
Суретті түсірген – автор
Иран Ислам революциясының 46 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараға Қытай, Түркия, Мажарстан, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Тәжікстан елдерінің Бас консулдары, жетекші оқу орындарының ғалымдары, БҰҰ өкілдері мен зиялы қауым қатысты. Кеш шымылдығы достық әрі көршілік тығыз қарым-қатынас орнатқан қос елдің әнұранымен ашылып, Алматыдағы Иран Бас консулдығы басшысының міндетін атқарушы Бахман Ағарази сан саладағы серпінді байланыс Қазақстан мен Иран достығын одан әрі нығайта беретінін жеткізді.
«Екі ел арасындағы ортақ мәдени мұралар берік қарым-қатынастың өрістеуіне жол ашып келеді. Халықаралық қауымдастықпен, әсіресе Орталық Азиядағы көршілес елдермен тиімді ынтымақтастық орнату біз үшін маңызды. Кейінгі жылдары мәдени байланыстар ғана емес, экономикалық сауда қатынастары да едәуір ұлғайғанына куә болып отырмыз. Екіжақты тауар айналымы статистикасына сәйкес, Иран мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі былтыр 342 млн долларға жетті. Бұл үрдістің маңызды бөлігі екі ел үкіметтерінің әріптестік байланысының, өткізілген түрлі көрмелердің, ресми іс-сапарлардың арқасында жүзеге асты. Соңғы бірнеше жылда Қазақстаннан Иранға озық мамандардан құралған делегациялар барып, екі ел кәсіпкерлерінің қатынасын нығайтты. Тараптардың өзара табысуының арқасында көптеген ирандық компания қазақстандық нарыққа шығуға қызығушылық танытты. Ғылым, өнер, мәдениет саласында Алматы мен Иранның рухани орталықтары жақсы ынтымақтастық орнатып жатыр. Жуырда Ұлттық кітапханада «Иран қазақтары» деп аталған еңбектің тұсауы кесілді. Жасанды интеллект, сандық технология, наномедицина, биотехнология, аэроғарыш өндірісіндегі жетістіктеріміз де қатар ілгерілеп келеді. Бұл жұмыстар тоқтаусыз жалғаса беретініне сенімдімін», деді Бахман Ағарази.
Екі ел достығының жетістіктері жан-жақты сараланған басқосуда Абай мен Фирдоуси өлеңдері оқылып, Иранның дәстүрлі бұйымдары, ұлттық тағамдары, тоқыма, сурет өнерінің тарихына қатысты тың деректер айтылды. Студенттер парсы шайырларының ән-жырынан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Алматыдағы Иран мәдениет орталығының қолдауымен «Отбасы хрестоматиясы» баспасы арқылы парсы тілінен қазақ тіліне аударылып жарық көрген кітаптардың тұсауы кесілді. Олардың қатарында «Наурызнама», «Ғазалдар», «Бала Мәжиттің хикаялары», «Құстар мәжілісі», «Бір беттік кітап», «Иран қазақтары», «Піл туралы талас», «Ләйлі Мәжнүн», т.с.с туындылар бар. Мамандар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен аударма ісінің ауқымы кеңейгенін айтады. Бұған Тегеранда өткен халықаралық кітап көрмесіндегі рухани байланыс серпін берген.
«Иран – біздің Каспий өңіріндегі тату көршіміз әрі ислам әлеміндегі жарқын серіктесіміз. Екі ел байланысының тамыры тереңде жатыр. Оған біздің халықтардың ортақ тарихы мен мәдениеті куә. 2022 жылы 19 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тегеранға жасаған ресми сапары екі ел арасында елеулі табысқа жол ашты. Осы жылдың қаңтарында Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Ареф Алматы қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің отырысына қатысты. 18-19 ақпанда Тегеранда өтетін Каспий маңы елдерінің экономикалық форумына Қазақстан үкіметінің басшысы қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл сапар көпжақты ықпалдастыққа тың серпін беріп, сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады», дейді Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жәнібек Әбдірашев. Шара соңында қонақтар Иранның ғылыми және туристік әлеуетінен сыр шертетін көрмені тамашалап, естелік суретке түсті. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жәнібек Әбдірашевқа, Иран Бас консулдығы басшысының міндетін атқарушы Бахман Ағаразиге, аудармашы Гаухар Омархановаға Иран мәдениет орталығының Алғысхаттары табысталды.
АЛМАТЫ