Қоғам • 28 Ақпан, 2025

Лайықты марапат

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл­дық мерейтойы Қарағандыдан бастал­ды десе болатындай. Ақсақалдар кеңесінің бас­тамасымен ұйымдастырылған «Адал азамат» жобасы Ассамблеяның 30 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылды. Жақында Достық үйінде жоба жеңімпаздары марапатталды. Енді бұл байқау Қарағандының тәжірибесімен басқа өңірлерде де өтеді.

Лайықты марапат

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Арқада өткен алқалы жиынға ҚХА төрағасының орынбасары, Прези­дент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының мең­герушісі Марат Әзілханов, сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің өкілдері, басқа өңірлердің ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағалары қатысты.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөзінде Ассамблеяның 30 жыл ішінде қоғамдық татулық пен ауыз­бір­лікті бекемдейтін негізгі институтқа айналғанын айтты.

ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Ақсақалдар кеңесінің отырысын еңбектің қара қазаны болғандықтан Қарағандыда өткізуді жөн көрдік дейді.

«Адал азамат» жобасы алғаш рет өтіп отыр. Жоба жеңімпаздары – еселі еңбектерімен өңірдің ғана емес, ел дамуына үлес қосып жүрген жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Комиссия құрамы ҚХА құрылымдарының басшыларынан құралды. Олар жеті аталым бойынша үздік өкілдерді анық­тады. Үміткерлерді іріктеу кезінде жеңім­паздардың кәсібилігіне ғана емес, жеке қасиеттеріне де мән берілді.

Сонымен «Ұлағатты ұстаз» аталы­мында Теміртау қаласындағы №14 мектеп-лицейінің физика және робот­техника мұғалімі Вячеслав Варзин жеңімпаз атанды. 40 жыл еңбек өтілі бар ұстаз информатика бойынша авторлық бағдарлама мен физика бойынша ғылыми-әдістемелік кешен әзірлеген. Теміртауда роботтехниканы бірінші болып дамытқан мұғалім.

«Ерен еңбек иесі» аталымының үздік өкілі ретінде Т.Күзембаев атын­дағы шахтаның алдыңғы қатарлы ұңғы­машысы Нұрлан Сатмағамбетов танылды. Нұрлан Рашидұлы – жас кадрларды тәрбиелеген білікті маман.

«Әділдік сақшысы» аталымы бо­йынша Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Айдана Шаймерденова марапатталды.

Балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған Теміртау театрының 3-санат­тағы тігіншісі Татьяна Рубан «Мәдениет майтал­маны» аталымының үздік өкілі атанды. 30 жылдан аса уақыт тігін­ші болып жұмыс істейтін оның театр­­дың шығармашылық ұжымына тіккен киімдері жаңашылдығымен ерекше­ленеді.

Қарағанды қаласы төтенше жағдай­лар басқармасының №10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Магарби Бузуркаев «Ержүрек құтқарушы» атанды. Ол «Хантер» ЖШС-ның 10 газ цис­тер­­насының жарылысы кезінде өртті сөндірген бригаданы басқарып, 53 газ бал­лонын шығарып, қауіптің алдын алады.

Ал «Ізгілік жаршысы» аталымының үздік өкілі болып Арина Бекбаева лайық деп танылды. Жеңімпаз иесіз қалған жануарларға қамқор болып, облыста зооволонтерлікті дамытып жүр.

«Абзал жан» аталымында Қарағанды қаласындағы №3 емхананың отбасылық денсаулық орталығының бөлім меңгеру­шісі, медицина үздігі Ғалия Мыңтаеваның бағы жанды.

Жобаның бас жүлдесі көп жыл фермада сауыншы болған Несібелді Досановаға бұйырды.

Облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков жеңім­паздарды құттықтап, Қарағанды қара­пайым еңбек адамын қолдауда үнемі алда болатынын атап өтті.

Алқалы жиын әрі қарай Ақсақалдар кеңесінің «Адал азамат – қоғам бірлігінің негізі» атты республикалық отырысымен жалғасты. Мұнда этносаралық келісімді нығайтып жүрген өңірдегі белсенді ақсақалдар Алғысхатпен марапатталды. Отырыс соңында қатысушылар Қарағанды тәжірибесі негізінде «Адал азамат» жобасын масштабтау туралы шешім қабылдады.

 

Қарағанды облысы