
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Цзин Бо бүгінгі Қазақстан – тарихи сауда жолдарының торабы ғана емес, «домбыра мен гитара, арфа» үнін үндестіріп, мәдени бірліктің символдық симфониясын жасайтын кеңістік екенін айтты. Ол «Бір белдеу, бір жол» бастамасына ерекше назар аударып, жобаның Қазақстанның мәдени және рухани алмасу платформасы ретіндегі рөлін күшейткенін атап өтті.
«Бұл оқиғалар өркениеттердің өзара байытылуы тарихында жаңа парақ ашып, өзара құрмет пен ашықтық рухын көрсетті. Бұл форум тақырыбына толық сай келеді», деді ол.
Өз сөзінде Цзин Бо түрлі діндердің рухани дәстүрлері арасында ұқсастықтарға тоқталды. Ол буддизмдегі барлық құбылыстың өзара тәуелділігі, христиандықтағы жақынға деген сүйіспеншілік, исламдағы төзімділік пен мейірімділік, сондай-ақ даосизмдегі қалыптасқан жолға ілесу қағидаларын еске салды. Оның пікірінше, мұның бәрі дінаралық диалогқа мықты негіз бола алады.
Сонымен қатар ол діни конфессия лидерлерін ынтымақтастықты тереңдетуге, жастар тәрбиесін талқылауға, отбасы мен моральдық құндылықтарды нығайтуға, рухани даналықпен бөлісуге және мәдени жобалар аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе климаттың өзгеруі, аштық және қақтығыстар сияқты жаһандық сын-қатерлерге назар аудару қажет екенін айтты.
«Діни қауымдастық тек сөзбен шектелмей, нақты әрекет етуі тиіс – игі ойларды шынайы істерге айналдыру қажет. Үміт отын жағып, бос сөзді доғарып, рухани энергияны бейбітшілікке жұмсау керек», деп атап өтті ол.
Цзин Бо өз сөзін съездің сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, Қытай Буддистік ассоциациясының әлемдік діндермен бірге ілгері басуға дайын екенін жеткізді.
«Ынтымақты қайық етіп, сенімді желкен етіп, ал әрекетті ескек етсек – бейбіт әрі бақытты болашаққа жете аламыз», деді Цзин Бо.