Шаруашылық • 27 Ақпан, 2025

Суару жүйесін жаңартудың маңызы

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Тараз қаласында көшпелі отырыс өткізді. Іс-шара Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Суару жүйесін жаңартудың маңызы

Сурет: z-taraz.kz

Су нысандарының көктемгі егіс жұмыстарына дайындығын бағалау отырыстың негізгі мақсаты болды. Сенаторлар саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету деңгейі мен тамшылатып суаруды енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі жобаларды іске асыру барысын сарапшылармен бірге талқылады. Сондай-ақ былтыр ашылған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің қызметімен танысып, саланы дамытудың өзекті мәселелерін зерделеді.

«Суару жүйелерін жаңғырту және білікті маман даярлау – ауыл шаруашылығын дамыту мен өңірдің экономикалық тұрақтылығына тікелей қатысты стратегиялық маңызды міндеттер. Су шаруашылығына кадр даярлауда Жамбыл облысы әрқашан басты рөл атқарып келеді және бүгін біздің алдымызда жаңа қатерлер тұрғаны белгілі. Заманауи су үнемдеу технологиясын енгізу, су ресурстарын тиімді басқару және кадр тапшылығы мәселесін шешу қажет. Ол аграрлық сектордың өнімділігін арттырумен қатар еліміздің ұзақмерзімді су қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.

Көшпелі отырысқа қатысушылар су тапшылығының негізгі себептері­не тоқталды. Айталық, климат­тың өзгеруі, су ресурстарын тиімсіз пайдалану және салада білікті маманға деген сұраныстың арта түсуі. Осы­ған байланысты су үнемдеу саяса­тын қалыптастыру, су шаруашы­лығы инфрақұрылымын жаңғырту, трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту және кадр даярлау сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленді.

Депутаттар Жамбыл облысындағы бірқатар су нысандарын аралап, тамшылатып суару жүйесі жабдығын шығаратын зауыттың, «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС, қант зауытының жұмысымен, сондай-ақ жаңар­тыла бастаған «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының қазіргі жағдайымен танысты.