Өндіріс • 04 Наурыз, 2025

Сапалы сүт өндірудің сыры

46 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тобыл өңірінде өткен жылдың соңына таман жалпы құны 10 млрд теңгеден асатын үш бірдей сүт-тауар фермасы іске қосылды. Биыл дәл осындай тағы үш ферма ашылады.

Сапалы сүт өндірудің сыры

Автоматты жүйенің артықшылығы көп

Фермалар сүт өңдеп, өнім шығарып, оны алыс-жақын шетелге экспорттап жатқан ірі кәсіпорындарды сапалы шикізат қорымен қамтамасыз етпек. Биыл Ыбырай Алтынсарин, Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық, Қостанай, Сарыкөл, Бейімбет Майлин аудандары мен Арқалық қаласында 10 сүт-тауар фермасының құрылысы басталады.

Былтыр желтоқсанда Меңдіқара ауда­нына қарасты Степанов ауылында 1 200 басқа арналған сүт-тауар фермасы іске қосылған. Ферма аудан орталығы Боровскойдағы май зауытына күн сайын 8 тонна сүт жеткізеді. Нәтижесінде, зауыт шикізат тапшылығынан құтылып, өнім көлемін ұлғайтты. 30 шақты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс­қа орналасты. Кәсіпорында шведтің «DeLaval» компаниясы­ның заманауи сауын қондыр­ғысы орнатылған. Айналмалы шеңбер тәрізді сауын алаңы бастан-аяқ автоматтандырылған бағдарламамен басқарылады. Сауын аяқталған соң құрылғы өзін-өзі жуып, тазартып қояды.

Біз Степановқа сауын аяқталар кезде жеттік. Сағат тоғыз жарымда фер­маға кіргенімізде 348 сиырдың ең соң­ғы төртінші легі сауылып жатты. Еуро­паның сауын технологиясына үйретіл­ген сиырлар «карусель» деп аталатын сауын алаңына турникет тәрізді тар есік­тен бір-бірден кіріп, күнделікті орны­на тұра қалады. Биіктігі белден келе­тін алып шеңбер пішіндес алаң бір сиыр сыятындай көптеген темір шар­бақ­тарға бөлінген. Шеңбер оңнан солға қарай тоқтаусыз баяу айналып тұра­тындықтан, сиырлар да сол тұрған бо­йында ақырындап шығар есікке қарай жылжи береді. Сиыр сыртқа шыққанға дейінгі сегіз минуттың ішінде бірінен кейін бірі тұрған төрт сауыншының әр­қай­сы өз міндетін атқарып үлгеруге тиіс.

Орталықтан компьютер арқылы бақыланатын басқару құрылғысындағы үлкен табло сауын алаңына кірген-шыққан малдың санын, тұрған орнын, оның сауылып болған-болмағанын, сауылған сүттің мөлшерін, қай сиырдың аз, қай сиырдың көп бергенін, тіпті жануардың жай-күйі мен ауырып тұрғанына дейін көрсетеді.

 

Жылдық меже – 9 мың тонна

«Даниядан әкелінген 400 сиырдың 350-ін сауып отырмыз. Қалғаны енді бұзаулап жатыр. «Карусельге» бір мезгіл­де 40 сиыр сыяды. Бұлар бірінші бұзау­лаған сиырлар ғой, қазір 21 литр сүт беріп жатыр. Сүт зауытымен де хабар­ласып отырмыз, олар да сүттің сапасының жоғары екенін айтады. Өнім көлемін бір сауында 30-ға дейін жеткіземіз деген ойымыз бар. Ферма құрылысына 6 млрд 700 млн теңге кетті. Оның 30%-ы өз қаржымыз, қалғаны мемлекеттің қаржысы. 10 жыл мерзімге 2,5%-дық өтемақымен алдық. Жоба бо­йынша жылына 9 мың тонна сүт сауылу керек. Сонда қарызымызды 7-8 жылда өтеп шығамыз», дейді ферманың атқарушы директоры Асылбек Айқадамов.

пр

Фермадағы ең ауыр жұмыс  –  сауыншы­лардыкі. Негізінен, «карусельдегі» желі басында төрт адам тұру керек. Бірақ сауыншылар әлі төселе қоймағандықтан, бес адам жұмыс істеп жатыр. Бірінші адам сиырдың желінін арнайы залалсыз­дандырғыш ерітіндімен сүртеді. Екіншісі оны бірреттік майлықпен сүртіп, желінді саусағымен қысып-қысып жіберіп бір-екі рет сүт шығарады. Желіннің ұшындағы сүт сақтауға жарамайды. Сондықтан оны сауып тастау керек. Сауыншының қолы тиген соң, шамамен 30-40 секундтан кейін онсыз да сыздап тұрған желін иіп, өзінен-өзі сүт ата бастайды. Осы кезде үшінші сауыншы вакуум түтікшелерді кигізіп үлгеруі керек. Түтікше кигізген соң сиырдың емшегі ісініп вакуумға жабысып қалады. Ал желін босаған соң, түтікше де өзінен-өзі ажырайды.

 

Сырға мен бұйда ақпарат тасымалдайды

Төрт сауыншының бірі Оксана Ува­рова жаңа сүт фермасындағы жұмысы­мыз бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл дейді.

«Бұған дейін ескі технологиямен са­уып келдік. Заманауи ферма жетіс­тік­терін бәріміз бірге үйреніп жатырмыз. Басқа фермаларға барып оқыдық, тәжірибеден өттік. Міндетім – сиырдың желініне түтікше кигізу. Түтікшеден мына құбырға аққан сүт келесі цехтағы цистернаға жиналады. Сол жерде суытамыз. Бұл технология бойынша сауын­шы­ның қолы сүтке тимейді. Сол себепті, сапасы өте жоғары болады», дейді сауын­шы.

Малдың құлағына сырға, мойнына бұйда салынады. Бұл екеуі белсенділік сенсоры деп аталады. Ол қай сиыр қай күні қанша сүт бергенін салыстырып, талдап, мына сиыр суалып барады немесе сүтті көп бере бастады деген сияқты мәліметтерді тіркеп отырады. Ауырып тұрған сиырды да анықтап, қашатын уақытына дейін көрсетіп береді. Белсенділік сенсоры арқылы компьютерге тіркелген деректерді оператор зоотехник пен мал дәрігеріне жолдайды.

 

Мал баққан ғалым

Сүт фермасының зоотехник-селек­ционері, биология ғылымдарының кандидаты Талғат Мусин – қаладағы жайлы қызметін ауыл шаруашылығының ауыр жұмысына айырбастаған маман. Көп жылдар Алматы, Астанадағы жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарда қызмет етті. Диссертациялық зерттеу жұмысы да сүтті мал «Алатау» тұқымы­мен байланысты. Жануарлардың физиологиясы мен генетикасын жете меңгерген ғалым бүгінде көпжылдық ғылыми тәжірибесін шаруашылықтың игілігіне жаратып жатыр. Кейінгі жылдары Мең­діқара ауданына келіп «Қарқын» серіктестігіндегі Әулиекөл тұқымды ірі қараның сапасын көтеруге күш жұмсады.

Әкесі Ыбырай Мусиннің де әйгілі Әулиекөл асыл тұқымы авторларының бірі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты екенін айта кеткен жөн.

«Бала кезімде әкем жанынан таста­майтын. Сондықтан Әулиекөлге шоғыр­ланған үлкен селекционер ғалымдардың ортасында өстім. Кейін әке жолын қуып, ғылымға араластым. Ауылдың тіршілігін жаным сүйеді. Осыдан біраз жыл бұрын туған жерім Әулиекөл ауданы, Мәскелеу ауылына оралып, мал бағып, тізеден тезек кешіп жүрміз», дейді ғалым-селекционер.

 

Голштин сиырының ерекшелігі

Білікті маман қазір Степановтағы сүт фермасында тұрған асылтұқымды малдың генетикалық әлеуетін дамытумен айналысады. Фермаға осыдан 6 ай бұрын әкелінген голштин сиырлары әлемдегі ең жоғары сапалы, өнім көп беретін тұқымның бірі. Маманның айтуынша, Нидерланд, Дания, Бельгия тәрізді мемлекеттерде сапасы өте жоғары асылтұқымды өсіріп, сатып, табыс та­уып отырған шағын фермалар көп. Бізге керек малды солар жинап, түгендеп береді. Мал­дың бәрі жергілікті ауа райына бейім­делген. Қазір күніне 21 литрден сүт беріп жатыр.

«Бұл сиырлар – ең бірінші әкелінген лек. Қазір үш жасқа жақындап қалды. Кейін жасына, күйіне, жем-шөбіне, күннің жылынуына қарай 30 литрге дейін өнім береді. Бір сиыр 3-4 жылға дейін сүт береді. Технология бойынша жаңа туған сиырдың бұзауын бірден бөліп алып, емізікпен еміземіз. Сиырды бірден сауын алаңына жібереміз. Оны сауынға үйрету оңай емес, секіріп, теуіп, сүзіп, әбден әурелейді. Басында мұндай асау сиырларды байлап, қысып ұстаймыз. Содан кейін барып бірте-бірте жуасиды. Бір сиырды тар шарбаққа әбден үйрету үшін біраз әуреге түсеміз. Бұл сиырдың жай сиыр­дан ерекшелігі, жануар өте сезімтал ке­леді. Ірілігі сондай, бойы кейбір адам­ның бойынан асып түседі», дейді ғалым-сиыршы.

Голштин сүтті тұқымының әрқайсы 2 700 еуродан сатып алынған. Ұлттық валютаға шақсақ, бір сиырдың құны жол шығынын қосқанда 2 млн теңгеге жуық­тайды. Ферма басшылары асылтұқым­ның бірінші төлін облыстағы өзге шаруа­шылықтарға сатуды жоспарлап отыр.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше