
Халықтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін іс-шара аясында аталған агенттікке қарасты облыстық экономикалық тергеу департаментінің өкілдері Қостанайдағы Білім-инновация лицейінің оқушыларымен кездесті. Басқосуда қаржы мониторингі саласының ардагері Әлімжан Қабиев экономикалық қылмысқа қарсы күрес саласындағы мол тәжірибесімен бөлісіп, тікелей өзінің қатысуымен әшкереленген қаржы
пирамидаларының қылмыстық әрекеті, адамның сеніміне кіру үшін жиі пайдаланатын әдіс-амалдары туралы әңгімелеп берді.
Кездесу барысында экономикалық тергеу департаментінің маманы Әсемгүл Балжақаева «Қаржы пирамидалары мен дропперлерге қарсы күрес» тақырыбында дәріс оқып, аталған алаяқтықтан сақтанудың қағидаларын талдап, түсіндіріп берді.
«Іс-шара көпшіліктің қаржылық сауатын арттырумен қатар, жастардың бойында құқықтық ережелерді сақтау жауапкершілігін қалыптастыруды көздейді. Алаяқтар әлеуметтік желіні пайдаланушыларды көбіне жеңіл табыс көзімен арбайды. Олардың құрығына түсіп қалып жатқандардың қатарында жасөспірімдер де көп. Бүгін оқушылармен кездесу барысында алаяқтардың сөзіне сеніп, адасып, шалыс басқан жастардың тағдырынан нақты мысалдар келтіріп, сақтандырып жатуымыздың себебі де осы. Балаларға талай адамды тақырға отырғызып кеткен «СһіаТаі» жобасы туралы айтып бердік. Өздерін Қытайдың фармацевтикалық компаниясы ретінде көрсеткен қаржы пирамидасы әлеуметтік желіде отырғандарға фармацевтикалық зауыттың құрылысына, дәрі-дәрмектер мен медициналық құрылғылар өндірісіне инвестиция салуды ұсынған. Мысалы, 200 мың теңге салсаңыз, жылына 700 пайызға дейін табыс түсіресіз деп сендіреді. Осылайша, 3 млрд теңге қаржысын берген 2,5 мыңнан аса отандасымыз бір пирамидаға алданып қалып отыр. ҚМА жедел қызметінің күшімен пирамиданы ұйымдастырушылар әшкереленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылды», дейді маман.
Іс-шара барысында лицей оқушылары мамандарға сұрақ қойып, қаржылық қауіпсіздік мәселесіне қатысты ой білдіріп отырды. Балалардың пікірінше, интернеттегі алаяқтардан келетін қауіптен сақтандыратын мұндай кездесулер зейнетте отырған қарт кісілерге де қажет-ақ.
Қостанай облысы