
Сурет: qaz.ulysmedia.kz
Қазіргі таңда цифрландырудың ең жарқын мысалы – цифрлық құжаттар бүгінде толыққанды физикалық құжаттарға теңестірілді. Азаматтар ел ішінде ұшақтарда, пойыздарда тек цифрлық құжаттардың негізінде еркін жүре алады. Былтыр бұл қызмет 200 млн-нан астам рет көрсетілген. Тағы бір жетістік – онлайн нотариус.
«Дегенмен, кейбір азаматар қызметті қолдануда ыңғайсыздыққа тап болатынын байқадық. Олар қосымшадан іздеу, сілтемені көру сияқты міндеттерді қиынсынады. Оларға әлі де халыққа қызмет көрсету орталығына барған жеңілдеу. Сондықтан бұл жерде жасанды интеллектіні енгізу қажет деп санаймыз. Жасанды зердені бизнес салаларына енгізу де еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне елеулі әсер етеді. Экономика тиімдірек болады, еңбек өнімділігі артып, білім саласы дамиды. Енді біз жасанды интеллект негізінде виртуалды көмекшілерді енгізу бойынша жұмыстарды бастадық», деген еді Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Бұл міндеттердің барлығы Жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасады. Аталған тұжырымдамада бірнеше маңызды бағыт бар. Біріншісі – суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дайындау, екіншісі – заңнамалық актілерді шығару, үшіншісі – адами капиталды дамыту. Биыл осы үш бағыт басты назарда болмақ.
Жыл сайын еліміздегі стартаптардың саны мен сапасы артып келеді, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. «Astana Hub» технопаркі осы жылы да «Silkway Accelerator» және «AI’preneurs» секілді табысты бағдарламалар легін жалғап, стартап негізін қалаушыларға қолдау көрсетеді. Былтыр құрылған «Astana Hub Ventures» қоры биыл жергілікті стартаптарды қолдауда маңызды құралға айналмақ. Айта кетейік, 10 миллион доллар көлемінде бағаланатын бұл қор «Astana Hub» бағдарламасының түлектеріне инвестиция салуға бағытталған.
Айта кетейік, бүгінде «Astana Hub» технопаркі 1 500-ден астам қатысушыны бір арнада тоғыстырады. Олардың қатарында жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін 150 стартап бар. Жаңа «Alem AI» орталығы еліміздің ЖИ саласындағы өңірлік көшбасшы рөлін нығайтып, инновациялар, зерттеулер мен жаһандық ынтымақтастық үшін ауқымды платформа ұсынады.