
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі қоғам мен мемлекеттің барлық саласына тікелей әсер ететінін атап өтті. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында адам капиталын дамыту, білім берудің заманауи үлгісін қалыптастыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа форматтағы кадрларды кешенді даярлау маңызды міндет екеніне баса мән берді. Парламент Сенаты аталған басым бағыттарды іске асыру аясында мүдделі тараптармен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен іс-қимылының нәтижесінде, Құқықтық білім беруді дамыту тұжырымдамасы әзірленді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім және ғылым жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар мен жобаларға әрдайым баса мән беріп келеді. Бұл бағытта ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі парламенттік тыңдау да – осы кешенді жұмыстың аясындағы маңызды қадамның бірі. Қозғалып отырған тақырып – қазіргі таңда өте өзекті. Сондықтан осы саладағы мәселелерді және оларды шешу жолдарын бірге талқылап, жұмыла әрекет етудің маңызы зор», деді палата спикері.
Сонымен қатар М.Әшімбаев бірқатар маңызды проблемаға назар аударып, оларды оңтайлы шешу үшін қолға алынған жұмысты жан-жақты пысықтау және озық халықаралық тәжірибені тыңғылықты зерделеу қажет екенін айтты. Бұл ретте еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасында сәйкессіздіктің болуы және білікті заңгерлердің тапшылығы өте өзекті. Мысалы, бүгінде заң саласындағы мамандардың мөлшері болжамды сұраныстан тоғыз есе жоғары болып отыр. Қалыптасқан осындай ахуалды жақсарту үшін мемлекеттің, жұмыс берушілердің және білім беру мекемелерінің үйлесімді жұмысы қажет.
«Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидаты құқықтық мемлекеттің іргетасы екенін үнемі айтып келеді. Білікті заңгерлерсіз жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениет қалыптастыру мүмкін емес. Алайда қазір елімізде заңгерлер даярлау ісінде қордаланған проблемалар бар екенін мойындауымыз керек. Соның бірі – жұмыс берушілерге қажетті мамандар мен оқу бітірген жас мамандардың саны арасында сәйкессіздіктің болуы. Сондай-ақ еңбек нарығында білікті заңгерлердің жетіспейтіні де белгілі. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін нақты тетіктерді қолға алуымыз қажет. Сонымен қатар құқықтық білім беру ісінде инновациялық тәжірибелер мен тәсілдерді енгізудің де берері мол. Бұл ретте үдерістерді цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын қолдануға баса мән берген жөн. Кадр даярлау мәселесі құқықтық актілер мен заң жобаларын әзірлеу сапасына тікелей әсер ететінін естен шығармауымыз керек», деді М.Әшімбаев.
Білім және ғылым саласының өкілдерін алаңдататын проблемалардың қатарында білім алушылардың сауаттылық деңгейінің төмендігі, ғалымдардың еңбегіне төленетін ақының мардымсыз болуы сияқты түйткілдер бар. Бұған қоса парламенттік тыңдауда мемлекеттік жоғары оқу орындарының жеткіліксіз қаржыландырылуына қатысты мәселелер, жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамы жүргізетін ғылыми жобалар мен зерттеулерді қолдау шараларының тиісті деңгейде болмауы, сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етудің көңіл көншітпейтіні айтылды.
Іс-шара барысында заң саласының кәсіби стандартын әзірлеу мен бекітудің маңызы да ерекше аталып өтті. Түлектердің құқықтану салалары бойынша тәжірибелік жұмыс дағдылары мен мамандану мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Тыңдау аясында айтылған ұсыныстар мұқият зерделеніп, соның нәтижесінде тиісті ұсынымдар әзірленеді және ол Үкіметке жолданады.
Парламенттік тыңдауға қатысқан Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев әділет органдары мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыра отырып, заң білімін дамыту мен мемлекеттік органдардың заң қызметтерін жетілдіруге атсалысып жатқанын айтты. Соның ішінде бірінші бағыт, яғни заң білімі саласындағы мәселеге арнайы тоқталып, қазіргі жоғары білімнің үш деңгейлі жүйесі бакалавр және магистр дәрежелері бойынша білім беру бағыттарының міндетті түрде өзара байланысты болуын талап етпейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бейінді емес жоғары білімі бар тұлға «Құқық» бағыты бойынша магистратураға түсе алады және оны аяқтағаннан кейін жоғары заң білімі бар адам болып саналады.
«Мысалы, техникалық мамандық бойынша (инженер) 4 жыл оқыған студент «Құқық» бойынша бір жылдық магистратура курсынан өтіп, өз бағытын түбегейлі өзгертіп, нәтижесінде заңгер болып шыға келеді. Демек, мемлекеттік қызметкер ретінде норма шығаруға тікелей қатыса алады немесе сотта адвокат ретінде азаматтардың құқықтарын қорғай алады. Бұл ретте білім туралы заң «Құқық» бағыты бойынша жеке магистр дәрежесін толыққанды жоғары заң біліміне теңестіруге бола ма, жоқ па деген сұраққа нақты анықтама бермейді. Осы орайда бұл мәселені құқықтық нақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан пысықтау, сондай-ақ «Құқық» бағыты бойынша бакалавриат пен магистратура арасындағы тікелей байланысқа қойылатын талаптарды белгілеу орынды деп санаймыз», деді ол.
Іс-шарада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, осы саладағы белгілі ғалымдар Зәуреш Баймолдина мен Исидор Борчашвили және еліміздегі ірі жоғары оқу орындарының ректорлары мен сарапшылар да сөз сөйлеп, ойын ортаға салды.