Еңбек • 04 Сәуір, 2025

Ауылына қамқор азамат

36 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тақыр даланың тамырына қан жүгіртіп, жайқалтып егін егіп, шалғайдағы Алтынсарин ауылының ажарын кіргізіп отырған даңқты диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князевтің есімі бүгінде ерекше құрметпен аталады.

Ауылына қамқор азамат

Борис Павлович іргесін қалаған «Алтынсарин» шаруа­шылығы бүгінде 120 мың гектар алқапқа дәнді, майлы дақыл егіп, 5 мыңнан астам мал өсіреді. Алпауыт серіктестікте 700-ден астам адам еңбек етіп жатыр.

«Шаруашылықта жұ­мыс іс­тей­тін 730 адамның әрқай­сысының отбасы, бала-шағасы бар. Осы­ның бәрін ескерсек, 4 мыңға жуық адамның тағдыры біздің серік­тес­тікпен сабақтас деп айтуға бо­лады. Мен сол адамдардың ең­бегін ақтап, тұрмысының түзу болуын ойлауым керек», дейді шаруашылық басшысы.

«Алтынсарин» серіктестігі көп жылдан бері ауыл тұрғын­дарының әл-ауқатын арттыруға да ерен күш жұмсап, аядай ғана ауылдың берекелі тіршілігіне ұйытқы болып келеді. Аталған серіктестік өз жұмыскерлерінің жыл сайынғы жемшөп, отын-суын тегін түсіріп береді. Ауылдағы тұрғын үй мәселесі де оң шешім тауып, жылына кем дегенде бірнеше жас отбасына бас­пана беріледі. Алтынсарин ауы­лында өткен жылы бой көтерген 6 үйдің әрқайсысы 25 млн теңге тұрады. Әрқайсысының ауданы 124 шаршы метр болатын жаңа үйдің бірінде Наиль мен Лиана Баязитовтер тұрып жатыр. Жас отбасы екі бала тәрбиелеп отыр. Наиль «Алтынсарин» серіктестігіне қарасты 1-брига­даның механизаторы болып жұмыс істейді. Лиана – география пәнінің мұғалімі.

«Тұрмысымыз жақсы. Өткен жылы серіктестік басшысы тегін баспана берді. Үш бөлмелі кең үйіміз – осы. Газ, су келіп тұр», дейді Лиана.

Мектебі жоқ ауылдың келе­шегі болмайды. Сондықтан Борис Князев алдымен мектеп пен балабақшаны қолға алды. Кеңес уақыты кезінен жүдеп тұр­ған мектепті, «Қарлығаш» бала­­­­­­бақшасын күрделі жөндеу­ден өткізді. Ауыл клубын да қайта жаңғыртып, жастардың рухани орталығын ашты. Клубқа арнайы мамандарды шақыртып, көр­кемөнерпаздар ансамблінің, түр­лі бағыттағы спорт үйірме­лері­нің іске қосылуына мұрындық болды.

Алтынсарин ауылының бүгін­гі келбетін көрген адам қалаға бергісіз екен деп таңдай қағатыны анық. Жазда түп-түзу тал-терегі, әсем гүлзарлары ерекше көз тартатын ауыл орталығында бірнеше субұрқақ атқылап тұрады. Жазғы дема­лысқа шыққан балалардың ауылдың қақ ортасындағы бас­сейн­ге түсіп, жасыл газон тө­сел­ген ста­дионда доп қуып жүр­гені. Шаруа­шылық өз қаржысына еңселі спорт кешенін де салып қойған.

«Шаруашылықтың негізгі міндеті – егін егу, астық өндіру. Дегенмен халықтың әлеуметтік жағдайына да жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Спорт ке­шеніне шаруашылық 100 мил­лион­ теңгеге жуық қаржы жұмсады. Бұл аз қаражат па? Есесіне қазір кешен ауылдастардың игілігіне, жастардың, балалардың сүйікті орнына айналды. Ішінде себезгі дейсіз бе, тренажер дейсіз бе – спортқа керектің бәрі бар. Волейбол, баскетбол, күрес залдарында жарыс қызып жатады. Тіпті командаларға бұрын сыртқа шыға қоймайтын үй шаруасындағы әйелдерді де қосып алған. Қызықтың бәрі сонда», дейді Борис Павлович.

Басқасын айтпағанда, Алтын­сарин ауылында көне машина-тракторлардың музейі бар. Өткен ғасырдың ортасында құрылған Алтынсарин атындағы кеңшар, одан бергі уақытта шаруашылық пайдаланған техниканың неше түрін осы музейден табасыз. Музейде егіншілік тарихына қатысты 50 шақты ескі техника тұр. Жәдігер техникалардың ең көнесі – астықты өңірде Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрынғы кезеңде жүрген машиналар. Сонымен қатар Қамысты өңірінің қилы тарихына, соғыс, тың көтеру, Тәуелсіздіктің бастау кезеңдеріне қатысты, жергілікті әр алуан ұлттың дәстүр-салты, еңбек майталмандары, ауылы үлгі тұтқан адамдар туралы деректер мол. Музей жәдігерлерінің бәрі тек осы ауылдан жиналған.

Борис Князевтің өңір руха­ниятының жанашыры еке­нін де айтпай кетуге болмас. Кә­сіп­­кер ұлы ағартушы Ыбырай Алтын­сарин Торғайда ашқан тұң­ғыш мек­тептің 150 жылдық мере­­­кесіне орай білім ұясына ­2 мил­­лион теңге тұратын телес­коп сый­лады.

«Шаруашылықты қайта тір­кет­кенде атауын өзгертпей, сол күй­де қалдырдым. Алтынсарин атын­да аудан, мектеп, институт, көше тағы басқалары болған соң, «Алтын­сарино» деп атағанды жөн көрдім. Мен Ыбырай есімін ерекше құр­меттеймін. Алтынсариннің халқы үшін істеген еңбегінің ба­р­лығына қанықтым, қайран қалдым. Ыбырай 19-20 жасында мектеп ашып, алфавит тізіп, кітап жазды. Бұл оның жасы үшін өте үлкен іс еді. Ыбырай ағар­тушының осыдан бір жарым ғасыр бұрын бастаған ісі бүгін де маңызын жойған жоқ. Алтын­са­рин­нің көрген бейнеті де аз болмаған. Ол тек қазақ балаларын ғана емес, орыс балалары үшін де мектеп ашты. Ұлы адамдар барлығына ортақ болады», дейді Борис Павлович.

 

Қостанай облысы