
Сурет: vtv.vn
Артур Вайгандт:
ЖИ арқылы оператор режиссерге айналды
Мен жасанды интеллект пайда болғанда, оған қызығушылықпен әрі күмәнмен қарадым. Бұл маған тым көп уәде беретін, бірақ істегені шамалы жас көмекшімен кездескендей әсер қалдырды. Алайда қателесіппін. Ол мені таңғалдырды. Бұл жай ғана құрал емес, басқа әлеммен әңгімелесуге жаңа мүмкіндік екен. Уақыт өте келе, ЖИ құралдан да артық нәрсеге айналады. Қалай десек те, бұрынғы бұлыңғыр сезім оның көмегімен кенеттен айқын бейнеге айналды. Бұл менің қолмен басқарылатын ескі фотоаппаратымды заманауи объективке айырбастағандай әсер берді. Бір сәтте көлеңкелер айқындалып, түстер қанық бола түскен сияқты. Бұрын байқалмай кеткен ұсақ бөлшектер енді көзге көріне бастады. Осы тұрғыда камера ұстаған оператордай әлемге объектив арқылы қарадым. Мен сол арқылы қайталанбас сәттерді ұстап қалуға тырыстым: жаңбырлы көшедегі жүргіншілердің көлеңкелері көзден ғайып болған ойлардай сезілетін; ешкім отырғысы келмейтін ескі парктегі жарығы бар ағаш орындық; қарапайым көрінгенімен, ішкі драмасы мол пойыздағы әңгіме. Осындай бейнелер мен үшін ерекше сиқырға ие – басқалар байқамайтын тыныш тереңдік сыйлары да анық. Біз, жазушылар, осындай бөлшектерді жинаймыз – көрінбейтінді көрінетін етіп, олардан оқиғалар құраймыз.
Көз алдымызда ЖИ арқылы оператор режиссерге айналды. Бұл маған жаңа перспективалар ашқан камера құралы немесе өзім зерттей алмаған мүмкіндіктерді ұсынған виртуалды кеңістік болды. Ол менің ойларымдағы кей сәтсіздіктерді реттеуге көмектесті, бұрын-соңды ойыма келмеген көріністерді ұсынды, қиялымнан тыс жолдарды көрсетті. Бірде мен бір сөйлемді дұрыс жеткізе алмай қиналдым. ЖИ маған дәл жеткізгім келген ойды тап басқан сөз тіркесін жазып берді. Тағы бірде, ол көріністі қайта құрылымдауға көмектесіп, оны тың дүниеге айналдырды.
ЖИ мені түпкі ойымнан айырған жоқ. Керісінше, ол менің қаншалықты тереңдей алатынымды көрсетті. Айнаның алдындағы өзіме жақындағандай бола түстім. ЖИ құралын пайдалануда үнемі менің көзқарасым, адам жанына деген түсінігім сақталатынына сендім. Бәлкім, ChatGPT-дің нағыз күші осында шығар: ол бізді өзімізден алыстатпайды, керісінше жақындатады.
Моан Шалабия:
Мұнда нағыз сезім жоқ
Шығармашылық – әдебиеттегі негізгі адами элемент болып қала береді. Сондықтан жасанды интеллект нағыз оймен жұмыс істейтін жазушылардың орнын алмастыра алмайды. Жазушылар өз шығармаларында әлемді өзіндік тұрғыдан көрсетіп, өмірлік тәжірибесін және көркемдік сезімталдығын жеткізеді. Шығармашылық тек сөздер мен грамматиканы меңгерумен, әдеби жанрлардың құрылымдары мен түсініктерін игерумен шектелмейді. Сондай-ақ ол сезімді жеткізу, ойдан шығарылған және шынайы кейіпкерлер жасау, түрлі тақырыптар мен жанрларды зерттеу қабілетін қамтиды. Қаламгерлер өз мәдениетінен, кейіпкерлерінің өмірінен, сенімдері мен армандарынан шабыт алатыны сөзсіз. Оқырман жүрегіне жететін шығармалар үлкен ой мен терең шабыттан туады. Ал бұл қасиетті ЖИ орындай алмайды.
Әдебиет – жазушылардың өз аудиториясымен байланыс орнату құралы болып келе жатқанына сан ғасыр өтті. Олар өз идеяларын, шығармашылық түйсігін, өмірлік тәжірибесін оқырмандарымен бөліседі. Латын Америкасы әдебиетін мысалға алсақ, автор мен оқырман арасындағы эмпатия шығарманың мәнін арттырып, оны белгілі бір толық контекске айналдырады. Ал ЖИ-дің осындай байланыс орнатуға қабілеті жете бермейді. Сондықтан оның туындылары оқырман үшін әсерсіз әрі мағынасыз болуы мүмкін.
Таза шығармашылық ақын-жазушылардың ішкі әлемімен ғана емес, сонымен қатар олардың өз ортасы және әріптестерімен өзара әрекеттесуіне де байланысты. Жасанды интеллект әдеби шығармашылық саласында керемет жетістіктерге жеткенімен, ол жазушының ойын дәл тауып қағазға түсіре алмайды. Шығармашылық, эмоция және адами сезімталдық – әдебиеттің маңызды элементтері болып қала береді. Сондықтан жазушылар әдеби әлемде мәңгілік өз рөлін атқара бермек. Дегенмен, ЖИ жазушыларға өз еңбектерін дамыту мен жетілдіруге көмектесетін құнды құрал бола алады. Мұндағы маңыздысы – тепе-теңдік сақтап, жасанды интеллектіні адами шығармашылыққа қауіп ретінде емес, оны толықтыратын мүмкіндік ретінде қарастыру.
Сао Шүй:
ChatGPT – сезімсіз робот
Қытайдағы көптеген жазушы ChatGPT-ді қолдануға тырысып жатыр. Мен де осы технологияға қызығушылық танытып, ChatGPT-ге «Ұлы қайғы биі» атты поэма жазуды сұрадым. Ол маған өз нұсқасын ұсынды. Оның дайындап берген нұсқасы құрылымдалған, метафораларды пайдаланғанын білдім. Тілі механикалық және поэтикалық тереңдіктен жұрдай болып шықты. «Қайғыны күшке айналдыру» тақырыбындағы бірсарынды мәтін ретінде көрінеді. Салыстырсақ, айырмашылық айқын көрініп тұр. ChatGPT жасаған өлеңдер құрылымдық жағынан өлеңге ұқсағанымен, бірақ олар адам жанының тереңдігінен қара жаяу болып шықты. Поэтикалық тәсіл мен тақырып жағынан алғанда, ChatGPT – сезімсіз робот, ал нағыз жазушы шығармаларын жүрекпен жазады.
Мен әдетте поэзия, эссе, сондай-ақ роман және сценарий жазамын. Бірде маған бір режиссер «Мен қар барысы ханзадасымын» деген әңгіме мазмұнын жіберді. Оны оқып отырып тек жасанды интеллект жасаған стандартты сюжет екенін түсіндім. Сұрастыра келе, шынымен ChatGPT арқылы жазылғанын білдім. Дегенмен, ChatGPT аударма жасау кезінде өте пайдалы екенін байқадым, себебі ол сөздіктерді ақтаруға кететін уақытты үнемдейді. Бірақ мәтінді толыққанды жеткізу үшін міндетті түрде түзетулер енгізу қажет.
Зәуре Төрехан:
Пайдасы зор көмекші
ChatGPT-дің мүмкіндіктері зор екені, оны әркім өз білгенінше қолданып жүргені бәрімізге мәлім. Оның пайда болғанына небәрі екі жылдан асса да, осы уақыт аралығында қарқынды дамып кетті. ChatGPT қолдану әзірге заңмен шектелмеген, сондықтан тұтынушылар барлық мүмкіндігін көргісі келетіні түсінікті. Мәселен, кейбіреулер қиын ғылыми мәселелерді шешуге қолданса, басқа біреулер жақын байланыс құрып, өзінің сүйіктісі ретінде қабылдайтынын ашып айтты. Ал әдебиет саласында ChatGPT қалай қолданылып жүргені әзірге белгісіз, жуық арада ЖИ көмегімен жазылған ірі, көлемді шығармалардың пайда болатынына да сенуге болады. Алайда оның жазуында адамға тән жан, сезім, ерекше магия болмайды деп ойлаймын, оның жазуы роботтыкіндей. Кітапты оқығанда сол кітапты жазған жазушымен тілдескендей боласың, сол жазушының жанымен жанасқандай сезім пайда болады. Ал ChatGPT ондай әсер бере ала ма? Оның жаны, санасы бар ма? Бұл үлкен күмән тудыратын сұрақтар.
Өз басым ChatGPT-ті анда-санда керек болғанда қолданамын, мәселен бұрындары гуглдан іздеуші едім, қазір қандай да бір сала бойынша сұрақтарым болса, ChatGPT-ге қоямын, өзімді Star Trek сериалындағы кейіпкерлер сияқты сезінемін. Артықшылығы, бұл уақытыңды үнемдейді, қойған сұрағыңа нақты жауап береді. Ал кемшілігі, оның жауабына кейде күмәнмен қарап, дәстүрлі іздеуші құралдар арқылы тексеріп отыруға тура келеді. ChatGPT өте пайдалы көмекші және пайда болғанына қуанамын, себебі ол бізді жаңа заманға, ғарышты игеру уақытына жақындатады деп ойлаймын. Beacon 23 деген сериалға айналған Хью Хауидің қысқа әңгімелер сериясында ЖИ адамға жақсы көмекші ретінде көрсетілген, алайда онымен қарым-қатынасты адамның өзі орнатады және соған қарай ЖИ-дің де адамға қызметі өзгереді. Осындай жеке-меншік көмекшілер жақын болашақта бәрімізде болады деп ойлаймын, себебі біз қазір төртінші өнеркәсіптік төңкерісті бастан кешіріп жатырмыз. Ол біздің әлемімізді адам танымастай өзгертетіні белгілі, бірақ өзгерістер қандай жағдайға әкелетінін ешкім де білмейді, әліптің артын бағайық.
Ұлықбек Өмекеев:
Қырғыз тілі бұл салада ауқымды емес
ЖИ басқа тілдердегі ақпаратты бізге жеткізуде өзінің белсенділігін көрсетіп жатыр. Әрине, ChatGPT эмоционалды интеллектіні алмастыра алмайды. Адамның ақыл-ойы мен жадын қайталай алатын бұл «ғажайып» платформа адам өзі жазғандай әсер бермейтіні де рас. Кісінің махаббатын, тілегі мен арманын аша алмайды. Қырғызстандағы жазушылардың көпшілігі, әсіресе жастар ChatGPT платформасымен таныс болғанымен, оны пайдаланатындар аз. ChatGPT арқылы поэзия немесе проза жазған бірде-бір ақынды немесе жазушыны кездестірмедім. Өйткені қырғыз тілінде шығармалар жазғанда, ондағы қор әзірше өте әлсіз. Мұның бірінші себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, қаламгердің жүрек қалауын жеткізу жағы кемшін, екінші себеп – қырғыз тілінің ғаламторда ағылшын, орыс тілдеріндегідей кең таралмағандығы. Білікті және шығармашылықты түсінетін жазушылар бұл «жаңалықты» ешқашан пайдаланбайтынына сенемін. Жасанды интеллектіні поэзияда, прозада және драматургияда қолдану Қырғызстанда әлі кең ауқымда емес. Бұл үрдіс болашақта ChatGPT мүмкіндіктері кеңейген кезде қолданылуы мүмкін.
Дайындаған –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»