әдістерінің енгізілуінің арқасында жалпы өлім-жітімді 13,3%-ға төмендетуге қол жеткіздік. БМҚ (бас-ми қанайналымы) бойынша өлім-жітім 29%-ға, инсульт бойынша – 23%-ға азайып, 4,7%-ды құрады. Бұл – еліміз бойынша орташа көрсеткіштен төмен», деді
Форум бағдарламасында жетекші сарапшылардың баяндамалары ұсынылды. Олардың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологы, профессор Сәуле Туруспекова, ҚазҰМУ профессоры Еркін Нұрғожаев, Оклахома университетінің (АҚШ) профессоры Евгений Сидоров, Ресейдің «Дәлелді неврология қоғамының» президенті Олег Виноградов, сондай-ақ Украинадан келген профессор Марина Трещинская бар.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы атынан инсультті дифференциалды диагностикалау секциясында жоғары санатты невролог және қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Ләззат Аяғанова баяндама жасап, Крейтцфельдт-Якоб ауруының инсультке ұқсас клиникалық жағдайын мысал ретінде ұсынды.
Қатысушылар арасында тамырлық когнитивті жеткіліксіздік, псевдоинсульттік жағдайлар, соматоформалық бұзылыстар тақырыптары мен заманауи нейрооңалту әдістері ерекше қызығушылық туғызды.
Конференция медициналық қауымдастық үшін маңызды шараға айналып, ми ауруларына кешенді қараудың маңызын айқын көрсетті.