фото: dzen.ru
Бірақ Мұрат бұған мән бермеді. Бір жертөлені жалға алып, сол жерден шағын азық-түлік қоймасын жасап алды. Сол үшін қаншама қағаз жинады, кірмеген есігі қалмады. «Рұқсат алу» деген аспандағы айды қолға түсірумен бірдей еді. Кейін мемлекеттің тікелей қамқорлығымен кәсіпкерлікке көптеген жеңілдік жасалды. Ал алғашқы кездерде... «Енді бәрі реттелді» деп жұмысқа кірісе бастағанда, таусылып болмайтын «тексерушілер» бірінен соң бірі жетіп келіп, әбден титықтатып жіберетін. Қазір соның бәрі көрген түс тәрізді. Айтуға оңай, әрине. Сауда жасау үшін азық-түліктің өзі де таптыра бермейтін. Қолына іліккенін сәл-пәл үстеме қосып, базарға шығарып сатады. Кейде сонысы өзін-өзі ақтамай да қалады. Бірақ Мұрат бұған еш қысылмайтын. «Бүгін бермесе, Құдай ертең береді» деп өз-өзін шыдамдылыққа шақырып, барды қанағат тұтатын.
Әнуарбек есейе келе әкесінен осындай әңгімелерді естігенде сенер-сенбесін білмеді. Ол, әрине, әкесі кәсіпкерлікті аяғынан нық тұрғызған кезде оң-солын тани бастады ғой. Тіпті сол кездің өзінде де әкесінің күндіз-түні тынымсыз тірлігін көріп өсті. «Тер төкпесең ісіңде мән болмайды» деп отыратын әке сөзі бұған өмірлік өсиет іспетті болып, жадында жатталып қалды.
Осыдан бес жыл бұрын әкесін мәңгілік сапарға атандырып салды. Кәсіпкерліктің бар салмағы өзінің иығына түскенін түсінді. Әке ісін алға жетелеу – міндет. Өйткені науқасы меңдеп жатқанда әкесінің «Балам, ендігі шаруаның бәрі өзіңе қалатын түрі бар. Еңбектенуден шаршама, сосын қолыңнан келгенінше қайырымдылық жасаудан қашқақтама» деген екі сөзін есінен шығарғысы жоқ.
«Сенің әкең кәсіпкерлікті бастағанда әрі шопыр, әрі жүкші, әрі құрылысшы, әрі сатушы болып жүретін. Еңбекқорлығына қайран қалатынбыз. Саған Мұраттың сол қасиеттері жұққан екен». Әкесінің достары мұның істеріне сүйсінісін осылайша білдіріп жатады.
Әнуарбек Әлсейітов әкесінің көзі іспетті «Ақтоты» азық-түлік дүкенінің аясын кеңейтіп, азық-түлікті халыққа неғұрлым қолжетімді бағамен ұсынып келеді. Әрине, бұл өздігінен бола қалмайды, тынымсыз ізденіс керек. Мысалы, ол өнімдері елімізге кеңінен танымал «Сұлтан» компаниясымен келісімшартқа отырды. Компанияның барлық макарон өнімдерін тікелей алады, дүкенінде сатады. Сондай-ақ компанияның Ұлытау жеріндегі дистрибьютері ретінде де қызмет көрсетіп келеді. Ұлытау облысы құрылғаннан кейін «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ құрылды. Әнуарбек бұл компаниямен де бірден бірлесіп жұмыс істей бастады. Яғни «Ақтоты» арқылы тұрақтандыру қорының өнімдерін арзан бағада халыққа ұсынып отыр. Жезқазған халқының «Ақтоты» дүкенін арзан дүкендердің бірі ретінде санайтыны сондықтан болса керек.
Ә.Әлсейітов – жай ғана кәсіпкер емес, қоғамдық жұмыстарға да белсенділікпен атсалыса білетін азаматтардың бірі. Ол – Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты.
«Кәсіпкерлік – заман ағымы, уақыт талабы. Ең бастысы – халықтың қалтасына ауырлық түсірмейтін жол іздеу, мінсіз қызмет көрсету. Депутат ретіндегі міндетім де солай. Бір-біріне қайшылығы жоқ», дейді жас кәсіпкер.
Жезқазған