Қоғам • 02 Шілде, 2024

Қордаланған мәселе шешімін тапты

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Агломерация есебінен Алма­тыға қосылып жатқан жаңа елді мекендерге қоса ауыз су мәселесі байырғы шағын аудандардан да табылып жататындығын ескерсек, алматылықтар үшін «Балқаш» резервуарының іске қосылуы айтарлықтай оңды оқиға болып отыр. Өйткені бұл көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жағдай болатын.

Қордаланған мәселе шешімін тапты

Осылайша, қала әкімінің ті­ке­лей қадағалауымен са­лынған «Балқаш» таза су жи­нақ­тағышы пайдалануға берілгеннен кейін, Каменск үстірті шағын ауданы қордаланған, көпжылдық мәселеден құтылды.

Каменск үстірті шағын ауданында 8 мыңдай адам қоныс тепсе, ал Мал­ковтар отбасы мұнда бірнеше жылдан бері тұрады. Татьяна Малкова су тап­шылығы, әсіресе жазда қатты білі­нетіндігін айта келе: «Біздің алапта халықтың саны өскен сайын, су қысымы әлсіреп, су тапшылығы байқала бастады. Көршілердің көпшілігі бақшасын суаратындықтан, су жетпей қалушы еді. Амал жоқтықтан тау суын пайдаланып, кейде су таситын көліктердің қызметіне жүгініп қалушы едік. Бірақ екі жыл бұрын әкімдік жаңа су жинақтағыш құ­рылысының арқасында үздіксіз сумен жабдықталады деп уәде берген болатын. Нысан уәде үдесінен шығып, тез салынды. Жаңа су жинақтағыштың қысымы өте жоғары, бұған өте қуаныштымыз», дейді.

Каменск үстіртінің тұрғыны Виталий Замараев сумен жабдықтау берілген сәттен бастап мәселенің шешілгенін баяндай отырып: «Бұрын бізде суық сумен қамтамасыз етуде үлкен мәселе болды. Енді су түнде де өшпейді, күндіз су үне­мі болады. Барлық тұрғындардың қуа­ныштарында шек жоқ, дән риза. Бәрімізде жеке, жер үй болғандықтан, су қажеттілігі басым, бақша суарамыз, басқа да шаруашылық жұмыстарға су керек. Қордаланған мәселе шешімін тапқаны үшін қуанып, қазір көңіліміз орнына түсіп, алаңсыз өмір сүріп жатырмыз», дейді.

Осы алаптағы тұрғындардың бірі Лаура Құрманғалиева да: «Осының ал­дындағы кездесуде Алматы әкімі бізге, Ладушкин көшесінде тұратын тұр­ғындарға орталық сумен жабдықтауды жүр­гізуге уәде берген. Ладушкин кө­ше­сінің барлық тұрғынының атынан орындалған уәдеге ризашылығымызды білдіреміз, қазір бізге су келді. Судың қысымы жақсы, енді ешқандай мәселе жоқ», дейді қуанышымен бөлісіп.

Тақырыпқа орайлас Медеу ауда­нының жоғарғы жағын сумен жабдықтау жерүсті көздерінің әсер ету аймағында орналасқанын, бұған дейін бұл аумақ Алматы облысы Талғар ауданының құра­мында болғанын еске сала кеткен жөн. Бұл аумақ 2013-2014 жылдары ғана Алматы қаласының Медеу ауданына қосылды. Содан бері осы шағын ауданның тұрғындарын сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып келген.

Ал 2022 жылы ұңғымалардағы су деңгейінің 2,5 есе – 150-ден 60 текше метрге дейін төмендеуіне байланысты жағ­дай шиеленісіп кеткенін айту керек. Осыдан кейін қала әкімі тұрғындарды жерасты сумен жабдықтау көздеріне қосу бойынша алғашқы ауқымды жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған еді.

Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың мамырында басталып, 6,9 мың текше метрге 5 резервуар, тәулігіне 7,3 мың текше метрге 3 ұңғыма салынды, 6,1 км жаңа ма­гистралдық желі салынды. Сондай-ақ қол­даныстағы 8 ұңғыма қайта жа­ңар­тылып, жабдықтары ауыстырылды.

Қосымша құрылыс жұмыстары аяқ­талғаннан кейін Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарына кезең-кезеңімен су беріледі. Соның нәтижесінде төрт шағын ауданның 20 мың тұрғыны тұрақты сумен қам­тамасыз етіледі.

Алайда Алматыда борышкерлердің пәтеріндегі ыстық суы өшірілетіндігіне тоқтала кетейік. Жылыту маусымы аяқ­талғандықтан, «АлЖЖ» ЖШС жылу қарызын төлемегендердің ыстық суын өшіруге кірісті.

Қазірдің өзінде пайдаланылған ыс­тық су мен жылыту үшін жалпы берешек шамамен 2,1 млрд теңгеге жетті.

АЛМАТЫ