
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мұғалім мамандығын таңдаған талапкерге қойылатын талаптар да қатайып, олар үшін 2021 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуден өту балы 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Өткен жылы 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 20 пайызға көбейіп, 75 600 теңге болды. Ең бастысы, мұғалімдік мамандықты таңдаған мектеп түлектерінің арасында үздік оқыған талапкер саны артып келеді. Мәселен, 2023 жылы 1528 «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері педагог мамандығы бойынша жоғары оқу орындарына (ЖОО) түскен болса, былтыр бұл көрсеткіш 1 797-ге жеткен. Ұстаздықты қалаған осындай өрендердің алды биыл жоғары білімі туралы диплом алып, педагогтік еңбек жолын бастайды. Ал қазір жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің елеулі бір бөлігі – кезінде орта мектепті «үштік» бағаға бітіріп, әйтеуір «көк» диплом алып шығып, білім ұйымдарына жұмысқа орналасуды ойлаған, біліктілігі төмен мамандар. Білім саласында қолға алынған реформалар оң нәтиже бере бастағанымен, ілгерілеу барысы әлі де баяу екенінің негізгі себебі осы. Мұны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) білім алушыларды бағалау жөніндегі PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижелері айғақтап берді. Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-шы (2018 жылы – 54-орын), оқудан 61-орын (2018 жылы – 69-орын), жаратылыстану пәнінен 49-орынды (2018 жылы – 69-орын) иеленді. Еліміз оқушыларының 64 пайызы оқу сауаттылығы бойынша алты күрделілік деңгейінің екіншісін де еңсере алмаған. Салыстыру үшін ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш – 26 пайыз. Шәкірттеріміздің 50 пайызы математика бойынша базалық деңгейді ғана көрсеткен (ЭЫДҰ-да – 31 пайыз), 45 пайызы ғылыми сауаттылық бойынша қарапайым тапсырмаларды ғана орындай алған (ЭЫДҰ-да – 24 пайыз). Әрбір оныншы оқушымыз ғана PISA шкаласы бойынша креативті ойлаудың жоғары 5-6 деңгейін көрсеткен, ал Сингапурда – әрбір екінші, Эстонияда – әрбір үшінші шәкірт осындай нәтижеге ие болған. Сондай-ақ білім жетістіктерінің елдік мониторингі тоғызыншы сынып оқушыларының орташа балының 2022 жылғы 47,3-тен 2023 жылы 36,8-ге дейін төмендегенін көрсеткен. Ұлттық білім деректері базасының мәліметіне қарағанда, 8-9 сынып оқушыларының 39 пайызының үлгерімі нашар.
Мемлекет білім жүйесін дамытуға басымдық беріп, оны қаржыландыруды жылдан-жылға арттырып келеді. Осы салаға жұмсалған шығыс 2019 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2024 жылы 4,8 трлн теңгеге дейін, яғни 3 есе ұлғайтылды. Алайда Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит орта білімді дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін төмендететін бірқатар проблемалық мәселе мен кемшілік барын көрсетті. Мәселен, білім саласындағы стратегиялық құжаттардың министр ауысқан сайын өзгертілуінің салдарынан бұрынғы бастамалар аяқсыз қалып жатады. Сол себепті білім саясатында сабақтастық пен тұрақтылық жоқ. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеліп соғып отыр. Кейінгі 5 жылда оқулықтарды қайта қараудан келтірілген экономикалық шығын 16 млрд теңгеден асқан. Лицензиялау – сапалы білімнің кепілдігі саналғанымен, мемлекеттік мектептерді қоса алғанда, 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істеп келген. Орта білім ұйымдарының аттестаттаудан сәтті өту пайызы төмен – небәрі 18,2 пайызы ғана сынақтан еш сүрінбей өткен. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы жүргізілген педагогтердің білімін бағалау барысында педагогикалық ЖОО-ның 7 653 түлегінің 45 пайызы ғана оң нәтиже көрсеткен. Бұл мектеп мұғалімдерін даярлау деңгейі әлі де төмен екенін аңғартады. Осыған орай Парламент депутаттары мен сарапшылар педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің білім бағдарламаларын және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының қызметін қайта қарау қажет деп санайды. Әсіресе «Өрлеу» акционерлік қоғамы жұмысы тиімділігінің төмендігі алаңдаушылық туғызып отыр. Оған кейінгі 3 жылда ел қазынасынан 23 млрд теңге бөлінгенімен, соншама қаржының қайтарымы мәз емес. Бұған ел оқушыларының алған білімінің сапасы жақсармай тұрғаны дәлел.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында: «Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек», деп атап айтқан болатын.
Білікті ұстаз дегенде ойымызға Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылындағы №1 орта мектепте ұзақ жылдар бойы математика пәнінен сабақ берген Абылай Белгібаев оралады. Ең қиын пәнді өз әдістемесімен оқытып, оқушыларының математикаға ынтасын оята білген ғажап ұстаз еді. Шәкірттерінің арасынан 20-дан астам физика-математика ғылымдарының докторы мен кандидаты шыққан. Осы еңбегі үшін оған «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы беріліп, облыс әкімінің қолынан жеңіл автомобильдің кілтін сыйлыққа алған еді. Орны – кеңес заманында да, еліміздің тәуелсіздігі кезінде де әрдайым төрде болды. Ел ішінде мұғалім мамандығын жүрек қалауымен таңдап, кәсіби шеберлік шыңына шыққан осындай ұлағатты ұстаздар аз да болса бар. Өкінішке қарай, дипломды көбінесе жекеменшік жоғары оқу орындарынан сатып алып, қара басының қамы үшін өзін де алдап, оқушыларды да алдап жүрген мұғалімсымақтар да бар. Мысалы, бұрнағы жылы прокурорлар Ақмола облысында арнайы тексеріс жүргізіп, жалған дипломның көмегімен қызметке орналасып қана қоймай, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен мемлекеттік қолдау қаражатын алған 13 адамды әшкерелеген. Маңғыстау облысындағы колледждердің 8 оқытушысының жалған дипломмен жұмыс істеп жүргендігі анықталған. Былтыр Қызылорда облысының Байқоңыр қаласындағы 2 мектепте – 3 қызметкер, Қазалы ауданындағы 3 мектепте – 4 қызметкер, Қармақшы ауданындағы 1 мектепте 2 қызметкер білім туралы қолдан жасалған құжатпен жұмысқа орналасқандығы әшкере болды. Бұдан бөлек, арнайы жүргізілген талдау аясында ЖОО-лар 1 028-і мұғалімнің дипломын өздері бергендігін растамаған. Міне, осындай ар-ұяттан жұрдай жалған педагогтерден толық арылмайынша, білім саласының өрге басуы неғайбіл.