Қоғам • 27 Маусым, 2024

«Парасат» байқауының жеңімпаздары

39 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Парламент Сенатында журналистер арасындағы «Парасат» байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев әр аталым бойынша үздік шыққан жеңімпаздарды құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде табыстады.

«Парасат» байқауының жеңімпаздары

Мәулен Әшімбаев журналис­тер қауымын құттықтай келе, бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстан құру бағдарын іске асыруға белсенді қатысып келе жатқан маңызды институттардың бірі екенін айтты. Сенат cпикері журналистердің парламенттік пулы заң шығарушы орган мен қоғамды байланыстыратынын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол елімізде болып жатқан оқиғалар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалар, сенаторлардың жұмысы және заңнамалық өзгерістер мен қабылданған шешімдер жайында ақпарат таратып, олардың маңызын халыққа дәйекті түрде жеткізіп жүрген тілшілер қауымы мемлекеттің дамуына үлкен үлес қосып отырғанына тоқталды.

– Соңғы жылдары елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстан құру жолында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл – барша отандастардың алдында тұрған маңызды міндет. Осыған байланысты кешенді саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар іске асырылып келеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, идеология бағытында да маңызды қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы саладағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді. Сол қағидаттарды және ат­қа­рылып жатқан жұмыстар мен қабылданған заңдарды халық­қа жеткізіп, олардың мәнін түсін­діруде бұқаралық ақпарат құрал­дары қызметкерлерінің еңбегі айрықша, – деді М.Әшімбаев.

Сенат жұмысындағы басым бағыттардың бірі – өңірлердің дамуына ықпал ету. Сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдармен бірлесіп өзекті проб­лемаларды шешу. Осы орайда М.Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарының болған оқиғаны жедел әрі объективті жариялауы, сенаторлардың депутаттық сауалдары бойынша сюжеттері мен мақалалары, тұрақты комитеттердің қызметі мен қабылданып жатқан заңдары туралы талдамалық материалдары аса маңызды екенін баса айтты. Сондықтан сенаторлар БАҚ өкілдерімен байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

– Парламент осы сессияда 100-ге жуық заң қабылдады. Барлық заң халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, елімізді одан әрі дамытуға және азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға арналған. Осы ретте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қор­ғауға, қоғамдық бақылауды арт­тыруға және мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге арналған заңдарды ерекше атап өткен жөн.

Маңызды нормалардың қатарында «Масс-медиа туралы» заң да бар. Бұл құжат масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Заң шығару қызметімен қатар Сенат маңызды мәселелерге арналған Үкімет сағаттары, Парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер және халықаралық іс-шаралар өткізді. Сенаторлардың өңірлерге сапарын да айрықша атап өткен жөн. Осы жұмыстың бәріне өздеріңіз де қатысып, олардың маңызын халыққа жеткізіп келе­сіздер. Сенат әрдайым бұқара­лық ақпарат құралдарымен тығыз бай­ланыста жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы байланыс одан әрі артады деп сенемін, – деп, М.Әшімбаев мереке қарсаңында БАҚ өкілдеріне зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тіледі.

Биыл «Парасат» байқауына қатысуға телеарналар, радио, газет, ақпарат порталдары және басқа да медиадан еліміз бойынша барлығы 120-ға жуық жұмыс түскен. «Мерзімді баспасөздегі үздік материал» аталымы бойынша «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Ескендір Зұлқарнай топ жарды. Салтанатты іс-шарада журналис­тер атынан сөз алған Ескендір Зұлқарнай Сенат пен мас-мадиа өкілдері арасында ашық та сындарлы байланыс орнағанын айтып, пікірін білдірді.

– Бас қосып отырған киелі шаңырақтың ел өміріндегі орны ерекше. Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасы мен бастамасына заң жүзінде қолдау білдіріп, оның іске асуына, ел өміріне енуіне Сенат депутаттарының қосып жатқан үлесі орасан. Масс-медиа өкілі ретінде айтарым, Сенат төрағасы мен депутаттары журналистер қауымы үшін әрдайым ашық. Біз кез келген уақытта пікір немесе сұхбат алу үшін сенаторларға қоңырау шалғанда, олар әрдайым бізге қолдау білдіріп, сұрақтарымыз­ға жауап береді. Жоғарғы пала­таның баспасөз қызметінің де журналистермен жүйелі жұмыс жүргізетінін атап өткім келеді, – деді ол.

Сондай-ақ осы аталымда «Наш Костанай» газетінің тілшісі Екатерина Байняшева мен «Aiqyn» газеті­нің ұжымы үздік танылды.

«Үздік телевизиялық материал» аталымын «24kz» телеар­на­сы­ның Солтүстік Қазақстан об­лысын­дағы меншікті тілшісі Айдарбек Балғабеков, «Atameken Business» телеар­насының тілшісі Фа­риза Болатбек жеңіп алды.

«Интер­нет-басылымдағы үздік жарияла­нымда» «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі­нің тілшісі Руслан Ғаббасов пен «Informburo.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Әйгерім Умматтың мерейі үстем болды.

«Әлеуметтік желілердегі үздік жазба» аталымын «Jaqsy Bolady» Youtube-арнасының автор-жүргізушісі Болат Бұхарбай, «Abay Live» Youtube-арнасының автор-жүргізушісі Абай Тіленшиев, «Другие места» блогінің авторы Ренат Ташкинбаев иеленді.

«Үздік радиоматериал» жүл­десі «Қазақ радиосының» тілшісі Алмас Байдрахмановқа берілді. Жылдың арнайы сый­лығы – «Үздік аналитикалық материал» бойынша «Qazaqstan» ұлт­тық телеарнасының тіл­шісі Аман­­гелді Сейітхан, «Tengrinews.kz» ақпараттық интернет-пор­талы­ның тілшісі Аружан Дәрібай, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Лаура Түсіпбекова танылды.