
Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тартуға баса назар аударуы да әлемдік көштен қалмай, ширақ қимылдайтын кезең келгенін тағы бір айқындап отыр. Ұлттық инвестициялық стратегия шеңберінде инвестициялар тарту жөніндегі қызмет экономиканың басым секторларына бағытталған. Оларға тамақ өнеркәсібі, пайдалы қазбаларды терең өңдеу, металлургия, химия және мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, туризм, тағы басқа салалар кіреді. Айта кету керек, экономикаға шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі әлемнің кез келген елінде өзекті. Дамушы елдер ғана емес, дамыған мемлекеттер де шетелдік инвестициялар үшін жарысқа түседі. Елдер инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті жүргізу үшін неғұрлым бәсекелі жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдап, салық саясатын тиімді жүргізіп, көптеген жеңілдетілген инфрақұрылымдық шешім ұсынады. Өз кезегінде инвесторлар капиталдың сақталуына, заң үстемдігіне, ашық және жайлы бизнес-ортаға кепілдік беретін елдерге оң көзбен қарайды. Табысты іске асырылған бірқатар реформаның, инвестиция тарту және инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізудің арқасында Қазақстан осындай елдердің санатына енеді.
Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестициялық штаб құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту екенін Мемлекет басшысы шегелеп айтты. Жасыратыны жоқ, елімізде инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіру әлі де көп уақыт алады. Мол қаржысы бар мықты инвесторлар үшін уақыт жоғалту ақша жоғалтумен бірдей. Сондықтан Президент тағы да Үкіметке басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуді тапсырды.
Экономикаға келетін инвестицияның жолын бөгейтін кедергілер де аз емес. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік орган қызметкерлерінің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан қашқақтауы да шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп. Есесіне, бюджет қаржысына телміріп отыру әдетке айналды.
«Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті», деді Президент.
Технологиялық оң өзгерістер еліміздің мұнайдан басқа да байлықтарына сұранысты арттырып отыр. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Отандық литий сапасы жоғары екенін әлемдік ғалымдар айтып жүр. Яғни оның «жаңа мұнайға» айналуы ғажап емес. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн деді Мемлекет басшысы. Елімізде бүгінде жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылған. Бұрын «аса құпия» саналатын сала бойынша ақпарат ашықтығы артты. Бұл – Президенттің жер қойнауын пайдалану саласындағы реформасының іс жүзінде жалғасып жатқанының көрінісі. Ал біздің міндетіміз – Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты