Таным • 28 Маусым, 2024

«Бір» пәлсапасы

175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүниеде қанша сан бар? Әгәраки, «1, 2, 3...» деп кете берсеңіз, әйгілі философ, математик Жүсіп әл Кинди сізді теріске шығарады. Ол өзінің «сан үйлесімі» трактатында «бір» ғана сан болып есептелетінін, ал қалғаны реттіліктер екенін жазады.

«Бір» пәлсапасы

Кинди «бір» санын «бір» арқылы біріккен ма­те­риал­мен шатастырмау керек екенін, басқаша айтқанда, біз санай алатын нәрсемен шатас­тырып алмауды есімізге салады. Материалды заттар класы «сандардан емес, саналатын заттардан тұрады» (маʿдудат лә ʿадад). Мәселен, біз «бес жылқы» деген кезде жылқылар бес санымен саналады, бірақ бұл – материясыз сан, материя жылқыларда ғана болады» дейді ғалым. Бұдан біз нені ұғамыз? «Бірден» өзге сандардың бәрі жоқ­тық санатында. Жалпақ әлемнің бәрі жалғыз «бірді» құрайды. Кинди бірдің жаһандық қозғалыстың өзі емес, бастауы дейді. Болмыс «Бір» болуын доғарса, әлемнің «Бар» деген сипаты да жоғалады. Демек біз барлығымыз «Бірдің» ішінде, «Бір» де біздің ішімізде деген сөз.

Хәкім Абай да «единица болмаса, не болады өңкей нөл» деп жа­зады. Асылында «Бірді» абсолютті ақиқат деп есептейтін бол­сақ, оған тіркелген кез келген «сан» оның сипатын тек қана аша түседі. Ортағасырлық діни мінә­жаттарда Жаратушыны «бір уә бар» деп ұлықтайтын мезеттер жиі кездеседі.

Расында, барлығымыз бір-ақ болмысты құраймыз. Осыдан ба­уырластық пен жалпы адамзаттық ортақ рух идеясы келіп шығады. Жер-жаһандағы татулықтың кілті де осы болмақ.