
Араға екі ай салып әлгі профессор кабинетіне шақырды. Үстелінің үстінде «Аңыздың ақырының» ағылшынша нұсқасы тұр. Сөзді алдымен өзі бастады: «Маған осындай керемет шығарманы оқуға ұсынғаныңа алғыс айтамын. Бір айдан аса уақыт ішінде, бұл романды оқып шықтым. Маған автордың кең тынысы, әр кейіпкерін сәтті суреттегені ұнады. Біз шыны керек, Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстан қаламгерлерінің шығармашылығымен таныс емеспіз. Бәріміз бір әлемде өмір сүріп жатырмыз, сол үшін де бір-бірімізді білуге құштар болғанымыз жөн. Мен осы кітапты қолға алғанда, ішінен өзіме керекті мәдениеттер тоғысын, өзім ешқашан көрмеген елдің жағдайымен танысармын деген үмітім болған еді. Сол үмітім ақталды. Әбіш Кекілбайұлы бір ғана әміршінің өмірі арқылы бүкіл адамзаттық мәселені қозғап отыр. Біз, қоғамтанушылар, әр оқыған кітабымыздан осылай маңызды мәселелерді сезінеміз. Осыдан біраз бұрын өзің берген Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлерінен» көп ақпарат алдым. Міне, қазақ әдебиетінен екінші кітапты бітірдім. Енді қазақ қаламгерлерінің ағылшыншаға аударылған кітаптары болса, маған берерсің», деген ойын білдірді. Осылай аз болса да, жақсы романдарды аударып, шетелдік зиялы қауымға оқуға беруді дәстүрге айналдырсақ, әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттауға сеп болар еді.
Профессордың жылы сөзінен кейін менің бойымды қуаныш кернеді. Келесі күні оған Әнуар Әлімжановтің «Ұстаздың оралуы» атты романын апарып бердім. Оны да оқып, пікірін айтатын болып келіскен. Электронды поштама анда-санда көз салып, хабар күтіп жүрмін. Бір күні «Ұстаздың оралуы» туралы да жақсы лепесін жазып жіберетін шығар.