
Фото: parlam.kz
Депутаттың пікірінше кітаптар мен баспаны қолдаған жөн. Егер ҚҚС-ты төмендетпесек, кітаптар одан сайын қымбаттайды. Ал балалар YouTube пен TikTok қана көреді. Франция, Жапония сияқты елдерде кітапқа мүлде ҚҚС салынбайды немесе үлкен жеңілдіктер бар.
«Бұрын соғыс кезінде адамдар от ішінен кітапты алып шығатын. Ал біз қазір солай құрметтелген кітапқа салық салып отырмыз. Сондықтан кітап пен балаларға арналған баспа өнімдерінен ҚҚС-ты алып тастайық», деді мәжілісмен.
А.Аймағамбетовтің айтуынша театр, кітапхана, мұражай, қолөнер – бизнес емес, біздің мәдениетіміз.
«Дивандары мен креслолары бар театр – кеңестік дәуірден, ал кітаптары сарғайған кітапхана – сауда орталықтарындай салық төлемеуі керек. Бұл мекемелерді корпоративтік табыс салығынан босату қажет», деді депутат.
Мәжілісменнің сөзінше, емдеу және дәрі-дәрмек бойынша дұрыс қадам жасалды.
«Рак, сирек кездесетін аурулар, диабет мәселелері тұрғысында Үкімет біздің ұсынысты қолдады. Бұл маңызды қадамды мыңдаған отбасы сезінеді. Бірақ одан басқа да маңызды аурулар және дәрілер бар. Эпилепсия, психикалық бұзылыстар, инсульттан кейінгі қалпына келу – бұлар да өмір сапасын анықтайтын жағдайлар, бұндай сырқат белгілері бойынша да салық салу – әділетсіздік. Қазір 10% ҚҚС өмірлік маңызды дәрілерге де салынып жатыр. Егер біз денсаулық саласында гуманистік салық саясатын бастадық десек – соңына дейін баруымыз керек», деген депутат өз сөзінде халықтың 40%-ы емделуге өз қалтасынан төлейтінін т.б. жайттарды айтты.
«Ал, трансжирге – акциз керек», деген Асхат Аймағамбетовтің айтуынша көп адам тәтті нәрселерді жақсы көргенімен, трансжир – үнсіз қауіп. Көп елдер оған мүлде тыйым салған. Рак, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары, диабет – соның да салдары. Трансжирге акциз – қауіпсіздік белбеуі секілді, қиын мезетте өмірді сақтап қалады.
Депутаттың тағы бір тоқталған мәселесі – қазақша мультфильмдердің аз екені, ал салықтың молдығы.
«Бүгінде балалардың көбі басқа тілдегі TikTok пен Netflix ғана көреді. Мемлекеттік тілде контент аз. Өйткені, біздің анимациялық студиялар әр кадр үшін ҚҚС төлейді. Қазақша мультфильм шығару қымбат. Оңтүстік Корея, Польша, Франция өз анимацияларын қорғайды. Бізге де сол қажет», деді депутат.
Ал, казиноларға салықты 20%, 30%, 50%-ға дейін батыл көтеру керек екенін айтқан А.Аймағамбетовтің сөзінше әрбір ұтылған ставка – бір отбасының үміті, ендеше бұл – бизнес емес, бұл – үмітті жұтатын индустрия.
«Біздің ұсынып отырғанымыз – жеңілдік емес, әділеттілік. Салық жүйесі мұқтажға демеу болуы тиіс. Смартфон – кітаптан арзан болмауы керек. Энергетикалық сусын – судан арзан болмауы керек. Осы ұсыныстарды қолдайық», деп түйіндеді Мәжіліс депутатты Асхат Аймағамбетов.