Қоғам • 06 Ақпан, 2025

«Ң»-ды білмес дымды білмес

417 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Жана жыл құтты болсын!», деді дап-дардай танысым «ң»-сыз тілек айтып. Оның сөзіндегі «ң» дыбысын баяу есіп тұрған жел жұтқан жоқ. Табиғатынан солай сөйлей ме, әлде аралас тілдің құрбаны ма, ол жағы беймәлім. Осылай әркімнің аузынан «ң» дыбысын іздеп сабылсаңыз, бірталай жерге барып, аялдарымыз да шындық. Сөйтсек, қазір мектептегі оқушыларымыздың көбі «ң»-сыз өмір сүріп келе жатыр екен. Оларға «ң»-ың қайда дейтін мұғалімдер бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Ал бар болса, бір әріп үшін күрес жүріп жатқаны сөзсіз.

«Ң»-ды білмес дымды білмес

Сурет: tilmedia.kz

«Ң»-ды ойласам, мына бір оқиға есіме орала береді. Қы­тай­дан елімізге келе жатқан ауыл­дас ағамызды «Қорғас» кеденін­дегі бір қызметкер тоқтатып, «сөмкеңді аш» депті. Ашыпты. Туыстарына сый­лыққа ала келе жатқан жей­делерді көріп: «Мынау жана ма?», деген сұрақ қойыпты. «Жанбайды», деп жауап айтыпты ағамыз. Кеден қызметкері екінші рет «мынау жана ма?» деп сұрапты. Түк түсінбей тұрған ол «Әй, жейде жанғанын кімнен көрдің? Жанбайды ол», деп тоңқ етіпті. Сонда анадайда тұрған тағы бір кеден қызметкері келіп: «Сіз түсінбей қалдыңыз, ол жейде жаңа ма деп сұрады» дегенді айтады. Міне, осындай кішкене ғана оқиғаға «ң» дыбысы себеп болып отыр. «Қызыл тілде буын жоқ» деп түсінетін халқымыз қашаннан бері таза сөйлеп, тартыстарда, жиын-тойларда сөз сайысына шығып, «ана тілін – арым» деп білгені мәлім.

«Ң» дыбысын айта алмау­дың бірнеше себебі бар: физио­ло­гиялық жағынан дұрыс қалып­тас­паған адамның ң дыбысын дұрыс айта алмауы, яғни баланың ауыз қуысындағы, артику­­ля­ция­сын­дағы кеміс­тік­­тердің болуы (тістің қисық шығуы, таңдайдың, тілдің жы­рық болып туылуы, тіл ер­шігінің қысқа болуы т.б.). Жаңадан тілі шы­ғып келе жатқан баланың дыбыстарды айтқанда, ата-ананың ерекше мән бермеуі. Осы орайда академик Р.Сыздық­тың пікірінше, ең алдымен, баланың тілі үй ішінде, отбасында шығады. Демек, баланы ана тілінде баулуда, оның ішінде сөздерді дұрыс дыбыс­тай білуге үйрететін тұңғыш ұстазы – ата-анасы және үй ішін­дегі өзге де үлкендер екені мәлім. Сондықтан тілі шыққан балаға қазақ дыбыстарын дұрыс айтқызып үйретуге ата-ана жауапты. Баланың ана тілі дұрыс қалыптаспай тұрып, екінші тілді қатар қолдануы. Себебі тілі то­лық шыққанымен, өз ана тілі­­нің дыбыстарын дұрыс айта алмайтын балаға орыс тілінің әрі ағылшын тілінің әсері бар. Гаджеттен мультфильмдерді, бейнероликтерді орысша не ағыл­шынша көріп өскен бала міндетті түрде «н» мен «ң» дыбыс­тарын шатастырып, олардың өзара ерекшелігін ажырата алмайды. Олар үшін екеуі бір дыбыс болып қабылданады», дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты фонетика бөлі­мінің меңгерушісі Жанар Жұмабай.

Осы мәселе туралы Абай атын­дағы № 87 мектеп-гим­назияның «Қазақ тілі» пә­нінің оқытушысы Әйгерім Біржанқызын сөзге тарттық: «ң» дыбысын айта алмайтындар көбейіп кетті, неліктен? Ата-аналар тілі шыққан бала­ға санамақ, қуырмаш секілді ойын­дарды ойнатпайды. Отба­сын­да балаға жаңылтпаш жат­­­тат­­қызғанның орнына қо­лы­на смартфон ұстатып қоя­ды. Сәбилердің көретін кон­тенттерінің бәрі орысша, ата-анасы да орысша араластырып сөйлеп жатады. Бала төл дыбыстарды айтпақ тұрмақ, күнделікті тұрмыста есті­ме­ген­дік­тен айта да алмайды деп ойлаймын. Қалалы жерде қазақ тілін күнделікті қарым-қатынас тілі ретінде аз қолданғандықтан, кейбір оқу­шылар қазақ тіліндегі төл дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Әсіресе орыс тілді ор­тада өскен балалар мен жастарда «ң» дыбысын айтуға қа­жетті бұлшықеттер мен сөйлеу әдеттері дамымауы мүмкін. Балабақша мен басауыш сыныпта дыбыс­тарды өткенде әр дыбыстың дыбысталу техникасына көп көңіл бөлмеуі де мүмкін. Қазақ тілінің артикуляциялық базасында «ң» дыбысы ерекше орын алады. Ол тілдің артқы жағының жұмсақ таңдайға көтерілуі арқылы жасалады. Бұлшықеттер дұрыс жаттықтырылмаса, бұл дыбыс­ты айту қиынға соғады. Бала кезден «ң»дыбысын дұрыс айтуды үйренбесе, есейген кезде оны түзету қиын болуы мүмкін. Арнайы артикуляциялық жат­тығулар арқылы «ң» дыбысын дұрыс айтуға үйретуге болады. Жаңылтпаш жаттатқызудың көмегі зор. Ауыз әдебиетімен сусындаған бала «ң» дыбысын айтудан қиналмайды деп ойлаймын. Сабақта, үзілісте «ң» дыбысы кездесетін жаңылтпаш айтқызу арқылы күресуге болады. Мысалы, мыңғырған мал мың-мың, Маң ың-дың. Немесе: «Жер асты үңгірлері...» деп досым міңгірледі, Ол міңгірлегенде Үңгірлер де күңгірледі. Қазақ тілі пәнінен 5-сыныпта фонетика тарауын өткеміз. Буындармен жұмыс жасау барысында «Аң-аң-аң», «Ең-ең-ең», «Оң-оң-оң», «Ұң-ұң-ұң» сияқты буындарды қайталап айтқызамыз. Әр дыбысты созып айтқызса, тіл мен таңдай бұлшықеттерін жаттықтырады. Жазылым барысында да оқушылар «н» мен «ң» дыбыстарын ажырата алмай жатады. Бұндай жағдайда тілді таза әрі дұрыс меңгеру үшін «ң» дыбысы кездесетін жалғаулар мен қосымшаларды дұрыс қол­дануға ерекше мән беру керек. «Ң» дыбысы кездесетін тәуелдік, септік (ілік септігі), жік­тік жалғауларды сапалы мең­гер­ту арқылы нәтижеге жетуге болады». Біз мектепте де осындай мәселе сақталып жатқанын оқыту­­шылардан күнделікті естіп жүр­міз.

«Ң» дыбысы тек қазақ тілінде ғана емес, түркі тілдерінде де кеңінен кездеседі әрі ұлттық мәдениеттің, тілдің байырғы болмысын көрсетеді. Латын графикасында бұл дыбыс «N» немесе арнайы диакритикалық белгі арқылы беріледі. Жаңа әліпби реформалары кезінде ң әрпін дұрыс таңбалау мәселесі жиі талқыланды, себебі бұл дыбыс қазақ тілінің табиғи болмысын сақтауда маңызды рөл атқаратынын біздің ғалым­да­ры­мыз анық білетін еді. «Ң» дыбысы қазақ тілімен қатар, якут, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт сияқты түркі тілдерінде де қол­да­нылады. Ал ағылшын тілінде де «ң» дыбысы бар. Мысалы, ағылшын тілінде «sing» сөзіндегі соңғы дыбыс қазақтың «ң»-ына өте жақын, шамалас келеді.

«Ң» дыбысы – қазақ тілінің ерекшелігін танытатын төл дыбыс. Оның дұрыс айтылуы мен жазылуын сақтау – ұлттық тілді қорғаудың және дамытудың маңызды бөлігі. Ал логопед маман Ақерке Ордабайқызының айтуынша, бала қай дыбысты айта алмаса, ал­дымен тілді жоғарғы тіске тигізіп және ұстауды үйреген дұрыс екен. «Яғни дыбысы айтылғанда тіл жоғары таңдайға тиіп, діріл арқылы шығады. Сол сияқты қай дыбыс болмасын, сол дабыстың айтылуына қарай тілді икемдеген жөн», дейді ол сала маманы ретінде. Ал қазірге біз «ң»-ды білмес дымды білмес деу­ден әрі аса алмай тұрмыз. Негізі бұл үлкен мәселе, оған тек сала мамандары ғана емес, әр адам көңіл бөлуге тиіс.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15