Қоғам • 05 Ақпан, 2025

Техникалық қызметкерлердің еңбекақысында теңгерімсіздік байқалған

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұлдыз Сүлейменова «AMANAT» партиясы фракциясы атынан қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын арттыру бойынша бірыңғай жүйе қалыптастыру туралы депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Техникалық қызметкерлердің еңбекақысында теңгерімсіздік байқалған

Фото: parlam.kz

Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметкерлердің, оның ішінде аталған техникалық қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен (жыл сайын орта есеппен 20%) артып келеді.

Алайда, депутаттың айтуынша осы тұрғыдағы сұрақты талдау барысында өңірлер, аудандар және тіпті бір қала ішіндегі мектептер арасында жалақының әртүрлі деңгейде көтерілгені байқалған.

Техникалық қызметкерлер жалақыны арттыру тәсілінің әртүрлі болуына шағым қалдырып отырғанын айтқан депутат Ж.Сүлейменованың сөзінше AMANAT партиясы фракциясы бұл сұрақты әрдайым айтып келеді, былтыр да халықпен кездесуден кейін осы сұрақтың шешімін ұсынатын депутаттық сауал жолдаған екен.

«Еден жуушы, плотник, сантехник, аула сыпырушы және электриктер сауықтыру жәрдемақысын төлеу және еңбекақы жүйесін жетілдіру туралы түсіндіру ақпаратынан бейхабар. Ауыр еңбекті адал атқарып жүрген нағыз еңбек адамдарына жалақыны арттырудың бірыңғай методикасы сапалы түсіндірілуі қажет. Олардың еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеуді қарастыру кезек күттірмейтін мәселе», деді Жұлдыз Досбергенқызы.

Депутаттың айтуынша сонымен қатар, техникалық қызметкерлер ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасап жүр және оған еңбекақы төленіп жатқан жоқ.

«Ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен арнайы қаражат қарастырылады. Олай болса, неге онсыз да еңбегі ауыр жалақысы төмен еңбек адамдары ондай жұмыстарға тартылуы тиіс? Бұл еңбек заңдылығына қайшы. Осы мәселеге нақты жауап беруіңізді сұраймын.

Келесі мәселе, хлор қолданатын жұмыстары күрделі техникалық персоналға қосымша ақы қарастырылмағандығы айтылып жатыр. Бұл мәселенің шешімі қалай болмақ?

Осы ретте, бюджеттік ұйымдардағы орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындаудың методикасына стаж, жүктеме, жұмыстың күрделілігі деңгейін ескеретін бірыңғай жүйе қарастырылуы тиіс және жалақыны арттыруда өңірлік және ішкі теңгерімсіздікті жою шарт», деп аяқтады депутаттық сауалын Жұлдыз Сүлейменова.