
Фестивальдың ашылуында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмысшы мамандықтары ел экономикасының тірегі екенін атап өтті.
«Бүгін жұмысшы мамандықтарының қаншалықты өзгергеніне куә болып отырмыз. Бұрындары бұл мамандықтар ауыр әрі қарапайым еңбекпен байланысты деп есептелсе, қазір жағдай мүлде басқа. Осы күні жұмысшылар заманауи технологияларды басқаратын, үлкен өндірістік үдерістің маңызды бөлігіне айналып отыр. Фестиваль жастардың сұранысқа ие мамандықты танып-білуіне, сол саланы таңдауына мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Аталған жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім жүйесін үлкен өзгеріс күтіп тұрғанын айтты.
«Биыл 1 қыркүйектен бастап колледждерді қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттырамыз. Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтары жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі – еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру болмақ. Мұндағы негізгі мақсат — олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Осы мақсатта атом энергетикасы саласының мамандарын даярлауда Мажарстанның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру, машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарланып отыр», деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, биыл Астанада техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының студенттерін қолдау әрі дамыту мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылмақ. Мұндай орталық Қытайда, Оңтүстік Кореяда және БАӘ-де табысты нәтиже көрсетіп келеді. Ал осы күзде Ақтауда «TurkicSkills», яғни түркітілдес елдер арасында I кәсіби шеберлік чемпионаты өтпек.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтары қаласында» сегіз тақырыптық көше ашылды. Атап айтсақ, мұнда тау-кен ісі және металлургия, машина жасау және көлік, энергетиктер мен мұнайшылар, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы мамандары, құрылысшылар, құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина, туризм, сондай-ақ болашақ мамандықтарына арналған көшелер бар. Сонымен қатар «Жұмысшылар қаласында» 40 креативті үй тұрғызылған. Яғни фестивальға қатысушылар түрлі кәсіптің ерекшелігімен танысып, заманауи жабдықтармен өздері жұмыс істеп көре алады. Бес күн бойы қала аумағында түрлі семинар мен шеберлік дәрісі, хакатон, кәсіптер шеруі, бос орындар жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесерлері, концерттер мен тренингтер өтеді. Фестиваль барысында қонақтар өндіріс үдерісіне тікелей араласып, өздерін нағыз өндіріс желісінде отырғандай сезіне алады. Сонымен бірге машиналар мен құрылғыларды қолмен құрастырып, жұмысшы мамандықтарының қыр-сырын түсінеді. Оқушылар мен студенттер заманауи технологиялардың маңызын ұғынып, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптермен танысады.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, фестивальдың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының қазіргі заман талабына сай өзгергенін көрсету, әсіресе балалар мен жастарға таныстыру. Өйткені көпшілік арасында жұмысшы мамандықтары ауыр қара жұмыс деген түсінік қалыптасқан. Алайда қазіргі таңда бұл салалар жоғары технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған, цифрлық мүмкіндіктерге негізделген. Мінеки, осы «жұмысшы қаласына» келген қонақтар әртүрлі мамандықтың жаңа технологияларымен байланысын, олардың еңбек нарығындағы маңызын жете ұғынады.
«Фестивальға 30 мыңнан астам адам, оның ішінде көптеген мектеп оқушылары мен студенттер қатысады деп күтіліп отыр. Бірінші күннің өзінде 5 мыңнан астам қонақ келіп, түрлі өндіріс саласымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттеріне бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру екі есе өседі. Нақтырақ айтсақ, әр студенттің жан басына шаққандағы қаржысы 412 мың теңгеден 937 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Қазір елімізде бірнеше колледж мен кәсіпорындар арасында жаңа форматтағы серіктестік орнатылған. Мысалы, «СарыарқаАвтоПром» және Қостанай мемлекеттік колледжі бірлесіп, жыл сайын 250 маман даярлайды. Яғни студенттер колледжде оқып жүріп-ақ кәсіпорында тәжірибеден өтеді. Оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасады. Бұл жүйе білім мен тәжірибені біріктіріп, білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді», дейді вице-министр.
Иә, осы күні заманауи технологиялардың дамуына байланысты жұмысшы мамандықтары да өзгеріске ұшырап жатыр. Мысалы, кен орындарын дрондар арқылы бақылайтын күнге жеттік. Бұрын шахтерлер шахтаға түсіп, қауіпті жағдайда жұмыс істесе, енді бұл үдерісті виртуалды көзілдірік пен жаңа технологиялардың көмегімен жер үстінен басқаруға болады. Одан бөлек, ауыл шаруашылығындағы дрон операторларының да пайдасы ұшан-теңіз. Өйткені бұл құрылғы егістік алқаптарын бақылау, тыңайтқыш себу, суару жүйелерін қадағалау сияқты жұмыстарды тыңғылықты атқарады. Мінеки, «Жұмысшы мамандықтары қаласында» осы секілді заманауи технологиялар көпшілікке таныстырылды.
Айта кетейік, аталған фестиваль — Жұмысшы мамандықтары жылының беташары іспетті. Бұл – болашақ мамандардың, жұмыс берушілердің, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының өзара ынтымақтастығы үшін құрылған алаң. Фестивальдың бірегей форматы қонақтарға әртүрлі кәсіптің ерекшеліктерімен танысуға және интерактивті алаңдар мен мамандандырылған жабдықтардың көмегімен экономиканың түрлі саласында өздерін сынап көруге мүмкіндік береді.