Қоғам • 13 Ақпан, 2025

Қайырымдылық қорларын қадағалау қажет пе?

740 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сүрінгенді сүйеп, қысылғанға қолдау көрсету – халқымыздың қанына сің­ген қасиет. Дегенмен кейінгі кездері жақсылықтың атын жамылып, жымысқы әрекетін жүзеге асыратын, қайы­рымдылық деп қалта қампайтқан жаға ұстатар жағ­­дайлар жұрт көңіліне күдік-күмән ұялатқаны белгілі. Қолда бар мәліметке сүйенсек, елімізде 7 203 қайы­рымдылық қоры ресми түрде тіркеліп жұмыс істеп отыр. Олардың жұмысын қадағалау қалай жүзеге асады? Қоғамда сенімге сызат түсірер жайттар неге жиілеп барады?

Қайырымдылық қорларын қадағалау қажет пе?

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Орайы келсе, жақсылыққа үн қосудан кім тартынып қалсын. Желіні парақтап отырып, алдыңнан шыға келген бейтаныс жанның аянышты халіне атүсті қарай алмайсың. Смартфонның бір-екі батырмасын басып, аз-кем болса да үлесіңді қосасың. Ниетім қабыл болсын деп берген аз тиыныңның есебі­не бас қатырып жатпайсың. Құдайдан үміті бар кез келген адам солай жасайтыны анық. Әттеңі сол, жұрттың жанашыр пейілін пайдаланып, біреудің қайғысынан қаржы жасаған алаяқтық фактілері де қылаң бере бастаған. Сөзімізге тұздық болу үшін соның бірін мысалға келтірейік.

Алматының іргесіндегі Тұзды­бастау ауылының тұрғыны Қайрат Төлендиев онкологиялық дертке шал­дыққан егіз ұлының еміне қомақты қаржы қажет болған соң, желі арқы­лы жұрттан көмек сұраған. Ұлдары­ның суретін жариялағаннан кейін ара­ға уақыт салып алаяқтар айласын ­асырыпты. Олар бүлдіршіндердің ­бет-бейнесі мен диагнозын пай­да­ланып, бір айдың ішінде халықтан ­32 млн теңге жинап үлгерген.

«Біздің реквизитті алып тас­тап, өздерінің банктік есепшоттарын қойған. Көршілер мен таныс­тар, туған-туысқандар емге ақша салғандарын айтып, бірақ «Айман Т» деп көрсетілген реквизит кім­дікі?» деп сұрай бастады. Өзіміз аң-таң болдық. Біздің ұлдарымыз­дың суреті қойылған үнпарақпен ақша жинаған. Көпшілікке айтарым, көрсетілген телефондардағы мұқ­таждың жақындарына хабарласып, көз жеткізіп барып көмек көрсет­кен дұрыс. Осы істің соңында жүріп, заң қызметкерлерінен мұндай алаяқ­тардың көп екенін естіп-біліп жаға ұстадық», дейді Қ.Төлендиев.

а

Талғар аудандық полиция депар­таментінің өкілдері алаяқтардың қолға түскенін, олар өз қылмыстары үшін заң алдында жауап береті­нін жеткізді. Құзырлы орындағылар­дың айтуынша, мұндай жағдайлар кейін­гі кездері жалпы ел аумағында жиі­лей түскен. Ал негізінен қайырымды­лық қоры ретінде тіркелмесе де, жұрт­тан көмек сұрауды заң тармақтары шектемейді.

Өткен жылдың соңында аты дардай қор басшысының ұсталуы қоғамда қызу талқыланып, оқиға елдің қайырымдылық қорларына деген сеніміне селкеу түсіргені мәлім. Қаржылық мониторинг агенттігі су басқан аймақтарға халықтан жиналған ақшаның 1,5 млрд теңгесі қолды болғанын, аталған мәселеде «Біз біргеміз!» қоғамдық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат күдікке ілінгенін жария еткен еді. Қоғам резонансын тудырған мәселе­ге қатысты пікір білдірген Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Перизат Қайратқа қатысты шулы тергеу қа­йырымдылық көмегін көрсету те­тігін жетілдіру қажеттігін көрсетіп отырғанын мәлімдеп, министрлік­те арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы негізінен қа­йырымдылық қорларының жұ­мы­сын жетілдіру, халықты ізгілікке ын­та­ландыру, қаржының мақсатты жұмсалуы, ашықтығы секілді мәсе­лелерді реттеуді қамтиды.

Қайырымдылық қорларының басым бөлігі ерікті түрде жұмыс істейтіндіктен, олардың ішкі жұ­мысына мемлекеттік органдар жөн-жосықсыз араласа бермейтіні тағы анық. Дегенмен нақты себеп табылса, бірқатар құзырлы орындар өз бастамашылығымен тексе­ріс ұйымдастыруға құқылы. Сөз ба­сын­да ел аумағында 7 203 қор ресми ­тір­келгенін атап өттік. Олардың 5 537-сі – қоғамдық, 1 149-ы – жеке, 504-і – корпаративтік, 13-і – мем­ле­кеттік қорлар.

Елімізде 2016 жылы 16 қа­ра­­ша­­­да «Қайырымдылық туралы» заң қа­былданды. Аталған заңда қайырымдылық жұмыстарын ба­қылаушы һәм жүйелеуші мекеме ­атап көрсетілмегенімен, кез келген қор ­«жылына бір реттен сиретпей орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұ­қаралық ақпарат құралдарында немесе қайырымдылық ұйымының ­интернет-ресурстарында жариялау­ға міндетті» деп жазылған. Есеп­те ақшаның қайдан түскені, қалай жұмсалғаны, қор қызметіндегі адам­дардың жалақысына дейін бар­лық шығын тәптіштеп көрсетілу­ге тиіс. Интернет ресурстарға үңіле отырып, қайырымды­лық қор­лардың көбі шығындарды көрсеткені­мен, түсіп жатқан кірістер туралы жариялай бермейтінін аңғардық. Са­рапшылардың да пікірі осыған сая­ды. Олар қорлардың ашықтығы көңіл көн­шітпейтінін айтады.

«Қайырымдылық жасау мәдениеті қалыптасқаны абзал. Саладағы ақша айналымына қатысты нақты дерек жоқ. Мемлекет бұл саланы көп бақыламайды. Ашықтық мәселесі жолға қойылса, оған үн қосатын ұйымдардың да саны артар еді. Өйткені оларда әлеуметтік жауапкершілік деген мәселе бар. Елімізде құқықтық сауат әлсіз. Ақшаны жібермес бұрын мұқият тексеріп алғаныңыз жөн. Қорлардың негізгі қызметін зерттеп-зерделеуге қарапайым адамдар бас қатыра бермейді. Мәселен, сіз аңдаусызда террористік ұйымдарды қаржыландыруға ақша жіберіп қой­дыңыз делік. Бұл үшін заң сізді жа­уапкершіліктен босатпайды», дейді заңгер Олжас Есенбаев.

«The world giving index» көр­сеткішіне сәйкес еліміз былтыр әлем­дік статистикада қайырымды­лық жасаудан 113-орынға тұрақтаған. Ақпарат алаңында кіріс-шығысын сауатты жариялап отырған қорлар санаулы. Елімізде қайырымды­лық бағытында ең көп қаржы жұмса­ған ұйымдарға тоқталсақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры кейінгі үш жылда қайырымдылық бағ­дар­ламаларын жүзеге асыруға 250 млрд теңге жұмсапты. Сол секілді «Сәби қоры» 2022 жылы – 50 млрд теңге, «Асыл мирас» қоры 2024 жылы – ­27,7 млрд теңге, «Ansa foundation» қоры 2024 жылы 20 млрд теңге бола­тын бағдарламаларды жүзеге асыр­ған. Осы бестікті түйіндеп тұрған «Дара» қоры 2023 жылы мүмкіндігі шек­теу­лі балаларды қолдауға 359 млн теңге арнаған.

Заңға сәйкес әрбір ақша аударған азамат қайырымдылық қорына хабарласып есеп алуға құқылы. Қор есеп беруден бас тартқан жағдайда сотқа жүгінуге болады. Көбіне-көп қор жұмысын қадағалауда жәбірленуші яки арызданушы тарап болмағандықтан, есеп бермегені үшін ұйымдар азын-аулақ айыппұл төлеумен сытылуы ғажап емес.

«Елімізде қайырымдылық қор­ларын тіркеумен Әділет ми­нистрлігі айналысады. Қор ашу үшін ең алдымен жарғы, құрылтайшылар шар­ты, жарғыны бекіту туралы уәкі­леттік орынның шешімі, атқарушы органды тағайындау туралы алқалы органның шешімі және мемлекеттік тіркеу үшін алымның бюджетке төленгенін растайтын түбіртек тапсырылады. Тіркелген қорлардың тізімін Ашық деректер порталынан білуге болады. Бұл порталда ел аумағында тіркелген барлық өкілдік пен заңды тұлға туралы ақпарат ашық түрде жарияланған. Мұндай ақпараттар заңды тұлғалар деректер базасы арқылы күнбе-күн жаңартылып тұрады әрі кез келген тұлға үшін қолжетімді. Ең бас­тысы, азаматтар қорға хабарласып, есебін сұрауға құқылы», дейді Әділет министрлігінің өкілі Ақмарал Ізханова.

Ақпарат көздеріне сенсек, дамы­ған елдерде қайырымдылық қорын тіркеу бірді-екілі құжат жинау­мен шешілетін шаруа емес. Мәселен, АҚШ-та қайырымдылық қорлары­ның жұмысын салық комитеті­мен қатар Федералды тергеу бюросы, бизнес бюросы мен ішкі кірістер қыз­меті бақылайды. Қытай, Герма­ния, Франция секілді алпауыт елдерде де қайырымдылық қорларының қада­мы жіті қадағаланады.

Сарапшы Меруерт Болатқызы еліміздегі қорлардан көмек сұрап келіп, ақшаны өзге мақсатқа жұм­сай­тын оқиғалардың да жиі тірке­летінін айтады.

«Қордан көмек сұрағанда, ерік­тілерге арнайы жалданған, тұруға мүлдем қолайсыз үйді әдейі көр­сетіп, аяныш тудыратын немесе жа­қындарынан айырылған кейіп танытатындар аз емес. Отандық тә­жі­рибеде баласының еміне деп ақша жинап, пәтер немесе көлік сатып ал­ған фактілер де бар. Қолына жәшік ұс­тап, көшеде көмек сұрай­тын­дар да кө­бей­ді. Қайырымды­­лық ұйымдары­ның жұмыс үдері­­сін бі­ліп алған соң, өз пайдасын ойлайтын­­дар да бола­ды. Ақпарат­тық-цифр­лық техноло­гия­ мүм­кіндігі қайырым­ды­лық­пен айналысатындардың санын кө­бейтті. Әлеуметтік желіде қайы­рымдылыққа шақыратын ақ­па­рат­тардан көз сүрінеді. Жәрдем берем деп алаяқтардың қалта­сын қа­лыңдатуыңыз мүмкін. Осындай оқиғалардың жиілеуінен халық қа­йы­рымдылық ісіне күмәнмен қарай ­бастады. Ең алдымен ақпаратты мұ­қият тексеріп алған абзал. Негізі­­нен, барлық қайырымдылық қорын ор­­тақ базаға тіркеу ісі жүйелі қолға алын­са, талай заңсыздықтың жолы бөге­ліп, қор жұмыстары да тиянақталар еді. Ең бастысы, бұл істе ашықтық пен жүйелілік керек», дейді М.Болатқызы.

«Көп түкірсе көл» дегендей, қо­ғамдағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға қайырымдылық қорлары ауқымды үлес қосып жүр­генін жоққа шығара алмаймыз. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиім­ді пайдаланған танымал азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Жеке қорлар­дың көмегімен қаншама отбасының бас­пана жыры байыпты шешімін та­уып жатыр. Жақсылыққа негізделген әр­бір істің түпкі өзегінде жақсы үміт жататынын ескерсек, қоғамның ізгі­ле­нуі­не қомақты үлес қосып жүр­ген қайырымдылық қорларының игі бас­тамалары қолдауға лайық. Уақыт талабына сай олардың жұмысын қа­дағалау, қоғамдық бақылауды кү­шейту мәселесі де қажет екенін көріп отырмыз.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15