
– «Сталиндік көшпелілер» кітабын жазу барысында қандай тарихи құжаттарға сүйендіңіз?
– Осы еңбекті жазу үшін Қазақстан мұрағаттарының (Мемлекеттік архив және Президенттік архив) құжаттарын, сондай-ақ Ресейдің көптеген мемлекеттік және партиялық мұрағаттарындағы материалдарды пайдаландым. Өңірлік және орталық деңгейдегі құжаттарды салыстыра отырып, 1931–1933 жылдардағы ашаршылықтың себептері мен оның қалай өрбігенін тереңірек және жан-жақты түсінуге мүмкіндік алдым. Соның нәтижесінде осы кітап жазылды.
– Мұндай кітап жазу идеясы қалай пайда болды?
– Қазақстан тарихына деген қызығушылығым осы тақырыпқа арналған кітаптар мен мақалаларды оқығаннан кейін арта түсті. Сол кезде Батыс Еуропада бұл тақырып бойынша ғылыми еңбектер өте сирек еді. Мен бұл кітапты алдымен неміс тілінде жаздым. Аталған еңбек 2014 жылы жарық көрді. Сол уақыттан бері зерттеу жүргізуге де көп мүмкіндік жасалды. Осы тақырыпта көптеген маңызды еңбек жарияланды. Олардың ішінде америкалық тарихшы Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала» атты кітабы да бар, ол да кейіннен қазақ тіліне аударылды.
– Сіз қазақ даласындағы ашаршылық туралы зерттеулер жүргіздіңіз. Шетелдік ғалымдар біздің елдегі ашаршылыққа қандай баға береді?
– Байқауымша, қазір ашаршылық тарихына деген қызығушылық артып келеді. Соның нәтижесінде жұрт Қазақстандағы ашаршылық – сталиндік тарихтың жалпы көрінісіндегі және қазақ тарихындағы маңызды оқиға екенін түсіне бастады. Менің ойымша, бұл тақырып ізімен әлі де көптеген зерттеу жазылады, көптеген тарихи факті жарыққа шығады.
– Қазақ тарихы – күрделі тарих. Оның зерттелмеген тұстары жетерлік. Осындай жағдайда шетелдік ғалымдардың пікірлері мен адал көзқарастары бізге ауадай қажет. Құжаттық зерттеулер жүргізудің негізгі шарты қандай деп ойлайсыз?
– Ең маңыздысы – архивтерден табылған деректерге ашық көзқараспен қарау және өзіңнің бастапқы гипотезаға қайшы келетін мәліметтерді де қабылдау. Тарихшы өзінің қызығушылық танытқан мәселесіне адал жұмыс істеуге тиіс.
– «Сталиндік көшпелілер» атты кітабыңыз жарық көргеннен кейін ғалымдар мен тарихшылар қандай пікір білдірді?
– Әріптестерімнің жалпы пікірі оң болды. Әрине, кез келген ғылыми жұмыс талқылануы және сыналуы мүмкін. Шындығында, сындарлы сын – ғылыми еңбектің ең жақсы қабылдануы, өйткені ол өткенді тереңірек түсінуге көмектеседі. Сондықтан жұмысым бойынша қазақстандық әріптестерімнің сындарлы пікірлерін асыға күтемін.
– Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан тарихына қатысты зерттеулеріңізді болашақта жалғастыру жоспарыңыз бар ма?
– Иә. Қазақстан университеттері мен зерттеу институттарындағы әріптестеріммен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттімін. Сонымен қатар Батыс аудиториясына арналған Қазақстанның жалпы тарихы туралы кітап жазуды жоспарлап жүрмін. Қазақ тарихының әртүрлі аспектісіне арналған мамандандырылған зерттеулер бар, бірақ толық шолу жоқ. Бұл менің келесі зерттеу жобаларымның бірі деп айта аламын.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»