Аймақтар • 21 Ақпан, 2025

Алқапты әртараптандыру маңызды

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл өңірде 5 млн 105 мың гектар алқапқа тұқым себу жос­парланып отыр: 3 млн 673,6 мың гектарға бидай, 342 мың гектардан аса алқапқа арпа себілмек. Қалған жерге май­лы және әлеуметтік маңы­зы бар өзге де дақылдар егіледі.

Алқапты әртараптандыру маңызды

«Алдағы көктемгі егіс, күзгі жиын-терім науқанына ел көлемінде 700 млрд теңге жеңілдетілген несие қар­жы­сы бөлінді. Президент таяуда неғұр­лым өтімді, нарықта жоғары сұра­ныс­қа ие дақылдарды өсіру, шикі­затты сақтау және оны тереңдете өңдеу, сондай-ақ өнімді шетелдік нарыққа көбірек өт­кізуді реттеуді тағы да атап өтті. Мем­ле­кет­тік қолдау көлемі жыл сайын өсіп келеді. Биыл Президенттің тікелей тап­сыр­масымен ауыл шаруашылығын қар­жы­ландыру көлемі республика бо­йын­ша екі есе артады. Осы мүмкіндікті тиім­ді пай­далана білуіміз керек», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ауыл шаруашы­лығы басқармасының алқа мәжілісінде.

Ауыл шаруашылығы және жер қа­ты­настары басқармасының басшысы Иб­рагим Бекмұхамедовтің айтуын­ша, биыл көктемгі дала жұмыстарын жүр­гізуге 80,9 мың тонна, күзгі жиын-те­рім жұмыстарына 83,3 мың тонна ди­зель отыны бөлінді. Таяуда Gosagro.kz ақ­па­раттық жүйесінде жанармай жеткізуші операторлардың тізімі жарияланады. Фермерлер дизель отынын жеткізушіні өздері таңдап, өтінім бере алады.

«Ауыл шаруашылығы құрылымда­рының алдында тұрған маңызды мін­дет­тің бірі – егіс алқаптарын әртарап­тан­­дыру, монодақылдан алшақтау. Шаруа­­шылықтар осы мәселеге баса көңіл бөлуі керек. Сондай-ақ кейін­гі кезде картоп тапшылығын сезініп жа­тыр­мыз. Сондықтан картоп алқа­бын ұлғайта түскен жөн. Өңір диқан­­да­рының алдында жүгері және қарақұмық алқабын кеңейту міндеті тұр. Осы мәселеге де мұқият қарауды сұраймыз. Қостанай өңірі мине­­­ралды тыңайтқыштарды пайда­­ла­нудан алдыңғы қатарда келеді. Былтыр алқапқа 258,6 мың тонна тыңайт­­қыш шашу көзделген еді, бұл жоспар да толық орындалды. Техни­­ка паркін жаңарту индикаторы да ой­да­ғы­дай атқарылды», деді Ауыл шар­уа­­шылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Биыл өңірде 755 мың гектар алқапты майлы дақыл алады. Мал азығының көлемі 137,5 мың гектарға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 21 мың гектарға қарақұмық, 6,1 мың гектарға картоп тұқымын егуді жоспарлап отыр.

Кеңес барысында мемлекеттік қолдау тетіктерін уақытында әрі тиім­ді пайдалана білу мәселесі де тал­қы­ланды. Мысалы, өткен жылы іске қо­сылған «Кең дала-2» бағдарламасы шар­уаларға 5 пайыз жылдық өсіммен жеңіл­детілген несие алуға мүмкіндік береді. Несие мерзімі – 12 айға дейін. Несие алатын кепілдігі жоқ фермерлер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры­­­нан несие сомасының 85 пайызын құ­рай­тын кепілдік ала алады.

«Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіге кепілдіктің 15 пайы­зын қою ғана қалады. Басты мақсат – аталған қолдау түрін тиімді пайдалана отырып, өнім көлемін арттыруды қамтамасыз ету. Өнімнің арзан­дап кеткеніне қарамастан, өңірде жақсы табысқа жетіп жатқан шаруа­шылықтар аз емес. Бұл шаруа­шы­лықтар егін алқаптарын әлдеқа­шан әртараптандырды. Мал шаруашы­лығымен де айналысып жатыр. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына мем­­­лекет қомақты қаржылай қолдау көр­сетіп жатыр», деді облыс әкімі.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше