
2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан байқаудың басты мақсаты халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға, хореографиялық оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасуға, жас дарындарды анықтауға, орындаушылық шеберлікті арттыруға және классикалық, халықтық әрі заманауи би дәстүрлерін дамытуға бағытталған.
– «Өрлеу» – жай ғана сайыс емес, тәжірибе алмасу мен кәсіби дамудың маңызды алаңы. Жыл сайын байқауға қатысушылар саны артып, халықаралық сарапшылардың назарына ілініп келеді. Биылғы байқау сегіз елдің өкілдерін біріктірді. «Өрлеудің» Халықаралық балет байқаулары федерациясына мүше болуы оның жоғары мәртебесін растайды. Қатысушыларға бұл өз шеберліктерін көрсетуге, құнды пікірлер алуға және кәсіби мансапта маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті А.Селезнёв атындағы Алматы хореография училищесінің директоры міндетін атқарушы Мұрат Түкеев.
Байқауға қатысушылар тек техникалық шеберлігін ғана емес, би арқылы терең ой, жан қатпарына жасырынған түрлі сиқырлы сезім мен еліктіретін тың қозғалыс элементтерін көрсетті. Көрермендер әр қойылымнан табиғат көріністері мен адам болмысын бейнелейтін нәзік образдарды көріп, рухани әсер алды.
Балет өнерінің беделді тұлғаларынан құралған қазылар алқасы – Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүлжан Түткібаева (Қазақстан), Хореография қайраткерлерінің халықаралық одағының бірінші вице-президенті Сергей Усанов (Ресей), Түркия мемлекеттік опера және балет театрларының бас директоры және көркемдік жетекшісі Бедри Тан Сагтюрк (Түркия), Ресей және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Юрий Васюченко (Ресей), «Ballet & Model AI» компаниясының жетекшісі, Корея балет қауымдастығы Қамқоршылық кеңесінің вице-президенті Чой Чжунсок (Оңтүстік Корея), Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Балет» журналының бас редакторы Валерия Уральская (Ресей), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Samruk» заманауи би театрының негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Гүлнара Адамова (Қазақстан), өнертану ғылымдарының кандидаты, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова (Қазақстан) биылғы байқау қатысушыларының өнеріне баға берді. Нәтижесінде, «Классикалық би» бойынша Оңтүстік Кореяның қыздары, «Заманауи биден» ресейлік Попова мен Т.Саввинов дуэті, ал «Халық биінен» өзбекстандық Шахло Умарова І орынға лайық деп танылды.
2019 жылы «Өрлеу» байқауы Халықаралық балеттік байқаулар федерациясының толыққанды мүшесі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Бұл байқаудың халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін айқындайтын маңызды жетістік.
Байқау барысында қатысушыларға кәсіби шеберлік сабақтары өткізіліп, шығармашылық пікір алмасулар ұйымдастырылды. Бұл жас бишілердің тек сахнада ғана емес, өнер ортасында өз орнын белгілеуі үшін таптырмас мүмкіндік. Жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталып, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. «Өрлеу» байқауы би өнеріне қанат бітіріп қана қоймай, халықаралық достық пен мәдени байланыстың алтын көпіріне айналып отыр.
Байқау Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Алматы хореографиялық училищесінің ұйымдастыруымен өтті.
АЛМАТЫ