
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сонымен қоғам дамып, біз соның көшіне ілесу үшін өмір сүріп келеміз. Ал осы барыста біз – әкелер қауымы ең маңызды жауапкершілігімізден тайқып бара жатқандаймыз. Әрине, ол – бала тәрбиесі. Шыны керек, қазір қоғамда көбіне бала тәрбиесімен аналар айналысады. Сол үшін де көп жағдайда әйел қауымының аузынан «әкесі – жұмыста» дегенді көп естиміз. Жұмыстағы әкенің үйдегі баласына деген әкелік тәрбиесі ақсай бастағанына да біраз уақыт болды. Өмір сүру үшін, отбасын асырау үшін ер-азаматтардың үнемі жұмыста жүретініне біздің қоғам да үйренді.
Шындығында, бала тәрбиесіне өмірлік тәжірибе мен мейірім-махаббат, хакім Абайдың сөзімен айтсақ, «жылы жүрек, нұрлы ақыл» керек екені анық. Онсыз берілген тәрбие әлсіз һәм жеткіліксіз болмақ.
Сол үшін де біздің халқымыз ғасырлар бойы өз дәстүрінен айнымай, бала тәрбиесі ұлт болашағын қалыптастыратын ең маңызды міндеттердің бірі деген түсінікте болды. Көптеген ұлы тұлға өз өмірлік тәжірибелері мен даналықтарын бала тәрбиесіне арнап, осы бағытта маңызды ойлар қалдырды. Олардың өмір жолы мен ұстанымдары бізге балаға тек білім мен тәртіп үйретіп қана қоймай, оның рухани, моральдық қасиеттерін де дамыту қажет екенін түсіндірді.
Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби тәрбие мен білімнің үйлесімділігі хақында және оның рөлі туралы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бәріміздің есімізде. Оның ойынша, балаға білім беруде оны тәрбие негіздерімен ұштастыру керек. Тек білімді ғана емес, адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік қасиеттерін бойына сіңірген адам ғана қоғамға пайдасын тигізеді. Әл-Фарабидің бұл пікірі бала тәрбиесінде ақыл мен жүректің қатар қалыптасуында әкенің рөлі зор екенін көрсетеді.
Ал хакім Абай «Адамның жақсысы – адамға сүйіспеншілікпен қарайтыны» деп, тәрбиенің басты мақсаты – баланы адамгершілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеу екенін жеткізеді. Мұнда дала данышпанының ойынша, бала ата-анадан көргенін қайталайды деген ұғым жатыр. Егер «заманына сай адамы» дегенді алға тартар болсақ, қазіргі балаларға әкенің құшағы, мейірімі, махаббаты, жылы сөзі мен шабыты, тіпті қас-қабағы қажет екенін аңдаймыз. Лев Толстой бала тәрбиесінде махаббаттың және сенімнің ерекше орын алатынын жазады. Ол балаларды өз пікірін ашық айтуға және жауапкершілікті өз мойнына алуға баулуды ұсынған. Толстойдың педагогикалық көзқарасы бойынша, бала тәрбиесінде ұрыс-керіспен емес, махаббат пен мейірім арқылы тәрбиелеу тиімді. Балаға оның құндылығын сезіндіру, оған сенім арту – оның болашақта өзіне сенімді, жауапты тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Әлемді өзгерткен ғалымның бірі Томас Эдисон бала тәрбиесінде өз қателіктерінен сабақ алудың маңызын ерекше атап өткен. Ол өз анасының оның қателіктерін сынаудың орнына, әрдайым қолдау көрсетіп, жаңа нәрсені үйренуге ынталандырғанын еске алады. Эдисонның бұл көзқарасы баланы әр қателік үшін жазалау емес, оны тәжірибе ретінде қабылдауға баулудың бала тәрбиелеп отырған ата-ана үшін қажетті екенін түсіндіреді. Өйткені қателіктерден сабақ алу арқылы бала өмірлік маңызды дағдыларды меңгереді. Бәріміз білетін үнді көсемі Махатма Ганди әкенің бала тәрбиесіндегі маңызы туралы айта келіп, әкенің өз баласына үлгі көрсетудің тәрбиенің ең мықты әдісі екенін алға тартады. Осындайда ойымызға қазақтың «әке көрген оқ жонар» деген даналығы түседі. Махатма Ганди «Сен өзің көргің келетін өзгерістің үлгісіне айнал» деген қанатты сөзімен-ақ өзінің өмірлік тәжірибесін қорытындылайды. Пайымдасақ, оның пікірінде асқар тау әкелер балаларын әділеттілік, қарапайымдылық және мейірімділікке тәрбиелеуде өз мінез-құлқымен үлгі болуға үндейді.
Біз мысал келтірген ұлы тұлғалардың бала тәрбиесіне қатысты айтқан ойлары ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибе мен даналықтың жемісі. Тәрбие барысында тек білім беру ғана емес, сонымен қатар рухани құндылықтарды қалыптастыру, баланың жеке тұлға болып жетілуіне жағдай жасау өте маңызды екенін бүгінгі қоғамдық жағдайлар сезіндіріп отыр.
Қазіргі балалардың мінез-құлқы, қызығушылығы, тәртібі, арманы мен мұраты, күнделікті өмірі бұрынғы заманға мүлде ұқсамайды. Технократтық қоғамда өскен баланың өміріне техникалар араласты. Біз қазір балалардың балалық шағын, қоршаған ортамен байланысын, рухани құндылықтарға деген ұмтылысын жоғалтып алдық. Ал осындай қоғамда бала тәрбиесі тіптен қиындап барады.
Әсіресе ұл бала үшін әке бейнесі нағыз азаматтың үлгісі мен өмірлік ұстазы болмақ. Бала біреуден жәбір көрсе немесе қиналса «әкеме айтамын» дегені соның дәлелі. Ол үшін әкесінен биік, әкесінен мықты ешкім жоқ. Ендігі біздің міндетіміз – әке ретінде балаларымызды жауапкершілікке, тәртіпке, еңбексүйгіштікке баулу. Ұл бала отбасындағы әкенің іс-әрекетін, сөзі мен қарым-қатынасын бақылау арқылы өмірлік құндылықтарды үйренеді. Мысалы, әкенің күнделікті еңбегі, отбасы мүшелеріне деген қарым-қатынасы, сабырлығы мен табандылығы баланың бойына көшеді, сіңеді.
Психологтердің айтуынша, әкесімен жақын қарым-қатынаста өскен бала сенімді әрі батыл болып өседі. Ол өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда еркін қимылдап, дұрыс шешім қабылдауға қабілетті келеді. Осы орайда біз әке тәрбиесінің рухани негіздері туралы да тоқтала кетпекпіз. Ұлттық дәстүрлерді құрметтеу, адалдық, шыншылдық және жақындарына қамқорлық көрсету – мұның бәрі әке арқылы балаға берілетін құндылықтар. Мысалы, ертеде әке баласына «төрт құбылаң тең болсын», «елге қызмет ет» деген сияқты өсиеттер арқылы оның азаматтық парызын түсіндірген. Бұл туралы мысалдар жетерлік. Абылай ханның тұлға болып қалыптасуына әкесі Көркем Уәлидің тәрбиесі үлкен әсер етті. Көркем Уәли ұлын жастайынан ел басқару, әділдік және жауапкершілік қасиеттеріне баулыған. Жас Абылай әкесінің өнегесін алып, батырлығымен, ақылдылығымен елдің ықыласына бөленді. Бұл Абылайдың бүкіл қазақ халқының ханы болуына негіз болды. Абайдың даналыққа толы өмір жолында әкесі Құнанбайдың орны ерекше. Құнанбай қажы – өз дәуірінде әділдігімен, көрегендігімен танылған тұлға. Ол баласына терең білім алу, әділ болу және халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу сияқты қасиеттерді сіңіргені белгілі. Абайдың ойшыл әрі әділ болып қалыптасуына Құнанбайдың қатал тәртібі мен өнегелі тәрбиесі әсер етті. Құнанбай ұлының тек өз отбасына емес, бүкіл қазақ еліне қызмет етуін мақсат тұтты. Нәтижесі ойдағыдай болғаны шындық.
Әке тәрбиесінің заманауи талаптары бүгінде қоғамда әке тәрбиесіне қатысты көзқарастар өзгеріп келеді. Әкелер бұрынғыдай тек асыраушы рөлінде қалып қоймай, баланың күнделікті өміріне белсене араласуы керек. Осы туралы көзқарасын білу үшін, «Тәрбие танымдары» кітабының авторы, бала тәрбиесі туралы сарапшы Оразбек Сапарханды сөзге тарттық. «Бүгінгі баланың өмірінде әке бар ма? Болса, бала тәрбиесіне ықпалы қаншалық? Бұл бала тәрбиесінің сапасын шешетін елеулі сұрақтар. Себебі әкенің ықпалы болмаған тәрбие жұмысы ақсақ, қанаты қайырылған құс сияқты шоқалақтап, жер бауырлап қалады. Тәрбие жұмысы кешенді, ауқымды іс болғандықтан, тек бағып-қағумен, экономикалық тұрғыда қамтамасыз етумен әкенің міндеті бітпейді. Өкінішке қарай, бізде әкенің де міндетін анасы қоса атқарып жүретін жайттар бар. Ана – бала тәрбиесіндегі маңызды тұлға. Алайда қаншалықты дегдар, қаншалықты білімді, өнегелі болса да әкенің орнын ана ешқашан баса аламайды. Бүгінде баланы мектепке апару, үй тапсырмасын қадағалау, қосымшаға беру сияқты бірқатар жұмыстарымен қоса, тәрбие жұмысының барлық жауапкершілігін ананың мойнына артып қоятын жағдайлар бар. Тіпті қай баласы қай сыныпта білім алатынын білмейтін әкелерді, тәрбиеден ақау шықса, «не қарап отырсың?» деп жұбайынан сұрайтын отағасыларды көріп таңғалдым. Бала тәрбиесінде әкенің мұндай салғырттық, немқұрайдылық танытуы, жауапкершіліктен қашуы дұрыс емес. Әкенің болмыстық маңызы. Мақалда айтылатын «әке – асқар тау» ұғымы үлкен мәнге ие. Бала тәрбиесінде әкенің таудай биік болмысы, кең мінезі, саф ауасындай таза жүрегі, «бұлақ» пен «құрақтан» аласармайтын асыл қасиеті ерекше рөл ойнайды. Әке баланы белгілі тұлғалық қасиетке баулиды. Бір байқағаным, әкелер өзара, қазіргі ұл балалардың қыз мінезділігін жиі сынайды. Бұл қоғамдық тенденцияның астарында әкелердің тәрбие ісінде өз рөлін толық атқармауы жатыр. Тұрмыстық қажеттілігі, интеллектуалдық жәрдемді былай қойғанда, мектептегі іс-шаралардың өзінде әкелерді өте сирек көреміз. Барлық жерде маңызды, жәрдемші, сыртқы көріністегі қамқоршы тұлға анасы. Мұндайда ұлдар қыз мінезді болмай не болады? Бұл тұрғыдан әкенің бала өмірінде өз рөлін ашық орындауы, көз алдында болуы, бастамашы тұлға екенін көрсетуі аса қажет дүние. Ана беретін мінез бар да, әкеден даритын мінез бар. Анадан жұғатын іскерлік болғаны сияқты әкеден көретін іскерлік бар. Сол сияқты әкенің балаға беретін тұлғалық қасиет, интеллектуалдық деңгей, психикалық күйді басқа адам бере алмайды. Әрбір әке осыны ескеріп, бала тәрбиесін ұлттық мәселе ретінде қарап, бір жағында өзі жүріп қол салып кіріспесе тәрбие жұмысы толық болмайды».
Әке тәрбиесі – баланың өмірлік бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды фактор. Әкенің сөзі мен ісі, мейірімі мен талапшылдығы баланың тұлға ретінде қалыптасуына негіз болады. Қазақ халқында «Әке көрген оқ жонар» деген мақал бар. Бұл сөз баласының өмірлік тәжірибесі мен құндылықтарды әкесінің үлгісі арқылы үйренетінін дәлелдейді. Әке атұстарына тек тәртіп пен жауапкершілік үйретіп қана қоймай, оған сүйіспеншілік пен мейірім көрсетуді де ұмытпауы тиіс. Осылайша, әке балаға өмірлік жолдама беріп, оның мықты, сенімді әрі рухани бай тұлға болып өсуіне ықпал етері анық.
Ал қазіргі кезде біз әке тәрбиесінің әлсіреуі туралы жиі ойлануға және оның зардаптарын ұғынуға мәжбүр болып отырмыз. Әке өміріндегі жұмысбастылық, отбасы құрылымындағы өзгерістер немесе әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың жетіспеушілігі жоғарыдағы сөзімізге дәлел. «Кез келген отбасындағы бала негізінен әкеге қарап өседі. Себебі бала үшін ең мықты, ең әділ, ең білімді адам, ол – әкесі. Ер бала әкесінің үйдегі, түздегі әр қылығын, істеген ісін қайталап жүріп есейеді. Қыз бала да бойжеткесін дәл өзінің әкесі секілді жігітке жолыққысы келетіні бар. Бұл әр отбасындағы әкенің рөлі қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек. Қазір, өкінішке қарай, біздің қоғамда толық емес отбасылар көбейді. Оған көп жағдайда әйелді кінәлап жатамыз. Бірақ таяқтың екі ұшы болатынын да ұмытпауымыз керек. Отбасындағы жауапкершілікті өз мойнына ала алмайтын жігіттерді де ақтауға болмайды. Қазір жастардың көбі құмарлықты ғашықтық деп ойлап отбасын құрады да, құмарлығы басылған соң ажырасып кетеді. Мұндай жағдайда екі ортада тірі жетім болып қалған балаға әке жауапты болу керек еді. Бірақ біздің жағдайда бұл керісінше. Әкелер бар жауапкершіліктен басын арашалап, баласынан безіп кете береді. Осыдан кейін тәрбиесі нашар, үлкенді тыңдамайтын, айтқанға көнбейтін балалар өсері анық. Себебі ол балада өзіне үлгі тұтатын, еліктейтін тұлға болған жоқ. Сондықтан әрбір әке өз міндетін, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін ұмытпау керек», дейді бес бала тәрбиелеп отырған ақын Олжас Сәндібек. Әкенің қолдауы мен үлгісі баланың өмірінде маңызды рөл атқарып, оны толыққанды өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастырады. «Әке – асқар тау» деген мақал баланың өмірінде әкенің маңызын айқын көрсетеді. Әке тек тәрбиеші ғана емес, баланың өмірлік ұстазы, жол көрсетушісі және тірегі. Әке тәрбиесінің күшеюі – болашақ ұрпақтың жарқын кепілі.
Жаңа технологиялардың бала тәрбиесіне әсері туралы айтпау да мүмкін емес. Қазіргі заман – жаңа технологиялардың дамып, күнделікті өмірімізге енуімен ерекшеленеді. Бала тәрбиесінде де бұл өзгерістер араласып кетті. Смартфондар, интернет, әлеуметтік желілер және білім беру платформалары тәрбие үдерісіне оң және теріс әсерін тигізіп жатқаны анық. Ендігі жерде біз технологияларды тәрбие құралы ретінде пайдаланып, балаға білім мен тәртіпті қатар сіңіре алатын қоғам мүшесінен болуға құлшыныс танытсақ игі еді. Технологияларды дұрыс қолдану арқылы біз баланы тек заман ағымына бейімдеп қана қоймай, оны толыққанды тұлға ретінде қалыптастыра аламыз. Ал бұл ретте де әкенің рөлі өте маңызды. Қорыта айтқанда, әке – әкелік, ана – аналық рөлін атқарса, бала босып қайда барар?