
Бұған қоса суға кету оқиғалары да алаңдатарлық ахуалға айналған. Былтыр елімізде балалардың су айдындарында қаза табуы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Бұл әсіресе 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Мұның басты себептері – қараусыз шомылу және арнайы рұқсат етілмеген, жабдықталмаған су айдындарында суға түсу.
Осыған орай Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова ата-аналарға үндеу жолдады.
«Көктемнің шуағымен бірге балаларымыздың белсенділігі де арта түседі. Алайда дәл осы кезеңде олардың өміріне төнетін қауіп-қатерлер де еселенетіні сөзсіз. Бұл ретте Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға, мұғалімдерге және барша ересектерге балалардың күнделікті өміріне мұқият қарауға шақырады. Балаларымыздың өмірі – біздің қолымызда! Әрбір ата-ана сақтық шараларын ұстанып, қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарамауы тиіс. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мына қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді есте сақтаңыз:
Бірінші. Терезелерге сақтық құрылғыларын орнатыңыз – арнайы құлыптар, торлар мен бекіткіштер балалардың құлауына жол бермейді.
Екінші. Тек қауіпсіз жерлерде суға түсіңіз – құтқару қызметі бар жағажайларды таңдаңыз, бейтаныс су айдындарынан аулақ болыңыз.
Үшінші. Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз – әсіресе су маңында әрдайым бақылауда ұстаңыз.
Төртінші. Судағы қауіп-қатерлерді түсіндіріңіз – биіктен суға секіру, тереңдікте ойнау және қатты ағыстарға жақындау өте қауіпті екенін үйретіңіз.
Бесінші. Балаларды алғашқы көмек көрсетуге баулыңыз – суға кеткен адамға қалай көмек көрсету керектігін білудің өзі біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Құрметті ата-аналар! Балаларымыздың амандығы – біздің ең үлкен жауапкершілігіміз. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қайғылы жағдайлардың алдын алу – өз қолымызда!», делінген аталған үндеуде.