Ғылым • 24 Қаңтар, 2025

Шетелдегі ғылыми тағылымдама: нәтижесі қандай?

305 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміздің білім брендіне айналған «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жоба­сымен жыл сайын көптеген ізденуші шетел­дің маңдай алды оқу орын­дарында білім алып, ғылыми тағы­лым­­дамадан өтіп жатыр. Олардың шетелдегі білім сапары қалай болғаны, не үйреніп, нелерді түйгені және алған білімін елге қайтып келген соң, өз саласында қалай пайдалана­ты­ны та­лайды қызықтыратыны сөзсіз. Осыған орай АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде білім алып жатқан Айнұр Сләмғажы, Ұлыбританияның «King’s College»-інде ғы­лы­ми тағы­лымдамадан өткен Бейімбет Дәрібаев, Кали­фор­ния уни­вер­­ситетінде оқыған Шырын Қадылқызы, Бэйлор универ­си­­­те­тінде оқыған Достілек Дәуітбекті сөзге тартқан едік.

Шетелдегі ғылыми тағылымдама: нәтижесі қандай?

Сурет: ru.freepik.com

ап

Айнұр Сләмғажы:

Зерттеуіміз Lexington Books-те жарық көрді

Тағылымдаманың маңызы шетелдік ғалымдармен танысу, байланыс орнату, тәжіри­бе алмасу керемет мүмкіндік болды. Мені ерекше қуантқан жайт, біз тағылымдамадан өтіп жатқан Джордж Вашингтон университетінде өзім еңбектерін, кітап, мақалаларын докторантурада оқып жүрген кезімде, одан кейін де талай оқып, ғылыми жұмыстарымда басшылыққа алған, сілтеме жасаған Себастьен Пейрус, Марлен Ларуэль сынды ғалымдармен жүзбе-жүз танысу, олар ұйымдастырған дөңгелек үстел, конференцияларына қатысу мүмкіндігі болды. Екеуімен де жүргізіп жатқан зерттеуімді талқылап, пікір ал­мас­­тым. Зерттеу жұмысым олар­дың үлкен қызығушылығын туды­рып, Себастьен Пейрус алдағы уа­қытта зерттеуіме байланысты «Central Asia Program» аясында семинар өткізуге ұсыныс білдірді.

Қазір тағылымдамадан өтіп жат­қаны­мызға жарты жылдан асты, бұл менің еңбек жолымдағы ең бір жеміс­ті кезең дер едім. Мәселен, күзде, тағы­лым­да­ма­мыздың төртінші айында непал­дық зерттеушілермен бірге көші-қонның БАҚ-тағы көрінісі туралы зерттеуіміз «Lexington Books» бас­пасынан шыққан «Displacement and Refugee Issues in South Asia: Uncovering the Contested Realities» атты кітапта бөлім болып жария­ланды.

Одан бөлек, «Palgrave Mac­millan» баспасынан жарық кө­ре­тін екі кітапқа бөлім жаздым. Бірі Орталық Азиядағы көш­басшы әйелдердің медиадағы репрезентациясына байланыс­ты болса, екіншісі – COVID-19-дың Қытай имиджіне, «Бір белдеу, бір жол» бастамасына әсері, БАҚ-тағы көрінісіне байланыс­ты зерттеу. Дәл осы зерттеуіме байланысты күзде Сиракьюс қаласында өт­кен Орталық Азияны зерттейтін ғалымдардың басын қосқан CESS (Central Eurasian Studies Society) конференциясында баяндама жасадым. Бұл екі кітап та шілде айында жарық көреді. Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың отандық медиадағы көрінісі жайындағы зерттеуімізді аяқтадық. Алда­ғы уақытта шетелдік және тағы­лымдамадан өтіп жатқан ғалым­дар бірлесіп ғылыми конференция ұйымдастыру, сондай-ақ уни­вер­ситет оқытушыларымен бір­лесіп зерттеу жасауды жос­парлап отырмыз.

Мұндағы мені қызықтырған бір жайтты айта кеткім келеді, мүмкін алдағы уақытта елімізде де жүзеге асар... Мен университет ұйымдастырған лекциясынан бөлек, көп уақытымды кітапханада өткіземін. Мұнда кітапхана тек кітап қоры, білім қойнауы ғана емес, интеллектуал­ды орта, ол 24 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді. Қайнап жатқан тіршілік, әр бөлмесінде зерттеу методологиясы, сандық зерттеуде қолданылатын бағ­дар­ламалар, статистикалық талдау, өзге де бағытта шеберлік сағаттары өткізіледі. Кітапхана қызметкерлерінің бәрі ғылыми дәрежесі бар, академиялық еңбек жазып жүрген зерттеушілер. Олар қандай бағытта шеберлік сағатын өткізсе, сол саланы зерттеп жүрген нағыз мамандар. Кітапхана қоры да бай, еліміздегі ғылыммен айналысып жүрген әріптестерім, таныстарым қандай да бір ғылыми еңбекті іздегенде «Осы еңбекті жібере аласың ба?» деп маған жүгінеді. Бұл, өкі­­ніш­ке қарай, біздің универси­тет­­­­­­­­­тер ға­лымдарды жеткілікті түрде қа­­­жетті материалмен қамтама­сыз ете алмайтынын байқатады. Ал­да­ғы уақытта, осы мәселелер шеші­лер деп ойлаймын.

 

ап 

Бейімбет Дәрібаев:

«Болашақтың» берері мол

Мен әлемге танымал универ­ситет­тердің бірі – «King’s College London»-да тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болдым. Зерттейтін салам білім беру менедж­ментіне қатысты, ал зерттеу жұмысым «Жоғары білімдегі бағалаулар үшін жасанды интеллект көмегімен дербестендірілген кері байланыс» тақырыбын қамтиды. Бұл тақырып қазіргі таңда жасанды интеллектінің білім берудегі рөліне қатысты жаһандық талқылаулармен тығыз байланысты.

Бір жылдық тағылымдама кәсіби және жеке тұрғыдан даму барысында маңызды рөл атқарды. «King’s College London»-да оқу маған үздік зерт­теу­шілермен жұмыс жасауға, алдыңғы қатарлы ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Еңбегім жасанды интеллект көме­гімен студенттердің жеке оқу қа­жеттіліктеріне бейімделген кері байланыс ұсынудың жолдарын зерттеуге бағытталды. Білім беру және технология саласындағы мамандармен ынтымақтастықта жұмыс істеу дәстүрлі бағалау әдістеріндегі олқылықтарды толтыруға мүмкіндік беретін жаңа құралдар туралы түсінігімді кеңейтті. Бұл жоба әлемдегі жоғары білім жүйесі үшін маңыз­ды әсері бар салаға өз үлесімді қосуға мүмкіндік беретіні анық.

Академиялық мәдениет сыни ойлауды және ынтымақтастықты қолдап, әр талқылау жаңа ой мен көзқарасты ұсынды. Семинарлар мен конференцияларға қатысып, өз саламдағы әріптестерім мен тәлімгерлерімнен ғана емес, өзге сала ғалымдары бөліскен идея­лардың алуан түрлілігінен де үйрендім. Бұл тәжірибе білім жүйесіне инклюзивтілік пен қолже­тімділікті арттыру үшін жасанды интеллектіні тиімді интеграциялау қажеттілігі туралы түсінігімді тереңдете түсті. Әрине, бұл тәжірибеде қиындық та кездесті. Әлемге танымал оқу орнында қарқынды зерттеу ортасына бейім­делу маған шыдамдылық пен икемділік дағдыларын дамы­туға түрткі болды. Бірақ бұл қиындық менің мәселені шешу дағды­ларымды нығайтып, білім беру менеджментінде айтарлықтай үлес қосуға деген ұмтылысымды одан әрі арттырды.

Сондай-ақ қазақ мәдениетін өз әріптестеріммен бөлісуге тырыстым. Оларға дәстүрлі қазақ тағамдарын таныстырып, ұлттық мерекелер мен дәстүріміздің маңыздылығын түсіндірдім. Бұл мәдени алмасу өзара түсіністікке ықпал етіп, кәсіби ынтымақтастықтан тыс қарым-қатынасты нығайт­ты. Тағылымдама маған терең әсер қалдырды. Ол тек білім менеджменті саласындағы сауатымды жетілдіріп қана қой­май, ойлау көкжиегімді де кеңейтті. Бұл маған елімізде және жаһандық деңгейде жоғары білім саласында инновациялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді. Бұл сапар жаһандық ынтымақтастық пен мәдени алмасудың өз саламызды оң бағытта өзгертуге қабілетті күш екеніне сенімімді нығайтты. Осыған орай, маған осы керемет мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасы мен «King’s College London»-ға алғысымды білдіргім келеді. Бұл жыл мен үшін даму, зерттеу және шабыт жылына айналды. Тағылымдамадан алған білімімді академиялық және кәсіби жолымның іргетасы деп толық сеніммен айта аламын.

 

ап 

Шырын Қадылқызы:

Дүниетанымымыз кеңейе түсті

Америкалық білім жүйесін өз көзіммен көріп, сол жүйе туралы тереңірек зерттедім. UC Davis университетінде өткізген 7 айымда мен жаңа біліммен қатар, көптеген мәдени тәжірибе мен өмірлік дағдыға ие болдым. UC Davis-те оқудың ерекшелігі, тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибелік дағдыларға да басымдық танытады. Америкалық оқу жүйесінде студенттердің жеке пікірлері мен зерттеулеріне үлкен мән беріледі. Курс материалдарын терең талқылау, топтық жұмыстар, зерттеулер мен жобалар арқылы өз пікіріңді қорғай білу дағдыларын меңгеру маңызды орын алады. Әр сабақ сайын маған жаңа ақпараттар мен көзқарастар ашылып, білімге деген құштарлығымды одан әрі арттыра түсті. UC Davis-тің білімді оқытушы-про­фес­сорлары тек кәсіби білім­­мен ғана емес, сондай-ақ адам­гер­шілік қасиеттері мен студенттермен қарым-қатынастағы ашық­тығымен де үлгі көрсетті. Олар әрқашан студент­тер­дің сұрақтарына жауап беруге да­йын екендігін білдіріп, ғылыми ізденістерімізді қолдады.

Тағылымдама барысында Жапония, Корея, Сауд Арабиясы және басқа да елдерден келген студенттермен танысып, олардың мәдениеті мен білім жүйелері туралы біліп, түрлі көзқараспен таныс­тым. Бұл халықаралық орта дүние­таны­мымның кеңеюіне үлкен ықпал етті. Елге оралған соң, алған білімімді қолдану арқылы білім жүйесін дамытуға үлес қосуға ұмтылып отырмын. АҚШ-тағы тәжірибем мен білімімді мемлекетіміздің білім саласында пайдаланып, жоғары оқу орын­­­дарының оқу әдістемелерін же­тіл­­діруге, инновациялық технологияларды енгізуге, студенттерге әлемдік деңгейде білім алу мүм­кіндігін ұсынуға тыры­са­­­­­мын. Басты мақсатым — студенттерге­ сапалы білім беріп, олардың болашақта білікті маман болуына жол ашу.

 

мап

Достілек Дәуітбек:

Озық университеттен үйренеріміз көп

АҚШ-та ғылымды қаржы­ландыру деңгейі өте жоғары. Ғылыми зерттеулер мемлекеттік гранттар, жекеменшік ком­па­ния­лардың қолдауы және венчурлық капитал арқы­лы қар­жы­ландырылады. Зерт­теулерді жүзеге асыру үшін заманауи инфрақұрылым, озық технологиялар мен жабдықтар қолжетімді. Университеттер икемді жұмыс кестесін ұсынады, бұл ғалымдарға зерттеулерін кез келген уақытта жалғастыруға мүмкіндік береді. Елімізде ғылым саласында бірқатар күрделі мәселелер бар. Ғалымдардың еңбекақысы төмен, ал университеттерде оқытушылардың жүк­темесі көп. Қазіргі уақыт­та Қазақстанда ғылыми зерттеу­лердің нәтижесі мен сапасына емес, сандық көрсеткіштерге, әсіресе Web of Science және Scopus базасындағы жарияланымдарға басымдық беріледі. Бұл жүйенің артықшылығы болғанымен, кемшілігі де жоқ емес. Мәселен, сапасы күмәнді ақылы журналдар мен MDPI журналдары да осы базаларға кіреді. Аустра­лия мен Қытай бұл мәселелерді шешу үшін нақты қадамдар жасаған. Бұл елдерде Web of Science пен Scopus журналдары сапасына қарай Q1, Q2, Q3 деңгейлеріне бөлініп, сапасыз басылымдар сүзгіден өткізіледі. Сонымен қатар Q1 деңгейіндегі бір мақала Q2 деңгейіндегі екі мақалаға, ал Q3 деңгейіндегі үш мақалаға теңестірілетін жүйе енгізілген. Бұл тәсіл ғылыми сапаны арттыруға ықпал етеді. АҚШ пен Қазақстан универ­ситеттерін салыстырсақ, бізде университеттің рейтингісін көте­ру үшін амалдар жасаса, ал АҚШ-та сапасын арттыруға жұ­мыс жасайды. Мысалы: ҚазҰУ QS World University Rankings 2025 бойынша 163-орында тұрса, Бэйлор университеті 1001-1200 орындар аралығында орналасқан. Алайда университеттердің ішкі құрылымы мен мүмкіндігі айтарлықтай ерекшеленеді, ҚазҰУ-де қаржыландыру негізі­нен мемлекеттік бюджетке тәуелді. Заманауи жабдықтар мен инфра­құрылым жеткіліксіз. Тақталар мен компьютерлер ескірген, интернет желісі әлсіз. Оқытушыларда жүктеме көп, жа­лақысы мардымсыз. Ал Бэйлор уни­верситеті жекеменшік универ­ситет ретінде оқу ақысы, қайы­рымдылық қорлары мен зерт­теу гранттары арқылы қаржы­ландырылады. Заманауи зертха­налар, кітапханалар және техно­логиялық мүмкіндіктер кеңінен қо­л­жетімді. Алдағы уақытта елі­міз­дегі білім жүйесі біртіндеп сапа­ланады деген ойдамын.

 

Дайындаған –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15