
Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жеке сот орындаушыларының іс-әрекетін заңсыз деп тану, өндіріп алынған ақшалай қаражатты қайтару туралы талап қою бойынша қанағаттандырылған сот шешіміне түскен апелляциялық шағым бойынша істі қарады.
Сот алқасы талап қоюшы С.-ның «Отбасы банкі» АҚ-дағы шоттарына тыйым салып, қаражатты есептен шығарғанын анықтады. Ал әлгі қаражат көпбалалы ананың «Бақытты отбасы» мемлекеттік жобасы аясында жинақталған және банк кепіліне салынған тұрғын үй құрылыс жинақтары болған.
-Бұған қоса, жинақ шоты неке кезінде ашылғаны анықталды. Ендеше ол ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып саналады. Сондықтан өндіріп алу атқарушылық іс жүргізуге қатысушы болып табылмаған тұлғаның да құқықтарын қозғады. Сот орындаушылары салынған сомалардың мақсатын тексеруге және кепіл ұстаушы мен тең қарыз алушының құқықтарын сақтауға міндетті еді, - деп хабарлады облыстық соттан.
Сайып келгенде сот орындаушыларының әрекеттері «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» және ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының талаптарын бұзған.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз, жауапкерлердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.
Сондай-ақ, сот алқасы жеке сот орындаушыларының тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар бойынша Павлодар облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшылығына тиісті шаралар қабылдау және алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу мақсатында екі жеке ұйғарым шығарды.