Құқық • 26 Ақпан, 2025

Тәртіп пен еңбек шыңдаған

81 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күнделікті өмірде мән бермейтін «Өмір – өзен» деген терең мағыналы сөз бар. Расында табиғат аясында бір сәт те тоқтамай, күні-түні, жыл он екі ай сарқыраған өзенге қарап ойланғанда, беймаза тіршіліктің су сияқты ағып өтетінін аңғарасыз. Қасиетті имани және елдік құндылықтарымыз тіршіліктің әр сәтінде адал жүруге, айналаны барынша жақсылыққа бөлеуге шақырады.

Тәртіп пен еңбек шыңдаған

Көзді ашып-жұмғанша 2025 жылдың ақпан айының соңына да таядық. Өмір деген күнделікті күрес екен, шамалы босаңсы­саң, әлгі сарқыраған су беталды алып кететіндей. «Судың да сұ­рауы бар» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бәріне жоспар, құнттылық қажет.

Жалпы, «адамның күні адаммен» дегендей, елдің, ортаңның тыныштығын тілегеннен кейін, сөзің жарасса – сөйлесетін, көңілің жарасса – ыстық-суықта араласатын адамдардың тілеуін тілеу – парызымыз. Жақсы адам көңіл күйіңді жадыратады, өмірдің, кәсіптің мәнін де, сәнін де арттырады. Сондай ерекше азаматтың бірі – Абай Рахметулин. Кәсіби заңгер, мінезге бай жігіт ағасы, салмақты замандас.

Абай Жамбылұлымен 1993 жылы Алматы қаласында судья­­­лар­дың кәсіби шеберлігін шың­­дайтын оқу орны жатақ­хана­сының бір бөлмесінде бір айдай бірге тұрып, жақын таныстық. Сол уақытта оның жас та болса өмірге көзқарасы айқын, адами қасиеті орнықты, өзіндік мінезі бар салиқалы азамат екенін байқадым. Содан бергі 30 жылда Әбекеңнің аталған қадір-қасиеті толығып, талай замандасымызды жақсылыққа баурады деп есептеймін. Рас, өмірде адам жақсы жағына да, жаман жағына да өзгеріп жатады. Ал мықты азаматтар шынардай биіктей, мәрмардай жарқырай түседі.

Өз басым адамның сапасын ата-анасына деген қарым-қатынасына қарап бағалай­мын. Отыз жылда аңғарғаным – Әбе­кең әке-шешесіне, бауырларына, ортасына келгенде мейірімі, жауапкершілігі артып, адам­шылық пен адалдықтың тізгі­нін тең ұстайды екен. Өкі­нішке қарай, мына қым-қуыт заманда жақынмен сыйласу түгелі, туғандарымен бет көріс­пейтіндей соттасып жатқандар да кездеседі. Көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Әбекеңнің сабыр мен ақылдың арқасында апа-қарын­дастарымен, өзінен кіші іні­лерімен әрқашан жылы шыраймен араласқанын көріп, ата-анасынан алған өнеге екенін түсіндік. Ол әкесі мен анасы бақилық болғанда елдік дәстүрді мұқият ескеріп, ақтық сапарға шығарып салғаны көз алдымызда.

Ескіден жеткен «Жақсылық ұлдан ба, қыздан ба – бір Алла біледі» деген даналық бар. Адам қанша жерден пенде болса да, іс-әрекетін сабырлық пен қанағатқа жеңдірмей, опа таппайды. Жаратқан Абай мен Жібекке атына заты сай керемет Айгерім атты перзент бұйыртты. Бүгінде ана атанған аяулы қызы, жауапты күйеу баласы, солардан көрген құлдыраңдаған құлыны көз қуаныштарына айналып отыр.

Халқымызда «Жақсы жар – жарты иманың» деген нақыл бар. Әбекең­нің азаматтық, адами абы­ройының артуында құдай қосқан жұбайы Жібек Берлібекқызының орны ерекше. Ол кісі ерінің ауыр да жа­уапты қызметіне қабақ шытпай, әрқашан сенімді серігі, аялы ақылшысы бола білді.

Әрине, Абай Жамбылұлы – тәртіптің, еңбектің адамы. Осы қасиетінің арқасында жиған білімін білікпен толтырып, әбден шыңдалған маман, еліміздің тәжірибелі заңгері, бетке тұтар судьясының бірі деңгейіне жетті. Әбекең – еңбегі бағаланған адам. Ол қызметін жергілікті жер­дегі қорғаушы-заңгерден бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істерді қарайтын сот алқасының төрағасы дәре­жесіне дейін көтерілді. Мем­лекеттік «Құрмет» ордені сынды марапатқа да ие болды. Бүгінде Абай Жамбылұлы – барлық жағынан пісіп жетілген жоғары деңгейдегі заңгер маман, басшы. Адам ретінде қазақ еліне, сот саласының дамуына, жас буын­ды тәрбиелеп дайындауға үле­сін қосқан тәлімгер. Өрке­ниет­ті, дамыған мемлекеттер қашанда осындай уақыт, қыз­мет шыңдаған азаматтарды баға­лай­тыны, тәжірибесін толық пай­даланатыны жайдан-жай емес.

Әбекең сөзі, көңілі жарасқан жолдастарымен де берекелі. Сыйлы ортасын бағалай білген, ыстық-суықта бірге болған адам әркезде абыройлы. Сөзі мен ісі үйлескен әріптес досымызбен мақтанамыз. Соңғы кезде орынсыз, мән-мағынасыз ой айтатын, ойланбай сөйлейтін, уәдесінде тұрмайтын адамдар қатары көбейгені бәрімізді уа­йымдатады. Бұл – ел болашағына қауіпті үрдіс. Осындай елбұзар мінезге қарсы сөзі салмақты, пікірі тегеурінді, дәстүрге берік Абай Жамбылұлы секілді азаматтарды өнеге етер едік.

«Адамға берілген денсаулық та – аманат» деген рас. Уақтылы денешынықтыруға көңіл бөл­меген адамдар алпыс түгелі жас кезінде өмір сынына төтеп бере алмай қалады. Абай мырзаның бұл мәселеге жауапкершілікпен қарайтынын көпшілік біледі. Ол дос-жолдастарымен, әріп­тес­термен бас қосқанда мін­детті түрде спортты әдемі үй­лес­тіріп, уақытты пайдалы өткізу­ге, балық, аң аулап орнымен демалуға көңіл бөледі.

Абай Жамбылұлы – Қазақ­стан сот билігінде орны ерекше, еңбегі елеулі судья. Ол 34 жыл ішінде қалалық, облыстық және Жоғарғы соттың судьясы әрі алқа төрағасы деңгейінде кез келген сот практикасында туындайтын зәруліктерге немқұрайлы қарамай, терең зерттеп, жан-жақты талдап, білікті ой айтып, көтерген мәселесін соңына дейін жеткізіп, кәсіби беделі артты. Судьяға ең керек қасиет – адам тағдырына тікелей байланыс­ты күнделікті туындап жатқан сұрақтарға заң шеңберінде тиянақты, жалтақтамай жауап­ беру, әділетті шешім қа­был­дау. Әбекең екі үлкен өңір – Оңтүстік және Шығыс Қазақ­стан облыстық соттарын жауап­кершілікпен, абыроймен бас­қарғаны халықтың есінде. Әсі­ресе Шымкент және Өскемен қа­лаларында облыстық сот ғи­ма­раттарын соңғы талаптар­ға сай салуды ұйымдастыруы, тұр­­­ғындардың заңды құқық­тарын, бостандықтарын, мүд­де­лерін қорғап, әділет пен заңдылық туын биік ұста­ғаны, жұртшылықтан оң бата алғаны – екі өміріне үлкен азық боларлық нәтиже. Әбекең басқарған ұжымдар екі-үш жылда жоғары көрсеткішке жетіп, ел деңгейінде жүлделі орын алғаны – оның талапқа сай басшы екеніне дәлел.

Абай Рахметулин – негізгі қызметінен басқа Президент жанындағы Адам құқығын қор­ғау комиссиясының мүшесі, Жоғарғы Сот кеңесінің, Тәртіп­тік кеңестің мүшесі, Судьялар одағының хатшысы сияқты қо­ғамдық жұмыстарды да абыроймен атқарып жүрген судья. Бүгінде ол – Жоғарғы Соттың судьясы әрі бүкіл сот саласы оқу орталығының ұймдастырушы-төрағасы, Сот академиясы­­­ның оқытушысы. Сан салалы осы жұ­­мыстар оның еңбекқорлы­ғын, сот саласына немқұрайлы қара­май­тынын көрсетсе керек. Әбекең – ғылымға ықыласты заң­гер-судья, заң ғылымының магистрі. Бұйырса, қорғайтын PhD диссертациясына өзекті тақырыпты арқау етіп отырған азамат.

Біз Абай Жамбылұлына осынау белесті кезеңде ел ағасы, сала майталманы деңгейіндегі табыс­тарын еселеп, алға қойған мақ­саттарын абыроймен орын­дай беруіне тілектестік білдіреміз.

 

Сәкен АБДОЛЛА,

Жоғарғы Сот судьясы

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара перзенті

Еңбек • Бүгін, 09:50

Атакәсіпке адал азамат

Еңбек • Бүгін, 09:45

Әлеуметке тиімді жоба

Қоғам • Бүгін, 09:35

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Бүгін, 09:25

Адам папиллома вирусы қандай ауру

Денсаулық • Бүгін, 09:22

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Жасанды интеллектіні жүйелі енгізген банктер

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:10

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:55

Смағұл сапасы

Тұлға • Бүгін, 08:50

Мұстахара

Жәдігер • Бүгін, 08:45

Керек дерек

Digital • Бүгін, 08:40

Бірегей білім моделі

Қоғам • Бүгін, 08:35

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:25