
Құдайдың жолы десек те, Алматыда діни сапарларға байланысты алаяқтық жиілей бастаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова мәлімдеді.
«Сенім мен аяушылық адамдардың ең әлсіз тұсы. Осыны пайдаланатын алаяқтар мешіттер мен туроператорлардың атын жамылып, садақа жинайды, нақты ақпарат бермей, жеке шоттарға ақша аударуды сұрайды», дейді Р.Шайкенова.
Жалпы кеңінен таралған алаяқтық тәсілдеріне жалған визалар жасау, жоқ билеттерді сату мен жоқ тұрғын үйлерді саудалау жатады. Әлбетте, мұның салдары ауыр, өйткені алданған ел ақшасынан айырылып қана қоймай, шекарадан да өте алмайды.
Шайкенова қажылықты ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында аккредиттелген компаниялар ғана атқаруға құқылы екендігін еске сала келе: «Бүгінде осындай 15 компания бар, олардың тізімі Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында орналастырылған. Умра үшін серіктес таңдағанда сенімділігіне, шарттардың ашықтығы мен заңды жауапкершілікке назар аудару керек», деді.
Алматы полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Қасымбаевтың айтуынша, барлық шағымдар жеке қаралады. Қажылыққа жалған делдалдардың кесірінен ұшып кете алмаған жекелеген жағдайлар тергеліп, кінәлілер жауапқа тартылады.
Алматы полициясы мемлекеттік және Діни мекемелермен, туристік қауымдастықтармен белсенді түрде, біріге қимылдайды.
Сондықтан спикерлер туроператорлар туралы мәліметтерді алдын ала тексеріп, бейтаныс адамдарға қаражат аудармауға, алаяқтықтың ізі байқалған бойда полицияға жүгінуге кеңес беріп отыр.