
Кітап көрмесінің «Аққан жұлдыз» атты бірінші бөлімінде Шоқанның өмірі мен қызметі туралы энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалар мен әдебиеттер қойылған. Ал «Шоқан және дала өркениеті» атты екінші бөлімде ғалымның жазбалары, 10 томдық шығармалар жинағы, «Алтышаһарға сапар», «Шоқан асулары» атты кітаптар оқырмандар назарына ұсынылған.
Салтанатты рәсімде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері көпшілікті өздерімен бірге ала келген көшпелі көрменің мазмұнымен таныстырды. Музейдің ғылыми хатшысы Нәзима Оташеваның айтуынша, өлкетану мұражайында Шоқанның өмірі мен қызметіне қатысты фотосуреттер мен құжаттардың 60-қа жуық көшірмесі сақталған. Олардың көбі 1960, 1970, 1980 жылдары қазіргі Санкт-Петербургтің орталық мемлекеттік архиві мен Мәскеу қаласындағы әскери-тарих архивінен алынған.
Мысалы, аталған көрмеден Азия департаментінің Сыртқы істер министрлігіне Ш.Уәлихановты Азия департаментіне қабылдау туралы өтінішін, 1860 жылы 21 наурыздағы Бас штаб департаментінің Ш.Уәлихановты марапаттау туралы құжат көшірмесін көруге болады. Штабс-ротмистр Уәлихановтың қызметі туралы формулярлық тізім де бар.
Шоқан 1858 жылы 28 маусымда Қапалдан 30 шақырым жерден көпес керуенімен Қашқарға саяхаттап барып, Шығыс Түркістан тарихына, географиясына, Алтышаһарға қатысты көптеген құнды мәлімет жинайды. Аталған көрме Шоқанның осы сапары жөнінде де жан-жақты мағлұмат береді.
Ғалым Шоқанның жастайынан сурет өнеріне әуес болғаны белгілі. Бала Шоқан бұл өнерді Құсмұрын бекінісінде, Уәлихановтар отбасында біраз уақыт өмір сүрген орыс топограф-суретшілері мен геодезистерінен үйренеді. Көшпелі көрмеден Шоқанның осы кезеңде салған біраз суретін тамашалауға болады.
«Шоқан алғаш тушь, қарындаш, кейінірек акварельді қолданған. Табиғат суреттерін, өзінің автопортретін салған. Кейіннен көзбен көргендерін күнделігіне түсіріп, бейнелеп отырады. Ғалым мұраларының ішінде оның қарындашпен, сиямен сызған эскиздері маңызды орын алады. Мұнда көптеген жердің флорасы мен фаунасы, Қырғызстан мен Шығыс Түркістан тұрғындарының кескін-келбеті және олардың кәсіптері бейнеленген», дейді Нәзима Оташева.
Қостанай облысы