Энергетика • Кеше

ЖЭК: Жамбылда 22 нысан жұмыс істеп тұр

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірі жаңартылатын энергия көздерін дамытуда еліміз бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЖЭК: Жамбылда 22 нысан жұмыс істеп тұр

Күн мен желдің, судың табиғи қуатын тиімді пайдалану арқылы аймақ атқамінерлері экологиялық таза әрі тұрақты энергетикалық жүйе қалыптастыруды мақсат еткен.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, өңірдің табиғи жағдайы баламалы энергия көздерін өндіруге ерекше қолайлы. Сол себепті Жамбыл жері инвесторлар назарын өзіне көбірек аударып отыр.

Қазіргі кезде жалпы қуаты 571,3 мегаватт болатын жиырма екі нысан жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында алты су электр станциясы, он жел электр станциясы және алты күн электр станциясы бар.

Биылғы тоғыз айдың өзінде облыста 602,1 миллион киловатт сағаттан астам электр энергиясы өндірілген. Соңғы төрт жыл ішінде облыста бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар қуаты 100 мегаватт болатын «Жаңатас» жел электр станциясы іске қосылып, облыс энергетикасына тың серпін берді. Құны 49 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты.

2021 жылы «Тасөткел» су қоймасындағы екінші кезеңді қамтыған су электр станциясы пайдалануға беріліп, қосымша 9,2 мегаватт қуат көзі іске қосылды. Келесі кезекте Жамбыл ауданында қуаты 50 мегаватт «AEC ASA» күн электр станциясы іске қосылды. Талас ауданында да қуаты 13,5 мегаватт үш жел станциясы жұмыс істей бастады. Бұл – Шенгелді, Шенгелді-2 және Новатэкс жобалары. 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватт Шоқпар жел электр станциясы толық іске қосылды. Өңірдің табиғи әлеуетін ескерген шетелдік компаниялар да бұл бағытқа айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Мойынқұм ауданында Францияның «Total Eren» компаниясы қуаты бір гигаватт болатын ірі жел электр станциясын салуды жоспарлауда.

Жоба 2028 жылы аяқталмақ. Сарысу мен Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясы дәл осындай қуаттағы тағы бір жобаны іске асыруды қолға алған. Нысан 2029 жылы пайдалануға берілмек. Мұндай ірі жобалар іске қосылған соң облыстың жалпы жаңартылатын энергия қуаты екі жарым гигаваттқа дейін жетеді. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін еселеп арттырып, Қазақстанның «жасыл экономика» бағытына нақты үлес қосады.

2028 жылға қарай облыстағы ЖЭК саны 24 нысанға жетіп, жалпы қуаты 2,5 гигаватт болады деп жоспарланып отыр. Мұндай көрсеткіш аймақты энергия қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты да қалыптастыруға үлес қосады. Облыстық энергетика басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, бұл жобалар өңірдің әлеуметтік дамуына да оң әсер етеді. Жаңа нысандар ашылған сайын жергілікті халыққа жұмыс орындары көбейеді, ауыл инфрақұрылымы жақсарады, ал табиғатқа зиян мейлінше азаяды.

Жамбыл облысы