Қоғам • 29 Қаңтар, 2025

Таланты атажұртта танылды

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүздже қаласында (Түркия) тұратын Мұхамметәли Бозды өз ортасында көпшілік жақсы таниды. Неге десеңіз, ана тілінен бөлек түрік, саха, араб тілдерін еркін меңгерген ол өнерден де құралақан емес.

Таланты атажұртта танылды

Талантты жасөспірім бүгінде еліміздегі Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университеті түрко­ло­гия факультетінің 1-курсында оқиды. Тарихи Отанына келіп оқудағы мақсаты – өз ата-бабасының топырағын басу, салт-дәстүрін көзбен кө­ріп, сезіну. Мұхамметәли бала ке­зі­нен ұлттық дәстүрге, өз хал­қы­ның өнеріне ерекше қы­зықты. Домбыра, шаңқобыз бен барабанда шебер ойнап үйренді. 

«Музыкаға мектеп кезінен қызыға бастадым. Алғашқы ойнап үйренген аспабым барабан болды. Бала кезімде сахалық шаңқобыз орындаушысының өнерін көргеннен кейін осы аспапқа қызықтым. Бірақ оны Түркиядан табу қиынға соқты. Сөйтіп, 2019 жылы шаңқобыз сатып алып, ғаламтордағы бейнесабақтар арқылы өз бетіммен үйрендім. Кейін домбыраны да меңгердім. «Тұран» тобының музыканты Жанту Дадабаевтан алған кеңестерім өнерімді одан әрі жетілдіруге көмек­тесті», дейді ол.

21 жасында атажұртына оқуға келген Мұхамметәли тарихи мекенінің жанына жақын екенін бірден сезген. Қазіргі таңда ол білім алып жүріп, түркі халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек зерттеуге, жаңа музыкалық аспаптарды меңгеруге бел буып отыр. Болашақта түрколог маман ретінде түркі халықтарының мәдени мұрасын әлемге танытып, «Тұран» тобымен бір сахнада өнер көрсетуді армандайды.

«Әр семестрден кейін үйіме қайтып, демалысымды сол жақта өткіземін. Атажұртта қалу-қалмау жөнінде нақты шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ Түркістанда өзімді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Мені қолдаған барша жақсы жандарға алғысым шексіз», деді Мұхаметәли.

Түркияда туып-өскен Мұхам­метәлидің тарихи Отанына деген ыстық ықы­ласы шексіз екені бірден бай­қалады. Жас дарынның әр сөзі жас ұрпаққа ұлттық құн­дылықтарды қадір­леуге және мәдени мұраны сақтау жолында талмай еңбек етуге үлгі болары анық.

 

Юнус ӨЗКАН,

Қ.А.Ясауи университетінің студенті