Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Кәсіпорын жұмысына оң баға берді
Президент әуелі Қостанайдың индустриялық аймағында орналасқан «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытына барды. Мемлекет басшысы мұндағы жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшек өндірісімен танысты. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовойдың айтуынша, зауыт жылына 45 мың тонна шойын құймасын шығарады. Құны 78,2 млрд теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылған.
Кәсіпорын басшысы Президентке жобаны жүзеге асыруға Қазақстан инженерлері мен технологтері атсалысып жатқанын баяндады. Зауытқа әлемдік деңгейдегі тәжірибелі инжиниринг компанияларының сарапшылары мен еуропалық машина жасаушылар да тартылған.
Президентке шойын қорыту, оны қалыпқа құю, сондай-ақ өңдеу секілді жұмыстардың толық үдерісі көрсетілді. Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға әсері аз. Қазір мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды.
Мемлекет басшысы озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорынға оң баға берді. Бұдан соң зауытта еңбек ететін отандық жас инженерлермен әңгімелесті.
«Бүгінде біз жұмысшы мамандарды қолдап жатырмыз. Ол жөнінде Жолдауымда да айттым. Келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияладық. Еңбек қашанда құнды. Бұл жерде кіл жастар жұмыс істейді екен. Біз ірі және шағын кәсіпорындарда қызмет ететін мамандарды, әсіресе жастарды міндетті түрде қолдаймыз. Елімізде еңбек өтілі 100, 200 жылды құрайтын, тіпті одан да асатын жұмысшы әулеттер баршылық. Біз мұндай отбасыларға, әулеттерге қашанда құрмет көрсетеміз. Сіздер секілді жастардың өмір жолы енді басталып жатыр. Еліміздің дамуына зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа өндірілген цилиндрлер блогіне қолтаңба қалдырып, жоба қатысушыларына отандық машина жасау кластерін дамытуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына өңірге инвестиция тарту мәселесі жөнінде, атап айтқанда, индустриялық сектордағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, металлургия, машина жасау және логистика салаларындағы жаңа жобалар туралы баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, аталған жобаларды іске асыру барысында жалпы өңірлік өнім көлемі екі есе өсіп, жыл сайынғы бюджет түсімі 75 млрд теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ орташа жалақы мөлшері 1,5 есе артып, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Автоөнеркәсіп саласының әлеуеті жоғары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы «KIA» автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды. Зауыт құрылысы былтыр қазан айында басталған. Жоспарға сәйкес конвейерден алғашқы көлік сынақ режімінде келесі жылдың шілде айында шығарылады.
«KIA» Qazaqstan» бас директоры Ким Дэ Ки Президентке аталған зауыттың 2025 жылдың қазан айында іске қосылатынын айтты. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде «Sorento» моделін шығаруды жоспарлап отыр. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған «Sportage» моделі құрастырылады.
Президентке «KIA» зауыты жылына 70 мыңға жуық автокөлік шығара алатыны жөнінде мәлімет берілді. Кәсіпорында жаңадан 1 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мұнда өндірістің тиімділігін арттыруға әрі экологиялық тұрғыдан зиянсыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер қолданылады. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу және құрастыру жұмыстарына 70 робот пайдаланылады. Жобаның құны 200 млн долларды құрайды, оның 80 пайызға жуығы – тікелей шетелдік инвестиция үлесінде.
Сонымен қатар Президентке жаңа зауыттың жанынан қосалқы бөлшектер өндірісінің кластерін құру жобасы таныстырылды. Қазір мұнда «Локализация орталығы» салынып жатыр. Ал «KIA» компаниясы Локализациялық орталыққа автокөлік компоненттері мен қосалқы бөлшектерді өндіруші жаһандық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«КСС Corporation» компаниясы автокөлік компоненттері бөлімінің басқарушысы Пак Сэйон мен «Seoyon Ehwa Global» компаниясы жаһандық бизнесті басқару тобының жетекшісі Чанг Сэоквон Оңтүстік Кореяның өндірушілері Қазақстанда өз өндірісін ашуға әзір екенін айтты.
Мемлекет басшысы одан кейін «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығын аралап көрді. Кәсіпорын доңғалақты ауылшаруашылық техникалары мен жалпы машина жасау саласы үшін қосалқы бөлшектер шығарады. Бүгінде мұнда 700 адам еңбек етеді. Зауыт жылына 250 мыңға жуық бөлшек өндіреді. Жыл басынан бері зауыттан 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған.
Кәсіпорын басшысы Президентке Локализация орталығының «Claas» тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін дайындауға тапсырыс алғаны жөнінде баяндады. Бұған қоса жуырда аспалы және тіркемелі техникаларды өндіруде әлемде үздік саналатын «Amazone» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған. Биыл зауытта дән себу және бүрку қондырғыларының өндірісі де іске қосылмақ.
Мемлекет басшысына орталық қазіргі уақытта «KIA» компаниясымен бірлесіп, 2025 жылы іске қосылатын жаңа зауыттың құрамдас бөліктеріне арналған жабдықтарды шығару жұмыстарын бастағаны туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Зауыт жұмысшылары Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын зор ықыласпен тыңдағанын, әсіресе жұмысшы мамандардың беделі арта түсетініне ерекше қуанғанын жеткізді. Мемлекет басшысы жұмысшыларға өндірістегі жергілікті үлесті арттыру, білікті мамандар даярлау және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қажет екенін айтты.
«Елімізде тозығы жеткен техникалар өте көп. Кейбір мамандардың айтуынша, ол 80 пайызға дейін жеткен. Қазақстанда шығарылған техниканың есебінен барлық паркті жаңартатын уақыт келді. Қазір колледждерде жұмысшы мамандықтар бойынша білім алған жастардың өндіріске келгені қуантады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде зауыт еңбеккерлері машина жасаушылардың атынан Президентке жұмысшы мамандарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Фермерлерді қолдау жалғасады
Мемлекет басшысы Қостанай ауданының Майкөл ауылдық округіндегі «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берді.
Құмар Ақсақаловтың баяндауынша, биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Элиталық тұқымның үлесі мен минералды тыңайтқыштарды себу көлемін ұлғайту, сондай-ақ машина-трактор паркін жаңарту арқылы егін шаруашылығы өнімділігін арттыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына өңірде мал және құс шаруашылығы салаларын дамыту туралы баяндалды. Атап айтқанда, алдағы үш жылда 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тартылады. Мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынады. Аталған жобалар есебінен облыстағы сүт және ет өндіру көлемі 1,4 есе, ал құс еті өндірісі 5 есе көбейеді. Бұған қоса бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде үш жыл ішінде терең өңделетін өнімдердің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған.
Президент «Надеждинка» ЖШС-ның егіс алқабын аралап көріп, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен әңгімелесті.
Мемлекет басшысы егінді уақтылы жинап алу, еңбек өнімділігін арттыру және аграрлық салаға жаңа технологиялар енгізу, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатқа сай пайдалану маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет отандық фермерлерді қолдауды жалғастыратынын және табысты жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсететінін жеткізді.
Дарынды балалармен жүздесті
Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында Қостанай қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді. «Юбилейный» шағын ауданында орналасқан спорт нысаны таяуда ғана пайдалануға берілген. Мұнда жергілікті тұрғындар спорттың шағын футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі сияқты түрлерімен емін-еркін айналыса алады. Сондай-ақ орталықта жаттығу және хореография залдары жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар жандарға тиісті жағдай жасалған.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев Президентке облыс орталығында бұқаралық спортты дамыту шаралары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, қала тұрғындарына денешынықтыру нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылады.
Мемлекет басшысы кешендегі залдарды аралап көріп, жергілікті тұрғындармен және жас спортшылармен әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласындағы балаларға арналған «IQostanay smart» орталығының қызметімен танысты. Қазіргі уақытта мұнда екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алады. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін 24 үйірме жұмыс істейді. Оқушылар сарайында жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, жаңартылатын энергия көздері, химия және физика-техникалық зертханалары, сондай-ақ мәжіліс, оқу және хореография залдары бар. Орталықтағы робот техникасы, инженерия және авиамодельдеу үйірмелеріне қатысатын балалар Президентке өз жобаларын таныстырып, виртуалды зертханада тәжірибе жасап көрсетті.
«Болашақта өз білім-біліктеріңізді іске асыруға мол мүмкіндік бар деп ойлаймын. Өйткені мұның бәрі қазіргі заманда, экономикада және басқа да салаларда сұранысқа ие. Біз уақыт талабына сай технологияны меңгерген ұлтқа айналуымыз қажет. Елімізге отандық технологияны дамытатын сіздер секілді азаматтар керек», деді Мемлекет басшысы.
Оқушылар Президентке техникалық мамандықтарға арналған білім гранттарын көбейткені үшін алғыс айтты.
Қостанай облысы