Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2024

Қуанышы тасыған Қарқара

65 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарихы терең қасиетті Қарқара ауылында қосқабатты мәдениет үйі пайдалануға беріліп, ел қуанышы еселенді. Ауылдың орталық көшесінің бо­йынан ойып орын алған ғимараттың сырт келбеті көз тоярлық. Ал табалдырығын аттап ішке кірген адамның рухы асқақтап, жан дүниесіне мәдениеттің сәулесі себезгілейді.

Қуанышы тасыған Қарқара

Киелі өлкеде Қа­зақ­­­станның ең­бек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, актер Нұр­қанат Жақыпбай, «Құрмет» орденінің иеге­рі, жазушы Жақып­жан Нұрғожаев, Қа­зақ­­­­станның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр­ актері Омар Қиқым, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Ермұрат Үсенов, философия ғылымдарының докторы, профессор Света Бердібаева, Қазақ журналистикасының қайраткері Сағатбек Медеу­бекұлы, басқа да есімі елге танымал ақындар мен қаламы қарымды журналистердің кіндігі кесілгенін ескерсек, бұлардың қатары әлі талай дарындармен толыға түсері анық.

Ауыл тұрғындары көп­тен күткен нысанның ашылуына Алматы облы­сы­ның Мәде­ниет, архивтер және құжат­та­ма басқар­ма­­сының басшысы Данияр Әлиев, облыстық дене шынықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Ерболат Сарабекұлы, жазушы Ақсәуле Әбдіхалыққызы, әдебиет сыншысы Бағашар Тұрсынбайұлы, қарқа­ралық өнер майталмандары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

«Шалғай ауылдардың ішкі түйінді мәселелерін орнымен шешіп отыру – мемлекетіміздің басты назарында. Облыс әкімі Марат Елеусізұлының қолдауымен ауданның мәдениет саласына тың серпін берілді. Өңірдегі Жалағаш, Бөлексаз, Жылысай ауылдарында заманауи мәдениет үйлері салынды. Қарабұлақ Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сонымен қатар 157 млн теңгеге мәдениет ошақ­тары жылжымалы сахна, дыбыс күшейткіш құрал­дар­мен, сахналық киім­дермен толықты. Жарқын жобалардың жүзеге асуы – ең алдымен, еліміздің өркен­деп өсуімен қатар, жаста­рымыздың денсаулы­ғын ны­ғайтуға, мәдениет пен өнер­­­дің кеңінен таралуына ық­­­пал етері сөзсіз», деді аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Жаңадан ашылған мәдени нысан ауыл халқының бос уақытын тиімді пайдалануына, түрлі тақырыпта мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Спортзалмен бірік­тірілген мәдениет үйі заманауи­ құ­рыл­ғылармен толықтай жаб­­дықталған. Тіптен, лифт те іске қосылған. Мұнда мыңға тарта кітап қоры бар кітапхана мен өнер үйірмелері жұмыс істейтін болады.

«Киелі Кеген ауданының көз сүйсінтер табиғаты мен сыр тұнған тарихын таспалап, ауданның фотошежіресін жасау­дамыз. Оны алдағы уа­қытта табыстаймыз. Келе­шекте осы ғимаратта фотограф болуға ниетті балалар болса, 2-3 күндік дәріс өткізіп, тәжірибеммен бөлісу­ге дайынмын. Мұндай өнер ошағы бос тұрмай, ауыл балаларының талантын ашып, талабын ұштауға қызмет етуі керек», деді тұрғындарды қуанышымен құттықтаған республикалық «Фотоөнер» қо­ғамдық бірлестігінің төра­ғасы, кәсіби фотограф Асылхан Әбдырайымұлы.

Салтанатты іс-шара барысында туған ауылының ажарын ашып, көркін кіргізген мәдениет үйінің салынуына атсалысқан азаматтарға осы ауылдан түлеп ұшқан өнер қайраткерлері Нұрқанат Жақыпбай мен Сағатбек Медеубекұлы жүрекжарды алғысын жеткізді.

Бұдан кейін кең сарайдай мәдениет үйінің алқызыл лентасы қиылып, кимешек киген әжелер шашу шашты. Ауыл халқы алғаш рет жайлы да жұмсақ орындыққа жайғасып, аудандық көркемөнерпаздар ансамбілінің концерттік бағдарламасын тамашалады.

Сондай-ақ бұл күні спорт­залмен біріктіріліп салын­­ған ғимаратта аудан волей­бол­шыларының ақтық ойыны өтіп, жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен мара­пат­талды. Осылайша өнер­паздар мен спортшылар қатар өнер көрсетті. Мәдениет үйі алдағы уақытта жарқын істер мен жетістіктердің жылы ұясына айналмақ.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше