
Іс-шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің, облыс әкімдігінің өкілдері, жергілікті құқық қорғау және сот орындарының мамандары, салалық басқармалардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ адвокатура институтының, азаматтық қоғам және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиында өңір тұрғындарының құқықтық сауаты қай деңгейде, әділдік іздеген адам құзырлы органдардан тыс тағы қандай тәуелсіз немесе халықаралық ұйымдарға жүгіне алады, еңбек қатынасында кездесетін дау-дамайды қалай шешуге болады, зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе адам саудасына түскен азамат қайдан көмек сұрай алады деген сыңайлы сан саланы қамтыған өзекті мәселелер талқыланды.
Басқосу барысында адам құқын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі зерделенді. Адам құқы жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы басым міндеттер жүйелі іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Арман Тарғынұлының айтуынша, облыста адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты тұрақты жұмыс істейді. Мұның сыртында құқық қорғау ұйымдары да аса белсенді.
«Өткен аптада ғана үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері дөңгелек үстел өткізді. Онда азаматтардың құқын қорғаудың өзекті мәселелері және оны шешудің тиімді жолдары талқыланды. Жалпы, аталған мәселе мүмкіндігі шектеулі адамдардың, балалардың, әйелдердің, мигранттардың құқын қорғау сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Облыс әкімдігі жанынан Кәмелетке толмағандар комиссиясы, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялар, әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссия жұмыс істейді», деді әкім орынбасары.
Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күреске және оның алдын алуға ерекше мән берілген. Мәселен, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар он шақты жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін жобаларды іске асырып келеді. Аталған жобаларға былтыр облыс бюджетінен 149 млн теңге бөлінген.
«Облыстың бес өңірінде психологиялық және медициналық көмек көрсететін, жаңа кәсіптер мен кәсіби дағдыларға бейімдейтін, сондай-ақ экономикалық, заңгерлік және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелер бар. Жалпы, Қостанай облысының аумағындағы әрбір мемлекеттік орган азаматтардың құқын қамтамасыз етуге мүдделі», деді А.Әбенов.
Семинарда Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын өзге де адамдардың азаматтық, еңбек, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды. Тыңдаушылар азаматтардың өз құқықтарын сотта және соттан тыс қорғау, азаптаулардан және қатыгездік пен жазаның басқа түрлерінен, кемсітушіліктен еркін болу, білікті заң көмегін алу конституциялық құқын іске асыру тетіктерімен танысты.
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішевтің айтуынша, адамның және азаматтардың құқы мен бостандығын бірнеше тармаққа бөліп қарастыруға болады. Олар – азаматтық құқық, саяси құқық, экономикалық құқық, әлеуметтік және мәдени құқык, соңғысы ұжымдық құқық.
«Семинардың негізгі көздегені – Қостанай облысының тұрғындарына құқы мен бостандығын және міндеттерін түсіндіру. Бізде еңбек қатынасына қатысты дау-дамайлар, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері кездеседі. Әйелдер мен мүгедектердің мәселесі де өзекті. Бүгінгі семинарда осы мәселелермен қатар, балалар құқын қорғау тетіктерін жетілдіру туралы айтылды. Қандайда бір адамның құқы тапталып, қорғалмаған жағдайда, айталық, Жоғарғы соттың немесе Бас прокуратураның жауабын алып, көңіліңіз толмаса, әрі қарай не істейсіз? Ол адам енді қандай механизммен жұмыс істеуі керек деген кезде, азамат БҰҰ-ның алты келісімшарттық органдарына арыз-шағым түсіре алады. Оның да өз тәртібі бар. Осы жиында барлығын ашып айтып, үйреттік. Бұл халықаралық механизм болып саналады. Жалпы алғанда, еліміздің әрбір азаматы өз міндетін білуі керек. Құқы мен бостандығын заңды жолмен қорғай алуы қажет», дейді Т.Әбішев.
Жиында Адам құқықтары жөніндегі комиссия өкілдері елімізде азаматтарды алаламай, барлық санаттағы адамдардың құқын қорғауға ерекше мән берілетінін айтты. Мысалы, әйелдер, балалар, қарттар, қандастар, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, еңбек мигранттары, елімізге сырттан пана іздеп келген адамдар, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің құрбаны болған адамдардың бәрін бірдей мемлекет өз қорғауына алады.
Комиссия өңір тұрғындарын, оның ішінде жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің білімін жетілдіруге ниет етіп отыр. Сонымен қатар қарапайым тұрғындарға адам құқы мен қоғам, мемлекет алдындағы азаматтық міндет деген тең ұғымдардың қатар жүретінін түсіндіреді. Ал адам құқын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетігін үйретумен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесі айналысады.
«Негізгі құқық пен бостандықты қорғау және оны ілгерілету саласында Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиямен тығыз жұмыс істеп келеміз. Бүгін Қостанайға арнайы мамандарымызды алып келдік. Олар – сан салада адам құқын қорғап жүрген кәсіби мамандар, өз тәжірибелерімен бөліседі. Біздің жұмысымызда халықтың осал топтарына, яғни әйелдерге, балаларға, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл топтар ерекше қорғауды қажет етеді», дейді жоғарыда аталған кеңсе басшысының міндетін атқарушы Юрий Фенопетов.
Адам құқықтары жөніндегі комиссия 16 сәуірде Әулиекөл ауданында, 17 сәуірде Рудный қаласында адам құқын қорғау жөніндегі оқу-семинарын өткізеді.
Қостанай облысы