
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Ал іргесін кеңге салғаны дейтініміз, біздің өмірімізге енген жаңашылдықтың, жаңалықтың қай-қайсын да бұл газет жатырқаған жоқ. Мүмкіндігінше өзінің сипатына, келбетіне сай қабылдап, тағы да сол оқырманының назарына ұсынады.
ХХІ ғасыр есік қаққалы еңсемізді де тіктегеніміз есімізде. Сол тұстардан соң жаһанда қарыштап ілгерілеген жаңа технологияның көшіне еліміз де ат ізін сала түсті. Соңғы үлгідегі теледидар, смартфон, компьютер дегендердің игілігін бұқараның сезіне бастағаны сол жылдар еді. Интернет БАҚ-та ел өміріне ентелей еніп, екпіндете ақпарат таратты.
«Егемен» интернет басылымдарды бәсекелес санаған жоқ. Өйткені өзінің даңғыл жолы қалыптасқан, дара шабысына түскен. Қайта жұмыс ауқымын кеңейтіп, қазір тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан интернет-редакциясының іргетасын қалауға кірісіп кетті. 2005 жылы-ақ сол кездегі Ақпарат және коммуникация министрлігінің куәлігін алып үлгерді.
Ал қазіргі «egemen.kz» интернет-порталында газет бетінде 2010 жылдан бері жарық көрген материалдар, мақалалар, сұхбаттар, сараптамалар, жаңалықтар сақталған. Оларды кез келген уақытта оқырман ашып жіберіп, оқи алады.
Жыл өткен сайын әлгі интернет БАҚ мазмұнын жаңартып, формасын өзгертіп, көкжиегін кеңейтіп, көпшіліктің сұранысына сай сан түрлі шаруаны атқарды. Осынау игі үдерістен «Егеменнің» сайты да кенже қалмады. Заман талап еткен платформаға ауысып, ағылшын, орыс тілдерінде де ақпарат тарата бастады.
Ал біздің шеттегі қандастарымыздың дені – іргедегі Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар біздің кирил қаріптерін тани қоймайды. Олар негізін Байтұрсынұлы қалаған төте жазуды біледі. Олар атажұртының бас басылымын, басқа жаңалығын оқуға тиіс. Осыны ескерген «Егемен» сайты жаңалықтарын төте жазумен де таратуды қолға алды.
Осындай шаруалардың ешқайсысы нәтижесіз қалған емес. Бүгінде «egemen.kz» порталының оқырмандары әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Ең қызығы, біздің сайтты оқитындардың дені түу Америкада екен. Биылдыққа сайтымыз мұхиттың арғы бетінен 223 мың мәрте көрілген. Бұл көрсеткіш былтыр 135 мыңға жетіп жығылыпты.
Содан кейінгі орында Ресей, Моңғолия, Сингапур тұр. Бестікті Өзбекстан түйіндейді. «Егеменнің» интернеттегі оқырмандары Қытай, Норвегия, Швеция, Түркия, Ирландия, Германия, Болгарияда да бар екен. Аз деуге келмейді, мыңдап саналады.
Жалпы, біздің сайтты өткен жылы 3 миллион 800 мың адам 11 миллион 367 мың мәрте ашып, керегін тапса, осы жылдың басынан бері оқырмандарымыз 8 миллион мәрте порталымызға еніп, жаңалықтарымызды шолыпты.
Қазіргі таңда интернет-сайттармен бірге, әлеуметтік желілер де қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Оқырман қолындағы смартфон арқылы желіге еніп, өзін қызықтырған сайттардың жаңалығымен әп-сәтте танысып жатады. «Егеменнің» интернет-редакциясының ұжымы бұл үрдісті де қолға алып, Instagram, Facebook, Telegram, X, YouTube желілерінен парақшаларын ашты. Бүгінде бұлардың әрқайсында 4 мыңнан 31 мыңға дейін оқырманымыз бар. Олар әр күн сайын, сағат сайын ел өмірінің соңғы хабарларымен дер кезінде танысып отырады.
Біз әлі де интернеттегі оқырмандарымыздың қатары қалыңдай беретініне сенімдіміз.