Бизнес • 11 Ақпан, 2025

Бизнес өкілдері Үкімет ұсынысын талқылады

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаржы министрі Мәди Такиев пен Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Астанада бизнес өкілдерімен кездесіп, салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкімет ұсыныстарын талқылады.

Бизнес өкілдері Үкімет ұсынысын талқылады

Кездесу «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды. Бұған бизнестің, қауымдас­тық­тардың, қоғамдық және са­ла­лық бірлестіктердің 150-ден аса өкілі қатысты. Олардың қа­та­рында отандық салық кеңесшілері қауымдастығының, өзін-өзі рет­тейтін қоғамдық тамақ­тан­дыру ұйымының өкілдері, Астана кәсіпкерлер палатасының өңір­лік кеңестерінің және өңдеу және фармацевтика, медицина өнеркәсібі комитет­те­рінің, «Атамекен» ҰКП, «Alageum Electric» компаниялар тобының, «Petro mining» қауым­дастығының мүшелері және басқалар бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесі теңгерімді болуға тиіс екенін атап көрсетті. Бұл нақты нұсқау болды. Ол бизнес пен мемлекеттің мүдделерін ескеруі керек. Бүгін біз басты мәселелердің бірін талқылау үшін жиналдық. Бұл қосылған құн салығына қатысты. Біз өңірлерде Экономика және Қаржы министрліктерінің, «Атамекен» палатасы өкіл­де­рінің қатысуымен кездесулер өткіземіз. Келіп түскен бар­лық ұсыныс тың­далады. Біз бірыңғай ұста­ным қалып­тас­тырамыз, өйткені Салық кодексі өте қарапайым, түсінікті, нақты болуға тиіс», деді М.Такиев.

ҚҚС – бюджетті толық­ты­рудың негізгі көздерінің бірі. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүм­кіндік береді.

Өз кезегінде А.Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.

«Біз мынадай тетікті қарас­тыруды ұсынамыз: жалпы бел­гіленген ҚҚС мөлшерлемесі – 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған сараланған мөлшерлеме: 16%, 10%, 0% және босату», деп түсіндірді вице-министр.

Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын тө­лейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олар­дың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл отандық ауыл шаруа­шылығы өнімдерін (кар­топ, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын са­ла түрлері бизнеспен әлі де талқыланып жатыр.

Сондай-ақ кездесуде жеңіл­детілген декларация мен бөл­шек салық режімін, оның мәні – кіріс шегін жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде сақтай отырып, қайта қарау бойынша ұсыныстар айтылды. Негізгі өзгеріс – бұл режімді тек B2C сегментінде (бөлшек саудада) жүзеге асыру. Жұмысшылар саны бо­йынша шектеуді алып тастау ұсынылды. Кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты еңбекақы қоры (еңбекақы төлеу қоры) сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауға ынта­лан­дыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Бұл ретте бөлшек са­лықтың 4% мөлшерлемесі (мәс­­ли­хаттардың 50%-ға тө­мен­дету мүм­кіндігімен) сақ­талады.

Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп күтіледі. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға; мем­­­лекеттік қарыз деңгейін тө­мендету және инвестициялық жобаларды несиелеуге, даму институттарын нығайтуға, тұр­ғын-үй коммуналдық шаруа­шылықты, жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстарды бағыттауға көмек­теседі.